• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 01 Қазан, 2024

Елордадағы Әуезов ескерткіші

111 рет
көрсетілді

Астанада ұлы жазушы Мұхтар Әуезов ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі болды. Іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, руханият саласының өкілдері қатысты.

Ескерткішті Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және жазу­шы­ның туысы Диар Қонаев ашты.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Онда: «Мұхтар Әуезов – ұлт руханиятында айрықша орны бар ұлы жазушы. Ол шығармаларында халқымыздың бітім-болмысы мен тыныс-тіршілігін шебер суреттеді. Қаламгердің теңдессіз туындыларынан ана тіліміздің байлығы мен төл өркениетіміздің тереңдігі айқын көрінеді. Шын мәнінде, жұртымыздың жан дүниесін білгісі келген адам ең алдымен Әуезовті оқуы керек. Мұхаң Абайды, Абай арқылы қазақты төрткүл дүниеге танытты. Сөз зергерінің «Абай жолы» эпопеясы – халқымыздың әлем әдебиетіне қосқан құнды қазынасы. Ол Абайтанудың негізін қалады. Жазушылар мен ғалымдардың тұтас буынын тәрбиелеп шығарды. Алаш арыстарының аманатын кейінгі буынға жеткізіп, ел мүддесін қорғау үшін сан рет басын бәйгеге тікті. Біз ұлттың рухы биік болсын десек, халқына адал қызмет еткен ұлы тұлғаларымызды әрдайым ұлықтай білуіміз қажет. Ол – өскелең ұрпақтың перзенттік парызы. Астана төріндегі Мұхтар Әуезовтің ескерткіші – осы па­рызға адалдығымыздың тағы бір көрінісі. Заңғар жазушының асыл мұрасы қазақпен бірге мәңгі жасай береді. Сәулет өнерінің туындысы ел  игілігіне айналсын», деп көрсетілген.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші жазушыны қалай ұлықтаса да жарасатынын айтып, оның әлем әдебиетіне қосқан үлесін атап өтті.

Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік рухани іс-шараның келер ұрпақ үшін айрықша маңызын жеткізді. «Бүгінгі орнатқан мына ескерткіш жай ескерткіш емес. Бізден кейін де талай ұрпақ келеді өмірге. Сонда осы ескерткіштерге қарап отырып қалыптасады. Олардың көңілінде, жанында тек қана бір жақсылықтың, ізгіліктің ғана рәмізі болып қалатыны даусыз», деді жазушы.

Мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған сәулет өнерінің туындысы елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының алдында орнатылды.