• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2015

Ең үздік кітапхана

2286 рет
көрсетілді

атағын жеңіп алған ұжым оқырмандарды ақпараттық ресурстармен кең көлемде қамтамасыз ету жолында озық технологияларды жүйелі қолданып келеді Біз облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың /ОӘҒК/ жерлесіміз Сәбит Мұқановтың есімімен аталатынын әркез мақтаныш тұтамыз. Өткен ғасырдың 70-жылдары атақты жазушы сайлаушылардың аманатына орай осы ғимаратты өз бастамасымен салдыртып, ұмы­тылмас сый жасағаны әлі күн­ге дейін жылы ілтипатпен еске алынады. Егер өткенге көз жүгіртер болсақ, кітапхананың тарихы әріден бастау алады. 1880 жылы қала басқармасы жанынан бірінші қоғамдық кітапхана ашылып, 1934 жылы облыстық мәртебе беріліпті. Содан бері талғампаз оқырмандардың сұранымын мінсіз өтеу мақсатымен қалтқысыз қызмет атқарып келеді. Бүгінде материалдық-техникалық база, кітапхана қоры, ұсынатын қызмет түрлері еліміздегі таңдаулы мәде­ниет мекемесі қатарынан орын алып отыр. 1996 жыл кітапхана өміріндегі үлкен өзгерістер кезеңі ретінде сипатталады. Өйткені, осы жылдан бастап ақпараттық, ком­пьютерлік технологиялар ен­гізіліп, қолданыла бастады. Кітап­ханашылар мен оқырмандар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызылып, ноутбук, i-pаd, скайп, вэб-камера, флэш-карталар пайда болды, кітапхананың ақпараттық ресурстары мен қызметтерінің сұйық кристалды панельдер мен электрондық таблода жарнамала­нуы үрдіске айналды. Жаңа түс­кен кітаптар мен өтетін шаралар туралы хабарламалар беру мақсатымен SMS-тарату жүйесін енгізуге кең жол ашатын жергілікті ұялы байланыс операторларымен ынтымақтастық орнатылды. Бүгінгі күні бұл қызмет түрін оқырмандар кеңінен пайдаланады. Компьютер үйренушілерге тегін курстар жүр­гізіледі. Былтыр оны 1500 адам бітіріп шықты. Енді интернет-технологиялардың болашақтағы зор даму мүмкіндіктерін ескере отырып, сандық ақпараттық ресурстар бағдарламаларын енгізу қолға алынды. «Электронды кітапхана» бөлімі ашылды. Бұл қашықтағы және жергілікті электронды ресурстарға қатынау жүйесі дегенді білдіреді. ЭК-нің негізгі міндеттері ақпараттық ресурстарды шоғырландыру десек, ОӘҒК еуразиялық қарым-қатынас орталығы ретінде де кең қанат жайды. «ХХІ ғасырдағы еуразиялану. Шығыс-Батыс: кітапханалардың элек­тронды ынтымақтастығы» атты халықаралық семинардың өтуі осы сөзіміздің бір айғағы болса керек. 2005 жылы Пе­тропавл қаласы Қазақстанның Кітапханалар астанасы болып таң­далғаны мәлім. Осы кезде біздің бастамашылдығымызбен «Электрондық кітапхана – мәдени мұраның сақталуы мен қолже­тімділігін қамтамасыз етудегі high-tech» тақырыбында халықаралық семинар ұйымдастырылып, зор кәсіби маңызға ие болды. Онда электронды кітапханалардың қоғамдағы рөлі, шекаралас кітап­ханалардың электронды көкжиегін кеңейту мәселелері іскерлікпен талқыланды. «Шека­ралардағы кездесулер» жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде Қазақстандағы алғашқы Қазақстан-Ресей электронды кітапханасы құрылды. Ондағы мақсат ТМД елдері халықтарының мәдени мұрасын сақтау және көбейтуге белсене атсалысу болып табылады. Осыған орай дискілерде электронды басылымдар депозитарийі және мұрағаттық мультимедиа көшірмелерін жасау қолға алынып, Омбы, Том, Қорған, Ке­мерово облыстық кітапханалары жіберген бірегей басылымдар және республикамызға, өңірімізге қатысты материалдар жинақталды. Ресей Мемлекеттік (Мәскеу), Ресей Ұлттық, В.Маяковский атындағы орталық (Санкт-Петербург қ.) және А.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғы­лы­ми кітапханалары жіберген цифр­ланған материалдар негізінде та­рихи-әдеби танымға бай қор жасақталды. «Кітаби ескерткіштер» атты мультимедиялық ресурстар жүйеленді. Ұлттық академиялық кітап­хананың ұйытқы болуымен 2007 жылдан бері республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы­на жүйелі түрде қатысып келеміз. 