«Исламдық қаржыландыру» термині арагідік айтылып қалғанымен, оның даму келешегі мен әлеуеті туралы егжей-тегжей түсіндіріп бере алатын маман аз. Мәселе жыл аралатып өтетін қаржылық форумдарда аз-кем талқыланып жатушы еді. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) дайындаған кең ауқымды зерттеу еріксіз назарымызды аударды.
Сарапшылардың пайымдауынша, исламдық қаржыландыру индустриясын дамытуда өңірлік көшбасшы атануға мүмкіндігіміз жетіп тұр. Еліміз «Global Islamic Finance Report 2023» рейтингінде 22-орын алған. Исламдық қаржыландыруды дамыту көрсеткіші саналатын «ICD-Refinitiv 2021»-дегі біздің жалпы ұпайымыз 17,55 болыпты. Сөйтіп, дүниежүзілік орташа көрсеткіштен (11,01 ұпай) асып түсіп отырмыз.
Елдегі исламдық қаржыландыру ахуалына қатысты мынадай тұжырым жасауға болады дейді мамандар: Күшті тұсымыз – Үкімет ұсынып отырған қолайлы құқықтық орта, дамып келе жатқан экономика, инфрақұрылымды дамыту жоспары мен мұсылман тұрғындардың айтарлықтай саны. Кемшін тұсы – исламдық қаржыландыру ұстанымдарының экономикалық құндылығынан хабардар болудың төмен деңгейі. Оның ішінде салық процедурасы да, дауларды шешу де, ақпаратты іздеу де бар.
«Бөлшек сектордан қатысқан респонденттердің 85 пайызы, компания-респонденттердің 84 пайызы ислам қаржылық өнімдерін ешқашан пайдаланып көрмеген. Демек бұл сегменттің әлеуеті әлі игерілмей жатыр деген сөз. Егер исламдық қаржы өнімдері қолжетімді болса онда оларды мұсылмандардың өзі-ақ пайдаланар еді (ешқандай маркетингтік шараларды қолданбай-ақ). Сонымен қатар ислам қаржылық мекемелері тек мұсылман дінін ұстанатындармен шектелмей, барлық адамға қолжетімді болып, өзін инклюзивті қаржылық шешімдерді ұсынушы ретінде көрсетуі қажет. Жарнаманың жеткіліксіз болуы да қызметтер мен өнімдер туралы хабардар болу мүмкіндігін төмендетеді», делінеді зерттеуде.
Қазақстандағы ислам депозитінің көлемі 6,3 млрд долларға жуықтайды. Исламдық бөліп-төлеу айналымы – 516 млн доллар; Исламдық автоқаржыландыру – 2,4 млрд доллар; Исламдық ипотека – 4,5 млрд доллар; Исламдық сақтандыру (Такафул) – 150 млн доллар; Исламдық құнды қағаздар – 103 млн доллар.«Исламдық қаржыландырудың әлеуетті нарық айналымы – 6 млн 800 млрд теңге. Бұл әлеуетпен аталған сегмент экономиканы әртараптандыруға айтарлықтай үлес қоса алады. Жұмыс істеп тұрған ислам қаржы институттарының дерегінше, корпоративті сегменттің сұранысы 760 млрд теңгеден асады. Бірақ тиісті деңгейдегі қаржыландырудың жоқтығынан сұраныс қанағаттандырылмай отыр. Елдегі ең көп таралған қаржы құралдары үшеу – Мурабаха, Мудараба, Иджара. Қаржы институттарының негізгі тұтынушылары – сауда, құрылыс, транспорт және логистика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі салалары. Исламдық қаржыландыру экономикалық әрі қаржылық мүмкіндіктерді кеңейту арқылы Қазақстан ландшафтын өзгертуге қабілетті», деп жазады мамандар.
Солай дей келе, исламдық қаржыландыру белсенді жүргізілсе қандай әсері боларын айта кетеді. Біріншіден, мемлекет кірісі артар еді. Дәстүрлі қаржыландыруды қолай көрмейтін мұсылмандар исламдық қаржыландыру арқасында бизнесін кеңейтеді, мемлекет көп салық ала бастайды. Салық базасының кеңеюі мемлекет кірісін көбейтеді.
Екіншіден, тұтынушылық шығын өседі. Исламдық қаржыландыруға қолжетімділік болса адамдарда төлем қабілеті жоғарылайды. Әсіресе дәл қазір банк қызметін тұтынбайтын адамдарда. Тұтынушылық шығынның көбеюі компаниялар табысын еселеп, қазынаға түсер салықты молайтады.
