Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Николя Бланшемен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы бюджеттік саясат және Қазақстанның ХВҚ-мен ынтымақтастығы мәселелерін талқылау болды.
О.Перепечина ХВҚ-ға экономикалық жағдайды бағалау және орнықты өсуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін саяси шаралар арқылы ұсыныстар беру мәселесінде жүйелі диалог жүргізгені үшін алғысын білдірді.
«Осы мақсатқа жету үшін Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жаңа құралдар мен мүмкіндіктерді іздеу арқылы қаржы, салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіруді жақсарту қажеттігі туралы міндет қойды. Сондай-ақ қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Парламент қабырғасында Бюджет және Салық кодекстерінің жобаларын жаңа редакцияда қарау жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті бұл жұмысқа кірісіп кетті. Атап айтқанда, заңнамалық бастамадан басқа әртүрлі алаңдарда бюджет және салық саясаты мәселелерін талқылай отырып, елеулі шаралар өткізіліп жатыр», деді О.Перепечина.
Тараптар кездесу барысында экономиканы дамыту келешегіне, мемлекеттік басқару секторының бюджетін дайындаудағы комиссияның рөліне, бюджет реформаларының осы кездегі бюджеттік қағидалар мен бюджеттің орта мерзімді көрсеткіштерін іске асыруға қатысты мәселелерді талқылады. Еліміздің қаржылық тұрақтылығын арттыруға, шетелдік инвестиция тартуға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға бағытталған стратегиялық шаралар ерекше назарға алынды.
Н.Бланше ХВҚ басшылығының атынан еліміздің ұзақ мерзімді орнықтылығы мен макроэкономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған реформаларға қолдау білдірді.