Сенат депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған ауданында жергілікті тұрғындармен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Қазақстанда атом электр станциясы құрылысының мән-жайын түсіндіру – осы кездесулердің негізгі тақырыбы болды. Талқылауға бірқатар мұнай компанияларының еңбек ұжымдары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және азаматтық қоғамның белсенді өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенаторлар еліміздің тұрақты дамуы үшін АЭС жобасының маңызы туралы егжей-тегжейлі баяндаған. Олар атом станциясын салу электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруда маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді экономикалық пайда екенін атап өтті.
Жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және Қазақстан экономикасына жоғары технологиялық шешімдерді енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, атом энергетикасы отандық ғылым мен технологияның дамуына ықпал етеді, бұл еліміздің халықаралық аренадағы позициясын нығайтады.
Парламентшілер сондай-ақ атом станцияларының қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып, жоба халықаралық қауіпсіздік пен экология стандарттарына толық сәйкес келетінін атап өтті. Табиғи апаттарға байланысты қауіптер және оларды азайту мүмкіндіктері қарастырылды. Балама энергия көздерін талқылауға ерекше назар аударылды. Алайда сенаторлар дәл осы кезеңде Қазақстанға атом энергетикасы ең тиімді шешім болып табылатынын атап өтті.
Депутаттар барлық тұрғындарды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырып, еліміздің болашақ энергетикалық секторын қалыптастыруда әрбір азаматтың пікірі мен дауысы маңызды екенін атап өтті. Тұрғындар талқыланған мәселелерге зор ықылас танытып, АЭС құрылысына қолдау білдірді. Жобаның бүкіл еліміз бен өңірдің тұрақты дамуына аса қажеттігі туралы айтылды.