Режиссер Руслан Акунның «Пейіш ананың табанының астында» фильмінің жалпыхалықтық көрсетілімге шыққанына біраз уақыт өткенімен, аталған туынды хақында айтылар жылы пікірлер легі әлі күнге дейін толастаған жоқ. Себебі жер басып жүрген пенде біткеннің бәріне ортақ тілекпен ұштасқан картина көңілде жатқан көп қатпарды қозғағаны анық.
Үлкен экранға көз салып, санаға сәуле шашқан шығарманы тамашалағанда кемеңгер қаламгер Ф.Достоевскийдің «Әлемді сұлулық құтқарады» деген әйгілі сөзін тіл ұшына үйіре бердік. Жазушының айтқан сұлулығы қандай сұлулық? Біздіңше, ол жан тазалығы һәм жүрек ізгілігімен үндессе керек. Ал ізгілік пен мейірімге толы әлемнің қашанда сұлу болатыны хақ. «Пейіш ананың табанының астында» туындысымен танысқанда картинаның өзге артықшылықтарынан бұрын ең әуелі осы бір идеясы бізді өзіне баурай берді.
Бұған дейін отандық кинонарықта танымал болған «Сәлем, Нью-Йорк», «Ананы іздеймін», «Көкбөрі», «Оффлайндағы демалыс», «Сәлем, Еуропа!» сынды бірнеше кассалық фильмге сценарий авторы, продюсер әрі режиссер болған шығармашылық иесінің «Пейіш ананың табанының астында» картинасына келуі де кездейсоқ болмаса керек. Жалпы, фильмнің негізгі идеясы Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Болот Тентимышовке тиесілі екен. Ал оны кино тіліне айналдырып, көрерменімен қауыштырған Руслан Акунның да айтулы жобаға сіңірген еңбегі ерен. Сол секілді картинада басты рөлді ойнаған әртістер – Еміл Есенәлиев (Әділ), Қырғызстанның халық әртісі, Қырғыз ұлттық академиялық театрының ардагер актрисасы Анаркүл Назарқұлова (Райхан апа), Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда бастаған (Әлішер) шебер актерлер ойыны шын мәнінде сүйсінтті.
Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түркия, Мысыр, Сауд Арабиясы сынды барлығы алты мемлекетте түсірілген фильмнің желісі психикалық дамуы жас баланың деңгейінде қалып қойған 35 жастағы Әділдің таңғажайып оқиғасына негізделген. Әділ шағын ауылда 75 жастағы анасы Райхан апамен тұрады. Анасы Әділге Алла Тағала оны ерекше жақсы көретінін, сондықтан оның тікелей жұмаққа баратынын үнемі айтып отырады. Бірақ Әділ анасынсыз жұмаққа барғысы келмейді. Бір күні ол сегіз жастағы досынан анасын киелі Меккеге жаяу апарса, онда аяулы жан жәннатқа бара алатынын біледі. Осыдан кейін Әділ таңғажайып саяхат жасау туралы батыл шешімге келеді. Ол анасын арбамен жаяу Меккеге апаруға бел буады. Райхан апа ұлы Әділді жындыға балап, әркетіне жұрт күле ме деп қорқып, сапарға келіседі. Осы қызық сапарда Әділ мен Райхан апа талай сынақтан өтіп, жол бойында көптеген мейірімді адамдарды кезіктіреді. Фильм ананың ұлына деген махаббаты шексіз екенін және ұлтына қарамастан адамзат атаулы ана үшін қиындықты еңсеруге барын аямайтынын тағы бір дәлелдейді.
«Бұл фильмге мені режиссер Руслан Акунның өзі таңдады, іріктеусіз өттім. Ол кісі осы рөлді ойнағанымды қатты қалады. Түсірілім екі жарым айға созылды. Бірақ арасында елден елге өтуге рұқсат алуға Қырғызстанға қайтып келіп отыруымыз қажет болды. Көп күніміз Мысырда өтті. Біраз күн Меккеде болдық. Фильмнің идеясы өте ұнады. Сценарийді бір деммен оқып шықтым. «Бұл рөлді ойнаймын, елге, аналарға, бүтін қырғыз ұлтына айтатын ойым бар екен» деп бірден келісімімді бердім. Фильм түсірілімі кезінде Умра қажылығын өтедім. Меккеге бір күн ерте барып, түні бойы таң атқанша жүрдік. Қағбаға зиярат еттік. Осының барлығы аталған фильмнің игілігі ғой. Киноны үлкен экраннан көрген көрермен: «Түсірілім жолы ауыр болған сияқты. Шаршап қалмадыңыз ба?» деп жиі сұрақ қояды. Бірақ мен шаршағанымды тіпті сезген де жоқпын, керісінше рухани тұрғыдан керемет демалдым. Түсірілім тобының ұйымшылдығы да жанға керемет шуақ сыйлады. Бәріне ризамын», деп актриса ағынан ақтарылды.
