• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Инновация 27 Қыркүйек, 2024

Архивті жаңартатын инновация

1349 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында атап көрсетілген тоғыз басым бағыт­ты іске асыру барлық салада – экономика, көлік, өндіріс, білім беру, мәдениет және өзге де маңызды салаларды цифр­лық жаңғырту жағынан дамыту көзделіп отырған жауапты кезеңде IT-технологияларды қолдану мүмкіндігінің жаңа көк­жиек­терін ашу міндеті де өткір сезілетінін байқау қиын емес. Қазақ­стан Президенті Архиві, Satbayev Universiti және Yandex Qazaqstan бастамасымен ұйымдастырылған «Archive Hack: Ақылды архив» алғашқы архивтік хакатоны ел Прези­денті атап өткен елеулі салаларды сандық технологиямен бай­ланысты өркендету мұратына қолдау білдіре отырып, техни­калық университет шаңырағында архив ісіндегі жаңа цифр­лық шешімдерді болашақ жас мамандардың мүмкіндігімен бірлесе іздеуге шақырды.

Еліміздің бес қаласындағы же­тек­ші жоғары оқу орындары­нан келген жүз алпыс бес қа­ты­сушының басын қосқан алғашқы ха­ка­тонның ашылуында Президент Архи­ві­нің директоры Әлия Мұс­та­фина құт­тықтау лебізін біл­діріп, архивтің бас­ты мақсаты құжаттардың сақталуын және қолжетімділігін қамтамасыз ету бол­ған­дықтан, қазіргі таңдағы архив саласындағы за­манауи IT шешімдер мен жаңа технология­ларды енгізудің қажеттілігін атап өтті. «Елімізде алғаш рет өтіп отырған жаңа технологиялар жарысында жаңаша ойлау мен креативті пайымдауды меңгерген ізденіс жолындағы білімді жастар бір алаңда бас қосты. Өз ісіне шығармашылық көзқараспен қарайтын, жаңа идеяларды жүзеге асыра алатын жастардың жобасына қолдау білдіргіміз келеді. Бүкіл өркениетті елдерде архив ісі ұлттық байлық, мәдени құндылық, стратегиялық-ақпараттық ресурс болып саналады. Ақпараттық технологиялар ғасырында архив қызметін пайдаланудың мүмкіндігі шексіз. Біз өмір сүріп отырған қоғам «архив – маңызды қағаз құжаттарды сақтайтын орын» деген қалыптасқан дағдылы түсініктен арылып келеді. Бүгінгі хакатон сияқты инновациялық форматтар дәстүрлі архив үдерістерін жаңартуға көмек­те­се­тініне сенемін», деді Әлия Мұс­тафина салтанатты жиынды сабақтаған сөзінде. Архив директоры хакатонның Президент Архивінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырғанын да мәлім етті. Сондай-ақ Satbayev Universiti басшылығы мен Yandex Qazaqstan қолдауына алғыс білдірді. Университет ректоры Мейрам Бегентаев хакатон қатысушыларына сәттілік тілеп, белсенді жастардың ізденіс жолындағы қадамы ерекше қуандыратынын жеткізді.

Алғаш рет архив ісі саласындағы инно­вациялық технологиялық шешімдерді әзір­леуді мақсат еткен «Archive Hack: Ақылды архив» хакатонында Алматы, Астана, Тараз, Талдықорған, Қарағанды қалаларының жоғары оқу орындарының студенттері мен Алматы қаласындағы мек­тептердің жоғары сынып оқу­шы­ларынан құрылған 43 команда және 20 жеке қатысушы бақ сынады. Ұйымдастырушылар қатысушыларға тарихи материалдарды және Қазақстанның мәдени мұрасының деректеріне қолжетімді және қызықты ше­шімдер әзірлеуді тапсырма етіп белгі­леп берді. Жаңа технологиялар жарысын­да ұсынылған жобалар Қазақстан архив­­­тері­­­нің цифрлық жаңғыруындағы ма­ңыз­­­ды кезең болатынын жас қа­тысу­шылар қа­пе­ріне алып, өз кезегінде архив­тік деректерге қол­жетімділікті жақсарту, олар­ды цифр­ландыру, қорғау және сақтау бағы­т­ында жобалар әзірлеудің үлгілерін ұсын­ды.

Ұйымдастырушылардың пі­­кі­­рінше, жастардың архив қыз­­метіне қызығып, архивтерге келе бастағаны қуанарлық әрі құптарлық іс. Екі күн бойы фо­румға қатысушылар тәжі­ри­­белі сарапшылармен бірге өзекті мәселелерді белсенді түрде тал­қылап, дамудың үлгілерін көр­сетіп, батыл әрі нақты ше­шімдер ұсынды. Мәселен, келген командалар жинақтау үде­ріс­терін цифрландыруға назар ау­дарып, архив ақпаратын іздеу үде­рістеріне жасанды интеллект енгі­зуді ұсынды. Архив ақпаратын сақ­тауды және есепке алуды авто­мат­тандыру мәселелеріне де көңіл бөлді.

