Күрес: Сенім ақталса игі
27-31 қазан аралығында Албания астанасы Тирана қаласында күрес түрлерінен ересектер арасында әлем чемпионаты өтеді. Жаһандық додада балуандар грек-рим, еркін күрестен, әйелдер күресінен бақ сынайды.
Біріккен күрес әлемі (UWW) жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасына енбеген салмақ дәрежелерінен төрт жылдық додасы өткеннен кейін әлем чемпионатын ұйымдастыру жобасын іске қосты. Бұл – 2016 жылдан бері Олимпиада бағдарламасына енбеген салмақ дәрежесіндегі балуандарға аламан ұйымдастырудың қамынан туған байлам. Алғаш рет 2016 жылы Мажарстанның астанасы Будапештте өткенде Нұрлан Бекжанов 70 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды. Финалдық белдесуде жерлесіміз ресейлік Магомед Құрбанәлиевке есе жіберді. Әйелдер сынында Айым Әбілдина 55 кг салмақта белдесіп, қола медальмен оралды. 8/1 финалдық сында поляк қызы Роксана Марта Засинаны 6:1 есебімен ығыстырды, ширек финалда украиналық Татьяна Китті қапы қалдырған. Бірақ жартылай финалда жапон балуаны Маю Мукайдаға есе жіберді. Ал қола медальға белдесуде мажарлық Рамона Галамбосты айқын ұтты. Айым оған дейін де әлем чемпионатына төрт мәрте қатысып, жүлдесіз қайтқан еді.
Бұл жолғы әлемдік додаға 55 кг салмақта Зульфия Яхьяроваға сенім артуды жөн санапты бапкерлер. Айым бүгінде балуандық мансабын доғарып, бапкерлікке ойысып, шәкірт тәрбиелеп жүр. Зульфияның да есім-сойы жанкүйерге етене таныс. Әсіресе жасөспірім шағында, жастар қатарына қосылғанда жарқырап көрінді. 2009 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғанда мамандар талантты қыздың келешегіне орасан үміт артты. 20 жасында Азия чемпионы атанған балуанның бұл соңғы додасы болуы бек мүмкін. 35 жасқа толған балуанды ығыстыратын жастардың шоғыры қалың. Биыл жазда Қырғызстанда өткен Азия чемпионатының қола жүлдесіне белдесуде өзінен 15 жас кіші қырғыз балуанына есе жіберді.
Диана Қайымоваға бұл – алғашқы ұлы аламан. Оның спорттық мансабындағы әзірге шыққан биігі – Азия чемпионатының қола медалі. Жастардан ересектер сапына өткен балуанға бапкерлер зор үміт артып, әлем чемпионатында 59 кг салмақта белдестірмек.
65 кг салмақ дәрежесінде Ирина Казюлинаға сенім артылмақ. Азия чемпионатының қола жүлдегерінің тәжірибесі мол. Ғаламдық додаларға қатысып, ысылған балуан Албаниядан абыроймен оралуға сөз беріп отыр.
72 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының үш дүркін (2 күміс, 1 қола) жүлдегері Жәмила Бақбергенова Тирана төрінде бақ сынайды. Олимпиада бағдарламасына енбейтін салмақ дәрежесі 72 килода әлем чемпионы атануға сынық сүйем қалғанда сүрінді. 2021 жылы ғаламдық доданың финалдық сынына дейінгі қарсыластарын айқын ұтып, әлем чемпионы атағына белдесуде жапон қызы Масако Фуруичиге есе жіберді. 2022 жылы да әлем чемпионатының финалдық айқасына жетіп, америкалық Амит Элорға жол беріп, жеңісті уыстан сусытып алды. Былтыр Сербияда өткен әлем чемпионатының жартылай финалында моңғол балуанынан аса алмады. Қола медаль алу жолындағы тартыста поляк қызын жеңді. Қазақ қыздары арасынан алғаш болып Жәмила әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері атанды. Азия чемпионатында үш мәрте топ жарды, сондай-ақ 1 күміс, 1 қола медалін де еншіледі. «Менің арманым – қыздары арасынан алғаш болып әлем чемпионы атану. Биыл Париж жазғы Олимпиадасына қатысуға барымды салдым. Лицензиялық турнирде жолдама бұйырмады. Қандай болсын жетістіктің артында қыруар еңбек, өлшеусіз төгілген қажыр-қайрат жатыр. Бапкерлер биыл да 72 кг салмақта маған сенім артты, барымды саламын», деді Жәмила Бақбергенова.
