• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 03 Қазан, 2024

Жұмақ – жүректе

79 рет
көрсетілді

Режиссер Руслан Акунның «Пейіш ананың табанының астында» фильмінің жалпыхалықтық көрсетілімге шыққанына біраз уақыт өткенімен, аталған туынды хақында айтылар жылы пікірлер легі әлі күнге дейін толастаған жоқ. Себебі жер басып жүрген пенде біткеннің бәріне ортақ тілекпен ұштасқан картина көңілде жатқан көп қатпарды қозғағаны анық.

Үлкен экранға көз салып, санаға сәуле шашқан шығарманы тама­ша­лағанда кемеңгер қаламгер Ф.Дос­тоевскийдің «Әлемді сұлулық құт­қара­ды» деген әйгілі сөзін тіл ұшына үйіре бердік. Жазушының айтқан сұлулығы қан­дай сұлулық? Біздіңше, ол жан тазалығы һәм жүрек ізгілігімен үндессе керек. Ал ізгі­лік пен мейірімге толы әлемнің қа­шан­да сұлу болатыны хақ. «Пейіш ананың таба­нының астында» туын­ды­сымен таныс­қанда картинаның өзге артық­шы­лық­та­ры­нан бұрын ең әуелі осы бір идеясы бізді өзіне бау­рай берді.

Бұған дейін отандық кинонарықта танымал болған «Сәлем, Нью-Йорк», «Ананы іздеймін», «Көкбөрі», «Оффлайндағы демалыс», «Сәлем, Еуропа!» сынды бірнеше кассалық фильмге сценарий авторы, продюсер әрі режиссер болған шығармашылық иесінің «Пейіш ананың табанының астында» картинасына келуі де кездейсоқ болмаса керек. Жалпы, фильмнің негізгі идея­сы Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Болот Тентимышовке тиесілі екен. Ал оны кино тіліне айналдырып, көрер­менімен қауыштырған Руслан Акун­ның да айтулы жобаға сіңірген еңбегі ерен. Сол секілді картинада басты рөлді ойнаған әртістер – Еміл Есенәлиев (Әділ), Қырғызстанның халық әртісі, Қырғыз ұлттық академиялық театрының ардагер актрисасы Анаркүл Назарқұлова (Райхан апа), Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда бастаған (Әлішер) шебер актерлер ойыны шын мәнінде сүйсінтті.

Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түр­кия,­ Мысыр, Сауд Арабиясы сынды барлығы алты мемлекетте түсірілген фильмнің желісі психикалық дамуы жас баланың дең­гейін­де қалып қойған 35 жастағы Әділдің таңға­жайып оқиғасына негізделген. Әділ шағын ауыл­да 75 жастағы анасы Райхан апамен тұра­ды. Анасы Әділге Алла Тағала оны ерек­ше жақсы көретінін, сондықтан оның тіке­лей жұмаққа баратынын үнемі айтып оты­рады. Бірақ Әділ анасынсыз жұмаққа бар­ғысы келмейді. Бір күні ол сегіз жастағы до­сы­нан анасын киелі Меккеге жаяу апарса, онда аяулы жан жәннатқа бара алатынын біледі. Осыдан кейін Әділ таңғажайып сая­хат жасау туралы батыл шешімге келеді. Ол анасын арбамен жаяу Меккеге апаруға бел буады. Райхан апа ұлы Әділді жындыға ба­лап, әркетіне жұрт күле ме деп қорқып, са­­парға келіседі. Осы қызық сапарда Әділ мен Райхан апа талай сынақтан өтіп, жол бо­­йында көптеген мейірімді адамдарды кезік­­тіреді. Фильм ананың ұлына деген ма­хаб­­баты шексіз екенін және ұлтына қара­мас­тан адамзат атаулы ана үшін қиын­дық­ты ең­се­руге барын аямайтынын тағы бір дәлел­дейді.

