• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 03 Қазан, 2024

Төлтек даналығы

58 рет
көрсетілді

Даналықты бір аяға сыйғызу бекер. Ол әр бетте, әр құбылыста, әр заманда өзінше қылаң береді. Сағдидің тілімен айтсақ, «ақылды адамға жапырақ та ұстаз».

Он үш баланың кенжесі Мигель Руис Мексиканың көне ауылындағы төлтек дәс­түрін ұстаған емшінің отбасында дүниеге келеді. Айта ке­тейік, бұл төлтек – көне үндіс жұртынан шыққан юто-ацтектің бір жұрнағы. Кейіннен көлік апатына ұшырап, ажал аузынан аман қалған ол жа­ратылыс туралы ойдың тұң­ғиығына батып, ақиқатты із­дейді. Анасының көмегімен ежелгі бабалар салтына түсіп, төлтектер даналығы арқылы физикалық ғалам мен ақыл-ойдың виртуал әлемін терең түсінуге зейін қояды.

Әңгімемізге арқау болмағы, Мигель Руистің «Төрт келісім» кітабының бір парасы. Нақ­тырақ айтсақ, екінші келісім – «Еш­теңені өзіңізге қатысты деп қабылдамаңыз» бөлімі. Талапты ердің ақылына салмақ салар бұл тарауда рухани ұстаз елеулі ұстынды тарқатады. «Өз­ге жұрт не істесе де, не айтса да, не ойлап, не сезінсе де, оны өзіңізге қатысты деп қабылдамаңыз. Егер сізге керемет жан екенсіз десе, оны сіз үшін айтпағаны. Тіпті біреу қа­руын кезеніп, басыңыздан атып жіберсе де, оның сізге еш қатысы жоқ». Яғни айналадағы әрбір адам өзінше нұрлы, өзінше дертті. Егер сізге күлсе, өз әлемінің сәулесінен хабар бергені, егер жыласа, өз ішіндегі үдерісті жеткізгені. Егер сізді тілдесе, ол да сізге қатысты емес дегенді айтады төлтектердің ұрпағы. «Қайда барсаңыз да, жалған айтатын адам табылады, соны тереңірек түсінген сайын сіз де өзіңізге жалған айтып жүргеніңізді байқайсыз. Жұрттан шындықты айтады деп күтпеңіз, өйткені олар ең алдымен өзіне жалған айтады. Сіз өзіңізге сенуіңіз керек, ал естігеніңізге сену-сенбеу өз еркіңізде. Басқа адамдарды қан­дай болса, сол қалпында көріп, өзімізге еш қатысы жоқ деп қабылдасақ, олар бізге сөзімен де, ісімен де зиянын тигізе алмайды» дейді кітапта.

Төлтектер даналығының біл­гірі, екінші келісім арқылы әр­кімді өз өмірін сүруге үндейді. Расында, адамда өзіне қатысы жоқты қабылдамайтын әдет қа­лыптасса, көптеген жағым­сыз жағдайлардан құтылары даусыз.