Еркін күрестен 61 кг салмақта жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Асыл Айтақынға сенім артылмақ. Биыл ересектер додасында да ол өзінің әлеуетін байқатып, қарымды екенін әйгіледі. Бішкекте өткен құрлық біріншілігінің финалында қырғыз Тайырбек Жұмашбекұлына есе жіберіп, күміс медаль иеленді. Олимпиадалық бағдарламаға енбейтін салмақта тұрақтаған Асылдың да мақсаты – әлем чемпионы атану. «Жазғы Олимпия ойындарына қатыспаған балуандардың көпшілігі Албанияны бетке алатыны анық. Тіпті Токио Олимпиадасының чемпионы, әлем біріншілігінің жеңімпазы ресей-лік Заур Угуев те қатысуы мүмкін деген болжам айтылды. АҚШ-тан да таңдаулы балуан Виталий Оруджаев келуі мүмкін. Былтыр өткен әлем чемпионатында осы Оруджаев финалда әлем чемпионы ресейлік Абасгаджи Магомедовті ұтты. Сондықтан әлемдік додаға осал балуандар бармайды. Біздің де қаншалықты шыңдалғанымыз таразыға тартылатын сәт – Тирана боз кілемі. Сондықтан аянып қалмаймыз», деген Асыл Айтақын бапкерлер сенімін ақтауға ұмтылатынын жеткізді.
70 кг салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпанов белдеседі. Бұл балуан Олимпиада бағдарламасына енген 74 кг салмақ дәрежесінде де бағын сынап көрген. Тіпті биылғы Париж жазғы Олимпия ойындарының лицензиялық турниріне де қатысып, жолдама олжалай алмаған соң, өзінің үйреншікті салмағына қайта ойысты.
79 кг салмақта Дәулет Ергеш күреске түседі. Екі жыл бұрын жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының финалдық сынында сүрініп, күміс медальды місе тұтқан Дәулеттің жолынан жүлде күтетіндердің де шоғыры қалың.
92 кг салмақта Нұрдәулет Бекенов әлем чемпионатына қатысады. Жастар арасында жарқырап көрінген балуанның өзін әйгілейтін мезеті Албанияда тумақ.
Грек-рим күресінен балуандар әлемдік додада 55, 63, 72, 82 кг салмақ дәрежесінде белдеседі. Юрий Мельниченко бастаған бапкерлік құрам кімдердің қатысатынын әлі жариялаған жоқ.
Дзюдо: Жастардың жанатын сәті
Қазан айында еліміздің спортшылары дзюдо күресінен де маңызды додаға қатысады. Алдымен жастар Тәжікстан астанасы Душанбеде әлем чемпионатының жүлдесіне белдесуге түседі. 2-6 қазан аралығында өтетін жаһандық додаға 68 елден 541 балуан қатысады деп жоспарланып отыр.
60 кг салмақта Талғат Орынбасар, Алдияр Қарғұлов, 66 кг – Ақылжан Жұбатқанов, Мағжан Әлжанов, 73 кг – Әділет Алмат, 81 кг – Азат Күмісбай, Досбол Балғабай, 90 кг – Асқар Біржанов, +100 кг – Жантілек Нұртілекұлы, аралас командалық сайыста Шерхан Алпанов күреседі. Қыздар додасында Сабина Юлдашбекова, Тасним Абдуәлі (48 кг), Аяулым Қайрат, Аружан Ережепова (52 кг), Дана Әбдірова (57 кг), Көркем Орымбек (63 кг), Ажар Асхат, Диана Телбаева (70 кг), Руслана Махатова (+78 кг) ел сенімін арқаламақ.