2009 жылы жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың лирикасы таң­далып, «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған...» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Осы оқиға қарсаңында Мағжанға арналған веб-портал құрылып, 500-ден артық толықмәтінді ма­қалалар топтастырылды. Жыл өткен сайын кітапхананың виртуалды оқырмандарының саны да артып келеді. Өйткені, сайтымыз мағлұматтарға бай. Онлайн режімінде электронды оқырман билетін рәсімдеп, онлайн – тапсырыс беруге, виртуалды көрмелермен танысуға, кітапханаға виртуалды саяхат жасауға, кәсіби блогтармен танысуға әркез жол ашық. Былтыр 150-дей мәдени-ағарту, білімдік және ақпараттық сипаттағы іс-шараларға 25 мыңнан астам оқырман тартылды. Лондон кітапханаларының тәжірибесін пайдалана отырып, «Жанды кітап» шарасын өткізуіміз оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. «Кітап сыйлау күнін» өткізу дәстүрге енген. «Кітапхана түні», «Кітапхана кеші» шаралары петропавлдықтардың бос уақытын өткізуге таптырмас шаралар саналады. Бүгінгі күні кітапхана көп қыр­лы мекеме болып табылады. Компьютерлік сауаттылық не­гіздерін үйрететін оқыту ор­талығы, аз қамтылған адамдар үшін виртуалды ақпараттық әлеуметтік қызмет жүйесі, қазақ, ағылшын тілдерін үйрену курс­тары жұмыс істейді. Құлағының мүкісі бар мүгедектер үшін «Тең мүмкіндіктер жолында» әлеу­меттік жобасы жүзеге асырылып, Amigo сымсыз FM жүйесінің 5 аппараты алынды. Халықаралық байланыстар шеңбері кеңейіп, америкалық және неміс ақпараттық бұрыштары ашылды. Шетелдік жазушылармен скайп-сұхбаттар, чат-конференциялар өткізіледі. Елшілер, бас консулдар, Франция, Польша, АҚШ, Түркия елдерінің мәдениет қайраткерлері құрметті қонақтарымыз болды. Кітапханааралық ын­ты­мақ­тастықты дамыту мақсатымен ха­лықаралық ақпараттық турларға жиі қатысып келеміз. Тәжірибе алмасу барысында АҚШ-қа жолымыз түсіп, АҚШ Конгресі кі­тапханасына қазақ әдебиеті клас­сиктерінің шығармалары тарту етілді. Франция, Сингапур, Швеция, Англияда ұйымдастырылған семи­нарларға қатысып, Сәбит, Ғабит, Мағжан, Иван Шухов сияқты атақты жерлестеріміздің кітаптары сыйға тартылды. Бұл сапарлар кітапханалар қо­ғамдастығы арасында танымал болуымызға және көптеген халықаралық, республикалық кәсіби байқаулардың жеңімпазы мен жүлдегері болуымызға үлкен септігін тигізді. Ал өткен жылдың соңында Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған «Қазақ­станның ХХІ ғасырдағы үздік кітап­ханасы» республикалық бай­қауында бас жүлдені жеңіп алуымыз жаңа жетістіктерге шабыттандырды. С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана өңір­дегі 311 кітапхананың әдіс­те­мелік орталығы саналады. Кітап­ханашылардың жұ­мыла еңбек етуі арқасында әлеу­мет­тік маңызы бар 16 жоба мен бағдарламаны жүзеге асыру жолдары жіті қарастырылған. «Облыстың кітапхана саласын жаңғырту бағдарламасы» бойынша кітапханаларды компьютерлендіру жалғастырылып, модельді ауыл­­дық кітапханалар ашылуда. Се­минарлар, видео-конферен­ция­лар, кәсіби шеберлік бай­қаулары, шығармашылық идеялар фестивальдары, үздік ауыл­дық кітапхана байқаулары жиі өткізіледі. Қажырлы еңбегімен кітапхананың беделін арттырып, ұжым мақтанышына айналған мамандар мен қызметкерлердің іс-тәжірибелері жастарға үлгі етіледі. Бүгінде кітапхана қызметін пайдаланушылардың саны 30 мыңнан асып жығылады. 14 бөлім, 1 электронды кітапхана, 4 сайт, электронды каталог орналасқан. Кітапхана – ақыл-ой мен мәде­ниеттің мекені болса, кітап – өмір ұстазы. Онсыз рухани нәр алу, мәдени, ұлттық құн­ды­лықтарымызды меңгеру мүм­кін емес. Біздің алда тұрған басты міндетіміз – ақпараттық ресурс­тардың кең көлемде қол­жетімді болуын қамтамасыз ету. Бейбітгүл ӘБІЛМӘЖІНОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры. Петропавл.