Үшіншіден, инвестиция артады. Шариғат талаптарына сәйкес келетін исламдық қаржылық өнімдерге қолжетімділік экономикаға түсетін инвестицияны ұлғайтады. Бұған дейін дәстүрлі инвестицияға бой ұрмай келген мұсылмандар енді ондай жобаға қатыса бастайды. Нәтижесінде, экономиканы әртараптандыру жедел жүреді.
Төртіншіден, әлеуметтік күйзеліс төмендеп, әлеуметтік теңсіздік жойылады.
«Ислам банктеріндегі елеулі проблеманың бірі – шариғат нормасына сәйкес салымдарға кепілдік беру тетігінің жоқтығы. Бұл кемшілік тұтынушылардың сенімі мен олардың ислам банктеріне ақша тапсыруға дайындығына әсер етеді. Дәстүрлі банк салымшылары болса, банк қызметін тоқтатқан жағдайда кепілді өтемақысын алады. Бұл кепілдік тоқсан сайынғы банк жарналары есебінен қамтамасыз етілетін, кепілдік берілген өтемді төлеу мақсатында пайдаланылатын резервтік қор арқылы қамтамасыз етіледі. Ислам банктерінде мұндай тетіктің жоқтығы бәсекеге толы күресте оларды тиімсіз етіп көрсетеді. Түйткілді шешу орайында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры такафула негізінде салымға кепілдік беру схемасын енгізуге тиіс. Бұл ретте нормативтік қолдау, бәлкім жаңа заңнама қажет болар», дейді АХҚО сарапшылары.
Елдегі ислам банктерінің адымын аштырмай тұрған тағы бір жағдай – өтімділікті басқарудың сенімді жүйесінің жоқтығы.
«Исламдық қаржыландыруда өтімділікті басқару маңызды, бірақ күрделі міндет саналады, өйткені пайызға негізделген құралдарға тыйым салынған. Ислам ұстанымдарына (мәселен, таваррук) негізделген банкаралық несие беру нарығын дамыту бұл проблеманы шеше алады. Сонымен қатар еліміздегі ислам банктері дамыған қаржылық-технологиялық шешімдермен аса қатты интеграцияланбай отыр, сөйтіп дәстүрлі банктер қолжетімді әрі қолайлы қызмет көрсету тұрғысынан олардың (ислам банктерінің – ред.) мүмкіндігін шектеп отыр. Мобильді банкинг пен интерактивті келісімдер сияқты қаржылық-технологиялық инновациялар бүкіл әлемдегі банк секторына трансформация жасап жатыр. Ислам банктері не өздерінің ішкі мүмкіндіктерін дамытуы керек, не исламдық банкинг клиенттерінің бірегей қажеттілігін қанағаттандыратын арнайы шешімдерді әзірлеу мақсатында қаржылық технология компанияларымен серіктес болуы керек», дейді сарапшылар.
Ислам қаржылық қызметтері Кеңесінің бас хатшысы Гият Шабсигтің айтуынша, әлемде исламдық қаржыландыруға деген сұраныс өсіп келеді. Оның ішінде еліміз де бар.
«Бізде ереже, стандарт бар, тиісінше оларды енгізу оңай. Қазақстан бұл стандарттарды қабылдайды, енгізеді деп сенеміз. Кейінгі бес жылда исламдық қаржыландыру әлемдік ауқымда жылына 14 пайызға артты. Мұсылман емес елдер қатарында Ұлыбритания, Қытай, Германия, Жапония бар. Мұсылман емес елдердің өзінде исламдық банкинг табысты жұмыс істеп жатыр. Исламдық қаржыландыруды қабылдаудың басты артықшылықтары – нарық тереңдей түседі, құралдар көбейеді, клиенттердің жаңа сегменті ашылады, бәсекеге қабілеттілік артады», дейді.
АХҚО Орталық шариғат консультативті кеңесінің төрағасы Тан Шри Дато Доктор Мохд Дауд Бакар қазақстандық институттар мен Малайзия, Индонезия, Парсы шығанағы елдері арасында оқыту, зерттеу, академиялық ынтымақтастық жөнінде кең ауқымды қатынас орнаса екен деген тілегін айтады.
«Қазақстан өзінің жас кадрлық құрамының артықшылығын, оқу, зерттеу, академиялық мекемелердің қолжетімділігін исламдық қаржыландыру саласындағы жаңа идеяларды нығайту мен қамтамасыз етуді басқа елдерде іске асырылмаған тәсілдер көмегімен жүзеге асыра алады. Мәселен, исламдық қаржыландыруға қатысты әдебиеттерді кеңейту, оларды қазақ, орыс, қырғыз, өзбек тілдерінде шығару бастамасын қолға алуға мүмкіндік бар», дейді.