Ұлт басылымы – ұлттың жоқшысы. Тілінің тірегі, қашты-қудыға бой алдырмайтын сабырлы ынтымаққа бастайтын білегі десек болады. Бізге қазір кешпес парыз – бардың бағасын біліп, жоқты түгендеу болып тұр. Бұл жерде қиқымды қолтығына қыстырмайтын ірілік, «Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, мұндай жұртта береке қайдан болсын?» (Ә. Бөкейхан) дейтін адалдық алда тұрса, «атадан балаға мұра болып бай тіл, байтақ жер қалды. Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы. Қуғыншы қандай болса, мал табылмақшы» деп ұлттың шырылдаған шын ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан, тіл тірлігі малтықпай, мұра ұлттық мұнараға айналып, ұрпақ түрлі сылтаудың торына түспей, ала-құла күн кешпесі айдан анық.
Осы жолға ат салғалы да үш белестен асып барады. Сол белестер шежіресі «Егеменнің» беттерінде сайрап тұр. Толқын-толқын буынның қолтаңбалары да аз емес. Алғашқы кездегі ояну үрдісі, сергектік, серпіліс, ұмтылыс үлкен-кіші, бүкіл ұжымның жұдырық болып жұмылуы, шын мәнінде «...газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынұлы) болғанын көрсетті.
Сол ұлт ісіне жұмылғандардың қатарында Жамалдын Ахметов те жүрді. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын техникалық редактор еді. Ол кезде бүгінгідей озық технология жоқтың қасы. Әр әріп қорғасынмен құйылып, қағаз бетіне түседі. Қате кеткен әріпті қайта құйып, орналастыру да оңай емес. Бізбен шығарып алып, дұрысын орнына қоюың керек. Осының бәрі – техникалық редактордың міндеті. Жәкең осының бәрін әріптестерімен қатар жүріп, тиянақты атқаратын.
Бұрын цехта көретін, артық-ауыс әңгімеге жоқ, тек істің адамы, жайдары жан Жәкеңмен астана Арқаға көшкеннен кейін қоян-қолтық араластық. Ол кездегі елорда бүгінгідей емес еді. Қала жұтаң болатын. Аязы қарып, ақ бораны ұйытқи соғатын. Бұл күндері оның көбі кем, кейде қысы да маужырап тұрады.
Егемендіктерді 1999 жылдың ақпанында: «Астана – қазақтың бір-бірімен ажырамас, мәңгілік тұтастығының символы болуы шарт. Символ – ұрпақтарға үлгі», деп айбыны асқақ, сөзі мірдің оғындай Шераға-Шерхан Мұртаза ағамыз бастап, басшымыз Ераға – Ержұман Смайыл қостап, өзге азаматтар демеп барған еді.
«Көп ауған жаққа – құдай да ауады» деп бүгінгі Астана жұрт ордасына, яғни Есілдің екі жағы көңіліңді көркейтіп, қос жанарыңа шуақ сыйлаған алып шаһарға айналды. Онда жұбын жазбай, тобын бұзбай барған егемендіктердің бір шоғыры «келмес сапарға аттанып кетіп», бүгінде селеудей селдіреп, сиреп барамыз. Есесіне дәуірдің ойлы ұлдары, сәулелі қыздары ұлт басылымына ұйытқы болып отыр. Алдыңғы толқын – біздер осыған шүкіршілік етеміз.
Солардың бірі, арамызда ағалық жолдан жаңылмай жүрген, жетпіс бестің белесіне шыққан Жәкең – Жамалдын Ахметов. Ол – өз ісіне мығым, қоғам ісіне ыждағатты кісі. Жауапты хатшы сызбасын мүлтіксіз орындайды. Қырағылығына күмән келтіре алмайсың. Кейде корректорлар аңғармағанды көргенде: «Оу, қазақтар, бұл сөз бұлай жазылмауға тиіс, сөздікке үңіліңдер! Сендердікі жөн бе екен, әлде ұйғыр менікі расқа айнала ма?» деп өз байламын әзілге жеңдіріп жеткізетін еді.
Қауырт жұмыс кезінде Ераға (Смайыл) «Жәкең болса, газет шығару қиынға түспейді, бәрі орнымен атқарылады» дейтін.
Елордаға барғаннан кейін мына жалған өмірден өте шыққан Марат Аққұл, қаламы жүйрік, ойы ұшқын атып тұратын журналист Қарашаш Тоқсанбай төртеуміз бір үйде тұрдық. Жәкеңнің сол тұстағы кісілігі мен кішілігі, адами қасиеті, төзімділігі бәрімізді тәнті етті. Сәниямдай жары да ізетімен танылып еді. Ұл мен қызы да әке көңілін аулап, жылы ниеттерін білдіріп жүретін.
Иә, бір атаның баласындай ынтымақта жүрдік. Редакциядағы жұмыс кезіндегі үлкенді-кішілі сыйластығымыз да аңызға бергісіз еді. Сондай береке- бірлікпен, отбасымыздың алыста жатқанына қарамай, елорданың дамуына, елдік іргенің бекуіне мысқалдай болса да үлесімізді қостық-ау деймін. Жетпістің бел ортасына келген Ахметов ағамызға, яғни жаны жайсаң Жәкеңе жасай беріңіз, үлкендіктің ауылына байлаған атыңыз абыройлы шабысынан танбасын дейміз.
Сүлеймен МӘМЕТ
АЛМАТЫ