«Бұл фильмге мені режиссер Руслан Акунның өзі таңдады, іріктеусіз өттім. Ол кісі осы рөлді ойнағанымды қатты қалады. Түсі­рілім екі жарым айға созылды. Бірақ ара­сында елден елге өтуге рұқсат алуға Қырғызстанға қайтып келіп отыруымыз қажет болды. Көп күніміз Мысырда өтті. Біраз күн Меккеде болдық. Фильмнің идеясы өте ұнады. Сценарийді бір деммен оқып шықтым. «Бұл рөлді ойнаймын, елге, ана­лар­ға, бүтін қырғыз ұлтына айтатын ойым бар екен» деп бірден келісімімді бердім. Фильм түсірілімі кезінде Умра қажылығын өтедім. Меккеге бір күн ерте барып, түні бойы таң атқанша жүрдік. Қағбаға зиярат еттік. Осы­­ның барлығы аталған фильмнің игілігі ғой. Киноны үлкен экраннан көрген көрер­мен: «Түсірілім жолы ауыр болған сияқты. Шар­шап қалмадыңыз ба?» деп жиі сұрақ қоя­ды. Бірақ мен шар­ша­ғанымды тіпті сезген де жоқпын, кері­сін­ше рухани тұрғыдан кере­мет демалдым. Түсірілім тобының ұйым­шыл­­дығы да жанға керемет шуақ сыйлады. Бә­рі­­не ризамын», деп актриса ағынан ақта­рыл­ды.

Атауы айтып тұрғандай, фильм идея­сы ана мен бала арасындағы тіні үзілмес аяулы қарым-қатынасқа құрылған. Сол арқылы әлемнің ізгілігін, Жаратушыға деген шексіз махаббат құдіретін көрерменіне ұғын­дырғысы келгендей. Сол шексіз сүйіс­­­пеншілік пен риясыз сенім ана мен бала­­ны қасиетті сапар – Меккеге бастар ұзақ жолды жаяу жүріп еңсеруге жете­лей­ді, жігерлендіреді. Жолдағы кездескен адам­дар­дың құлшылыққа кетіп бара жат­қан жан­дарға жасаған қамқорлығы мен мейі­рімі де көрер­­менін еріксіз елжіретеді. Ал бас­ты рөл­дегі актер­лердің шебер ойыны шына­йы қоше­метке лайық.

Әлбетте, мұның барлығының да кино­сүйер қауымға әсері зор. Әйтсе де сценарийде жіберілген кейбір шашыраңқылық пен қисынсыз қабысулар көркем фильмнің табиғатына салқынын тигізбей қоймапты. Атап айтсақ, фильмнің алғашқы жартысын шытырман сюжетке құрылған фильм деу­ден гөрі, телевизиялық саяхат-шоу­ларын тамашалап отырғандай әсерге бөлейді. Тек екінші бөлімінде, яғни бас кейіп­керлер Әзербайжан асып, Сирияға табан тіреген сәттегі қайшылықтар оқиғаны барынша ширықтырып, кино табиғатына бір табан жақындата түскендей. Алайда оған қарамастан ізгілік туралы фильмнің көрермен қабылдауына әсері мол. Фильмді тамашалап отырып көзіне жас алып, көңілі босамаған жан сирек. Аталған кино­кар­тинаның айналаңа жақсылық жасап, ойыңды ізгілендірумен қатар, жер­дегі жұмағың – ата-ананың қадіріне жету­ге және ең бастысы өзіңді танып, болмыс-танымыңды барынша Жаратушыға жақын­датуға деген әсері де ұшан-теңіз. Сол жолда режиссер тіпті қиял-ғажайып оқиғаларға да барып, түрлі мұғжиза сюжетті оқиға өзегіне айналдырады. Әлбетте оның бар­лығы да фильм табиғатына сай жылы қабыл­данды да. Бұл ойымызды отандық режиссер Қуаныш Бейсек те қуаттады: «Фильм өз діттегеніне жетіп, алдына қойған мақсатын толықтай ақтаған. Жеке өз басым аталған киноны үш рет көріп шықтым. Әр тамашалаған сайын әсерім күшеймесе титтей де кеміген жоқ. Алғашында режиссердің тікелей жолдауымен жеке отырып көріп шықсам, кейінгісін кинотеатрдан тамашаладым. Фильмді үлкен экран арқылы көрудің өз кереметі бар ғой, әсері де ғажап. Актерлер өзіне жүктелген рөлдерін шебер сомдап шыққан екен. Меккеге арбамен шыққан ана мен баланың сезімін шын сезіне алдым. Бұл фильмді тек діни тұрғыда емес, адами құндылықтар дәріптелген, жақсылық жасауға үйрететін үздік кино деп бағалаймын», деді режиссер.

Расымен де бүгінде әлемді қатыгездік жайлап, мейірім азайыңқыраған уақытта дәл осындай жанды жадыратып, көңілді сәулелендіретін жып-жылы, жап-жарық фильмдердің жарыққа шығуы үлкен олжа. «Пейіш ананың табанының астында» фильмі арқылы әр көрермен ойланып шықса, оның өзі режиссер мен түсірілім тобының діттеген мақсатын бағындырғаны. Біздіңше, ел аузында жүрген туындының бас­ты жетістігі де осында жатса керек.