• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Оқиға 01 Қазан, 2024

Қарттарды әлеуметтік қолдауға 12,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

136 рет
көрсетілді

1 қазан - Халықаралық қарттар күні. Республикада 2,4 миллионнан астам зейнеткер тұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ҚР-ның  зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға ілгері индекстеледі. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылардың мөлшері 9%-ға ұлғайып және ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақының мөлшері артқан.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-ынан 65%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 105%-ына дейін арттырылды», делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асырып жатыр. Сондай-ақ республикада 92 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылған. Орталықтардың жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 2024 жылға 5,9 млрд теңгені құраған.

1 қазанда елімізде Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін және басқаларды өткізетін болады.

«Сонымен қатар қарттар күніне орай Астана қаласында, Ақмола (ең төменгі зейнетақы алушыларға), Қарағанды (75 жастан асқан азаматтарға), Павлодар (ең төменгі зейнетақы алушыларға және 80 жастан асқан азаматтарға), Шығыс Қазақстан (90 жастан асқан азаматтарға), Маңғыстау (70 жастан асқан азаматтарға 25 қазанға қарсы), Түркістан (жалғызбасты зейнеткерлерге және 100 жастан асқан азаматтарға) облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында (70 жастан асқан азаматтарға және мүгедектігі бар адамдарға) 235,8 мың адамды қамти отырып, жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады», деп нақтылды министрліктің баспасөз қызметі.

Жалпы, биыл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға 12,4 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған (жергілікті бюджеттерден – 11,8 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,6 млрд теңге).

Оның ішінде:

Азық-түлік жиынтығын ұсынуға – 229,4 млн теңге (26,5 мың адам); Жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 2 млрд 318 млн теңге (62,2 мың адам); Тіс протездеуге – 515,5 млн теңге (3,9 мың адам); Санаторийлік-курорттық емдеуді ұсынуға – 3 млрд 448 млн теңге (23,3 мың адам); Тұрғын үйді жөндеуге – 31,4 млн теңге (189 адам); Отынмен қамтамасыз етуге – 75,6 млн теңге (2,6 мың адам); Жалпы пайдаланудағы көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға – 5 млрд 179 млн теңге (409,9 мың адам); Көмектің басқа түрлеріне – 638,4 млн теңге (81,5 мың адам).

Еске сала кетейік, халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында жарияланған еді. Оны өткізудің басты мақсаты – қариялардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және мойындау, сондай-ақ олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне назар аудару, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігі, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.