• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 02 Қазан, 2024

Керамогранит өндіретін ірі зауыт

122 рет
көрсетілді

«Жұлдыз» индустриалды аймағында Орталық Азия­да теңдесі жоқ «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-на тие­сілі керамогранит өндіре­тін зауыт ашылды. Кәсіп­орын қазақ-қытай бірлес­кен ин­вестициялық жобасы­ның аясында құрылды. Жал­пы құны – 25,5 млрд теңге.

Әдепкіде жылына 12,7 млн шар­­шы метр кера­могранит шы­­ға­рылады. Жобаның екін­­­ші ке­зеңінде зауыт толық қуа­ты­на көшіп, жылына 25,4 млн шар­шы метр керамогранит өн­ді­рі­леді. Кәсіпорында 350 жаңа жұмыс ор­ны ашылады. Бірін­­ші кезеңде отандық на­рық­­­тағы сұраныстың үштен бірі қа­нағат­танды­­рыл­са, екінші кезеңде ішкі нарық атал­ған құ­рылыс материалымен толық қамтама­сыз еті­­леді. Сұраныстан артылған та­уар­ды алыс-жа­қын шетелге экс­порт­тауға да мүмкі­ндік туады.

«Зауыт – мегаполис эконо­­ми­касы­ның ауқымды инвести­циялық жобасының бірі. Өндіріс орнының есебінен алдағы кезде бюджеттің табыс салығы артады. Қаншама адам жұмысқа алынады. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвестор тартып, оларға қолайлы жағдай жасау – атқарушы биліктің бас­ты мін­деті», деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

«Осыған орай инвесторлардың қасынан табылып, жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуге жергілікті әкімдік бірінші кезекте мүдделі. Президенттің тапсырмасын орындауға бар мүмкіндікті жұмсап келеміз. Бұл күнді шын мәнінде тарихи сәт десек болады. Себебі керамогранит шығаратын мұндай ауқымды өндіріс орны Орталық Азияда тұңғыш рет Шымкентте ашылып отыр. Келіп жатқан инвесторларға тек қуануымыз керек. Жуырда Қытай елінің Сиань қаласына іссапармен барып қайтқан едік. Сонда көптеген инвестициялық келісімге қол жеткіздік. Қытай инвесторларымен әріптестік байланысты әрі қарай да күшейтеміз. Соның бір мысалы, келешекте мегаполисте Қытай инвестициясына қоқыс өңдейтін үлкен зауыт салынады», деді ол.

Кәсіпкерлік және индус­триялық-инновациялық даму бас­қармасы берген мәліметке сүйенсек, зауыттың құрылысы 2023 жылғы наурызда басталған. Кәсіпорын қысқа уақыт ішінде салынып бітті. Жоба экспортқа негізделгендіктен, өндірілетін тауар ішкі нарықтан бөлек шетелге де шығарылады. Керамогранит зауытынан басқа биыл «Жұлдыз» индустриалды аймағында тағы екі кәсіпорын құрылады. Ол – темір-бетон конструкциялары мен есік-терезе профильдерін шығаратын зауыттар. Жалпы, «Жұлдыз» өндіріс алаңында келешекте қырыққа жуық жоба іске асады. «Wan Sheng Ceramic» өндіріс орны – сол жобалардың алғашқысы.

Керамогранит өндіретін кәсіпорынға тиесілі аумақ 30 гектардан асады. Жаңа зауыт сол жердің жартысын алып жатыр. 2025 жылы жобаның екінші кезеңі іске асса, қалған 15 гектардай жерге тағы да зауыт салынады. Өндіріс орны толық қуатына көшкен сәтте жұмысшылар саны 700-ден асады. Ең маңыздысы жұмысшылардың денін жергілікті тұрғындар құрайды. Айта кетейік, «Wan Sheng Ceramic» – шаһардағы керамогранит өндіретін екінші зауыт. Алғашқысы «Зерде-Ке­ра­мика» серіктестігі деп аталады. Алайда жергілікті кәсіп­­кер­лердің қар­жысына ашылған бұл кә­сіп­орынның өндірістік қуаты төмен­деу.

Жаңа керамогранит өндірісі жобасына тікелей қаржы құйған қытайлық инвестор Ху Джен Гоның айтуынша, ТМД елдерінде оның компаниясының жүзеге асырып жатқан жобалары өте көп.

«Шымкент қаласы әкімдігімен арада болған инвестициялық келісімнің нәтижесінде, рес­­­­публиканың үшінші мега­­по­лисінен осы кәсіпорынды салуға ниет білдірдік. Сондай-ақ бізді инвесторларға жасалған түрлі салық жеңілдіктері, инфра­құ­ры­лым қолдаулары қы­зық­тырды. Алдағы уақытта қала әкім­дігі зауытқа теміржол тұйы­ғын салып бе­руді ойластырып жатыр», деді Ху Джен Го.

Қытай елінің шаһар экономикасына жұмсап отырған инвестициясы өте қомақты. Келесі жылы шығыстағы көршіміздің инвестициясына мегаполистен желатин өндіретін жаңа за­уыт салынады деген жоспар бар. Бұдан басқа да бірлескен жобалар жетіп артылады. Осыған қарап Шымкентте жүзеге асып жатқан бизнес бастамалардың ішінде Қытай инвесторларының алар үлесі жоғары деп айтуға болады.

 

ШЫМКЕНТ