• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 01 Қазан, 2024

Шерағаң шаңырағындағы кеш

137 рет
көрсетілді

Қара өлеңді қадір тұтқан жамбылдық жас таланттардың бас қоспағанына да біраз жылдың жүзі болған еді. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің бас­тамасымен сол олқылықтың орны толтырыла бастады. Біраз бұрын ақын Хамит Есаманның шығармашылық кешін өткізуге мұрындық болған облыс әкімі енді Шерхан Мұртаза туған Талапты топырағындағы қаламгердің қара шаңырағында жамбылдық жастардың басын қосты.

«Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді» деген ат қойылып, айдар тағылған кешке ақындармен бірге әкімдер де келді. Еркін форматта, ашық аспан астында өткен әдеби іс-шарада ақындар жыр оқып, әншілер әннен шашу шашты. Бір сөзбен айтсақ, мемориалдық-музей үйдің ауласы да, аурасы да жас таланттардың тынысын ашқан секілді. Жуалының жұпар ауасымен тыныстаған олар шабыттанып кетті.

Іс-шара Жүніс Әлімбеков, Әбиір­бек Тінәлиев бастаған өңірлік театр тарландарының «Шер-Хан» атты қойы­лымының үзіндісімен басталды. Кешке жиналғандар музей-үйдің ауласында алау жағып, қабырғалы қаламгер шығар­машылығы туралы әңгіме өрбітуді де ұмыт қалдырған жоқ. Ақындар Шераға рухына арналған отты жырларын оқып, шындықтың шырақшысына айналған қаламгер рухына тағзым етті.

«Ұлу жылы елімізге үлкен сынақтар алып келгені мәлім. Жыл басынан бері қазақ елі түрлі қиындықты жұмылған жұдырықтай еңсеріп келе жатыр. Мұның бәрі бірлік пен берекелі тірліктің арқа­сында мүмкін болып тұрғаны анық. Қандай қысылтаяң уақыт алдымыздан тосып тұрса да, ұлт руханиятын қапе­рімізден шығаруға қақымыз жоқ.

Өңір туралы ой қозғағанда Әулиеата жері қаламгерлердің өлкесі екенін ұмыт­пауымыз керек. Мұнда талай қабыр­ғалы қаламгердің табанының табы қалған. Облыстың аты Жамбылдың есімін иелен­генінің өзі көп дүниеден хабар беріп тұр. Өңірімізде қара өлеңге аңсары ауған жас таланттар аз емес. Поэзия­ны жанына серік еткен таланттардың талпынысы, өлең­ге деген адалдығы көңіл қуантады. Біз сол жастардың шығармашылық әлеуе­тінің артуына қолдан келгенше қол­дау көрсетуге әзірміз», деді Е.Қарашөкеев кеш барысында сөйлеген сөзінде.

Бұл күні Әулиетадан жырақтап кеткен, қазіргі кезде еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүрген ақындардың туған жерге деген сағынышын да сезгендей болдық.

«Тірлікте мынау тиындай құн қалмағанда,

Алты қаздайын айналып жыр қонбағанда.

Таразға барып қайтайық осы көктемде,

Алдағы күзде тым болмағанда»,

деген Олжас Сәндібектің өлеңінен ақын­ның Таразда өткен студенттік күндеріне деген сағыныштың табы есіп тұрғандай болды.

«Қарсы алып, шығарып сап тұрар шаһар,

Ақ шаһар, сағым шаһар, мұнар шаһар.

Бәрі өткен, өткендерді күзетеміз:

Өтпейді Тараз ғана – біз өтеміз», деп басталатын ақын Ерлан Жүністің «Ғасырлар тәжі» поэмасынан оқыған үзіндісінен тарихы тереңде жатқан көне шаһарға деген шексіз құрмет байқалды.

Әдебиеттің әңгімесі айтылған кеш барысында жергілікті жас ақындар Хамит Есаман, Нұржан Әліш, Тұрсынбек Сұлтанбек, Нұржан Қадірәлі, Әлімжан Шөңгербай, Нұрсұлтан Рахымбай, Ғалия Абылай, Назерке Оңғар, Ғайникен Маралтайқызы бастап, өзге де талант иелері қоштап, әдемі өлеңдерін оқыды.

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев әдеби кешке Алматы мен Астанадан арнайы келген Ерлан Жүніс пен Олжас Сәндібекке ризашылығын білдіріп, құрмет көрсетті. Іс-шараға қатысқан өзге де жас ақындарға естелік сыйлақтар табысталды.

Біраз жыл бұрын белгілі ақын Маралтай Райымбекұлының бастамасымен Тараз төрінде «Түнгі Тараз ғазал­дары» атты телевизиялық жоба қолға алынған еді. Сол кезде жамбылдық жас ақындар Әулиеата жерінің әр қиырында бас қосып, алау тұтатып отырып, жалынды жырларын оқып жататын. Содан бері де біраз жылдың жүзі өтіп, мұндай кештер сағымға айнала бастаған...

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ұмыт бола бастаған дәстүрді жаңғыртып отыр. Әкімнің айтуынша, бұл үрдіс тоқтап қалмайды. Шерағаңның қара ша­­ңырағында жас қаламгерлер жыл са­йын бас қосып тұрады. Қолдауға тұрарлық бастама баянды болсын дейміз.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Талапты ауылы