Сенатор Бекболат Орынбеков Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында мектеп жұмысымен, көпқабатты тұрғын үй және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бекболат Орынбеков кездесу барысында АЭС Қазақстанға энергия тапшылығы мәселесін шешуге көмектесетінін атап өтті. Оның айтуынша, атом электр станциясы қоршаған ортаға зиян келтірмей, халыққа да, өнеркәсіпке де жеткілікті электр энергиясын өндіруге қауқарлы.
Депутат Қазақстанға өз уранын пайдалану сырттан әкелінетін шикізатқа тәуелділікті азайтатынына тоқталды. Атом электр станциясының құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашып, жоғары технологияны дамытуға ықпал ететінін де тілге тиек етті.
«Атом энергетикасы – Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық шешім. Бұл бізді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етеді, бұл экономикалық өсу мен әл-ауқат үшін аса маңызды. Мұндай жағдайда атом электр станциялары іс жүзінде көмірқышқыл газын шығармайды. Бұл оларды экологиялық таза деп есептеуге мүмкіндік береді. Атом электр станциясының құрылысы мыңдаған жұмыс орындарын ашып, ғылыми зерттеулер мен технологияның жаңа мүмкіндігін ашады. Қазақстан энергетикалық тәуелсіз ел болу үшін өзінің уран қорын пайдалана алады. Бұл барлық азаматтың игілігіне жарайтын тұрақты даму мен таза энергияға апаратын жол», деді Бекболат Орынбеков.
Сенатор АЭС жобалау және салу кезінде тұрғындардың пікірлері ескерілетінін және цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуға қажетті қосымша энергияны тек атом станциясының құрылысы арқылы алуға болатындығын жеткізді.