Хакатонға ҚБТУ-дан келіп қатысып жатқан 3-курс студенті Болат Ғазиз бұл іс-шараның өз қарымын танытуға берілген мүмкіндік алаңы екенін айтты. Оның айтуынша, архив ісін цифрландыру ғылымның жандануына жол ашады. Ал Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 1-курс студенті Мәди Оразбаев және оның төрт серігінен тұратын команда жасанды интеллект пен OCR және машиналық оқытуды пайдалана отырып, қол­жазбаларды тану жүйе­сі немесе бүлінген мәтін­дерді сандық қалыпқа кел­тіру тапсырмасын орындауды бірден бастап кетті. Сапасы жоқ, тасқа қашалған немесе сарғайған қағаздағы өше бастаған жазуды жасанды интеллект көмегімен компьютер түсініп оқитын жағдайға келтіру көзделген. Білім-білігіне сенген бес студент 8-10 сағат ішінде осы тапсырманы орындап шығуы керек, үлгеру үшін жан-жағына қарайлауға мұршасы болмай, қызу жұмысқа кіріскен. Ал Елубай Абай – мектеп оқушысы, №78 мамандандырылған ли­цей­дің 11-сынып оқушысы өзі оқитын білім ордасынан жалғыз қатысып жатқандықтан, еш командаға ілікпей, жеке-дара қатысқан. Егер Абай жаңа технологиялар бәсекесінде архив ісін жеңілдететін оң шешім, ұтымды нәтиже көр­сете алса, Satbayev Universiti оқу грантын ұтып алуы әбден мүмкін. Өйткені архивші мамандар мен IT-бизнес өкілдерінен тұратын кәсіби қазылар алқасы мықты командалар мен жекелеген жеңімпаздар үшін арнайы жүлделер дайындаған.

Бар­лық қатысушы дипломдармен марапатталып, жеңген командалардың қаты­су­шы­лары жоғары оқу орын­­­­­да­­­рының білім сер­­тификаттарын ие­­­ленді. Сондай-ақ жүл­дегерлер Yandex Qazaqstan ұсын­ған қа­р­жылай сый­лықтардың иесі атана­ды, ал жалпы жүлде қоры 3 000 000 теңгені құ­ра­ды.

Сонымен, қазылар алқасы үш негізгі секция бойынша екі күн қызу өткен жарыста ұсыныл­ған үздік жобаларды анықтады: «Young Archivists Initiative» – Ең үздік мектеп жобасы: 1-орын Тараз қаласы №41 А.Пушкин атындағы мектеп оқушыларынан құралған «Time Keepers» командасы, 2-орын Алматы қаласы №113 мектеп гимназиясының оқушылары­нан құралған «Stars» командасы, 3-орын Алматы қаласы Махат­ма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейінен келген «Ганди» командасы.

«Designing Heritage» – Ең үздік брендбук дизайны: 1-орын Алматы қаласы №79 мектеп-гимна­зиясының «Eleven VG» командасы, 2-орын Алматы қаласы Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейінен келген «TRV designers» командасы, 3-орын Satbayev Universiti мен Халықаралық ақпа­раттық технологиялар университеті «Triple-A» командасы.

«Tech Solutions for Heritage» – Ең үздік инновациялық шешім: 1-орын Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінен келген «Adapteam» командасы, 2-орын Қазақстан-Британ техникалық университетінің «KBTU_ hachaton_enjoyers» командасы, 3-орын ХАТУ-дың «Spark Studio» командасы.

«Ең үздік мектеп жобасы» бойынша үздік теп танылған Тараз қаласынан келген А.Пуш­кин атындағы №41 мектеп оқушы­ларының «Time Keepers» командасы мүше­леріне Satbayev Universiti білім гранты берілді.

Білім сайысында қызықты ұсыныс­тардың көп болғанына қарамастан, хака­тонға қатысқан болашақ жас маман­дардың жобалары архив қызметін заманауи бағытта дамытуға дәл бүгін атсалысады дегенді білдірмек емес. Алдағы уақытта іс жүзінде қолдану үшін тәжірибелі мамандармен бірге жан-жақты пысықталып, жетілдіруді қажет ететін бұл жобалар қанат­қақты болуымен маңызды. Іс-ша­раның тағы бір маңызды аспектісі, жас да­рын­дардың бір-бірімен танысып, жанды пікірталас өрбітіп, топпен жұмыс істеу ба­рысында шығармашылық пен иннова­ция­ны ұштастыра алғаны. Хакатонға енген осы бизнес-жоспардың барлығы жаңа ше­шімдер мен идеяларды табуға және ко­мандалардың бірегей жобаларын жа­сау­ға ықпал етпек.

 

АЛМАТЫ