Атауы айтып тұрғандай, фильм идеясы ана мен бала арасындағы тіні үзілмес аяулы қарым-қатынасқа құрылған. Сол арқылы әлемнің ізгілігін, Жаратушыға деген шексіз махаббат құдіретін көрерменіне ұғындырғысы келгендей. Сол шексіз сүйіспеншілік пен риясыз сенім ана мен баланы қасиетті сапар – Меккеге бастар ұзақ жолды жаяу жүріп еңсеруге жетелейді, жігерлендіреді. Жолдағы кездескен адамдардың құлшылыққа кетіп бара жатқан жандарға жасаған қамқорлығы мен мейірімі де көрерменін еріксіз елжіретеді. Ал басты рөлдегі актерлердің шебер ойыны шынайы қошеметке лайық.
Әлбетте, мұның барлығының да киносүйер қауымға әсері зор. Әйтсе де сценарийде жіберілген кейбір шашыраңқылық пен қисынсыз қабысулар көркем фильмнің табиғатына салқынын тигізбей қоймапты. Атап айтсақ, фильмнің алғашқы жартысын шытырман сюжетке құрылған фильм деуден гөрі, телевизиялық саяхат-шоуларын тамашалап отырғандай әсерге бөлейді. Тек екінші бөлімінде, яғни бас кейіпкерлер Әзербайжан асып, Сирияға табан тіреген сәттегі қайшылықтар оқиғаны барынша ширықтырып, кино табиғатына бір табан жақындата түскендей. Алайда оған қарамастан ізгілік туралы фильмнің көрермен қабылдауына әсері мол. Фильмді тамашалап отырып көзіне жас алып, көңілі босамаған жан сирек. Аталған кинокартинаның айналаңа жақсылық жасап, ойыңды ізгілендірумен қатар, жердегі жұмағың – ата-ананың қадіріне жетуге және ең бастысы өзіңді танып, болмыс-танымыңды барынша Жаратушыға жақындатуға деген әсері де ұшан-теңіз. Сол жолда режиссер тіпті қиял-ғажайып оқиғаларға да барып, түрлі мұғжиза сюжетті оқиға өзегіне айналдырады. Әлбетте оның барлығы да фильм табиғатына сай жылы қабылданды да. Бұл ойымызды отандық режиссер Қуаныш Бейсек те қуаттады: «Фильм өз діттегеніне жетіп, алдына қойған мақсатын толықтай ақтаған. Жеке өз басым аталған киноны үш рет көріп шықтым. Әр тамашалаған сайын әсерім күшеймесе титтей де кеміген жоқ. Алғашында режиссердің тікелей жолдауымен жеке отырып көріп шықсам, кейінгісін кинотеатрдан тамашаладым. Фильмді үлкен экран арқылы көрудің өз кереметі бар ғой, әсері де ғажап. Актерлер өзіне жүктелген рөлдерін шебер сомдап шыққан екен. Меккеге арбамен шыққан ана мен баланың сезімін шын сезіне алдым. Бұл фильмді тек діни тұрғыда емес, адами құндылықтар дәріптелген, жақсылық жасауға үйрететін үздік кино деп бағалаймын», деді режиссер.
Расымен де бүгінде әлемді қатыгездік жайлап, мейірім азайыңқыраған уақытта дәл осындай жанды жадыратып, көңілді сәулелендіретін жып-жылы, жап-жарық фильмдердің жарыққа шығуы үлкен олжа. «Пейіш ананың табанының астында» фильмі арқылы әр көрермен ойланып шықса, оның өзі режиссер мен түсірілім тобының діттеген мақсатын бағындырғаны. Біздіңше, ел аузында жүрген туындының басты жетістігі де осында жатса керек.