Ғұндардың Еуропаға келуі бірнеше көркемдік стильдердің пайда болуы мен гүлденуін тудырды. Олардың ішінде ғұндармен ең жарқын, ең тығыз байланысты – полихромды стиль.
Полихром стилі – алтын мен сердолик және қызыл түсті қымбат бағалы тастарды қолдану. Көбінесе зергерлік бұйымдардың негізі қола пластинадан жасалған, жұқа алтын немесе алтын фольгамен көмкерілген. Нәтижесінде, алтын фон дәнекерленген ұялардағы қызыл түсті тастармен безендірілген. Әр тас жұқа алтын жолақпен оралған. Дәнекерленген ұяшықтарға орналастырылған қызыл түсті тастар мен гауһар әшекейлер ең алдымен ғұндарға тән. Ғұн әшекейлері – диадемалар, колттар, кулондар осылай безендірілген. Ғұн дәуіріндегі полихромдық стильдің бір тармағы «клуазоне» деп аталды. Клуазоне – бұл сәндік мүмкіндіктеріне байланысты кеңінен таралған эмальды әшекейдің ең көне әдісі. Сонымен қатар бұл механикаландыруға жауап бермейтін еңбекті қажет ететін және күрделі техника. Өнімнің алдыңғы беті жиекпен жиектелген, ал өрістің өзі бірдей алтын жиектермен – бөлімдермен бөлінген. Рубин және қызыл түсті тастар, әдетте пластиналар бетіне орналастырылды. Құнын арзандату үшін зергерлер рубин, сердолик тастарды жұқа етіп жасап, тастар түбінің арасындағы аралықты гипс немесе цемент негізіндегі қоспалар толтырды. Тастар «алтын түсін» жоғалтып, «сөнбеуі» үшін олардың астына алтын фольганы жұқалатып ою-өрнекпен салған.
Әдістер жетіле келе ғұн дәуірінде полихром стильдің неғұрлым күрделі түрі «толқынды клуазон» (дрожащий клуазон) пайда болды. Бұл стиль тастар арасындағы алтын, күміс металдар толқын контурлар сияқты жасалып, тастар толқындар пішіні бойына орналастырылады. Ғұн даласында бұл техникада жасалған заттар сирек кездеседі. Бірақ бүкіл Еуропада клуазон стиліндегі заттар өте танымал болған. Клуазоне, әсіресе «толқынды клуазон», Меровингтер әулетінің алғашқы франк патшалары арасында өте танымал болды. Король Хильдериктің Турнадағы қабірінен табылған бірқатар заттар осы стильде жасалған. Осы әдістер негізінде ғұндарда зергерлік бұйымдарының жарқын және ерекше кешені қалыптасты. Оның негізі диадемалар, колттар және кулондар болды. Рас, бұл өнімдер өте сирек кездеседі. Оның ішінде диадемалар кездейсоқ олжалар және әлем бойынша жалпы саны жиырмадан сәл асады, колттар – онға жуық, кулондар – одан да аз. Мұндай олжалардың аз болуының бір себебі толық жиынтықты әшекейлерді бай және асыл текті әйелдер ғана пайдаланғанын көрсетеді. Диадемалар немесе маңдай әшекейлері әдетте ені бірнеше сантиметр болатын тікбұрышты тақтайшаға ұқсайды. Әдетте, қола негізді алтын фольгамен қапталған және әшекейленген, көбінесе бірнеше қатарда, асыл тастардан, негізінен қызыл түсті тастарадан жасалған. Пластинаның шеттерінде оны тоқылған немесе былғары негізге тігуге арналған тесіктер болды. Пластинаның жоғарғы жиегінде бір немесе тұтас «саңырауқұлақ тәрізді» шығыңқы жерлері бар бірнеше ерекше сәнді үлгілер белгілі.
Ғұн кулондары ерекше, пішіні мен өндіріс техникасы жағынан күрделі. Олардың жоғарғы бөлігі қабыршаққа ұқсайды, сыртқы жиегінде ол колталар сияқты символдық сәулелермен немесе пирамидаларымен безендірілген. Сонымен қатар тікбұрышты пішіндер ғұндық полихром стилінде осы «қабыршақтарға» төменнен бекітілген. Археологтер арасында бұл бұйымдар, яғни кулондар ретінде пайдаланылды ма, әлде шекелік әшекей нұсқасы ма деген пікірталастар болды. Бірақ Қырымдағы «Марфа» қорымында асылтекті ғұн әйелінің барлық негізгі әшекей жиынтығы табылғандықтан, оның ішінде диадема, колттар мен кулондар – зергерлік бұйымдардың әр түрі өз рөлін атқарды және олар бір-бірін толықтырды деп қорытындылау орынды. Мүмкін, бұл кулондар – мойын әшекейі гривнаның төменгі бөлігі де бола тұрып, олардың негізі сақталмауы мүмкін.
Қызыл түсті және сердолик тастар басқа кез келген зергерлік бұйымдардың алтын өрісі көбінесе әртүрлі комбинацияда орналасқан дәнекерленген үшбұрыштарымен безендіріліп, әшекейлердің алтын фонын одан да көркем етті. Кейде археологтер ғұндардың әйел әшекейлері құрамында мүлдем анық емес, «айдаһарлар» және әртүрлі салпыншағы бар дөңгелек әшекейлер тапқан. Бірақ оларды қалай қолданғаны мүлдем беймәлім, бұл өз кезегінде тарихтағы ғұн әйелдерінің құпиясы болып қала береді. Ғұн әйелдерінің зергерлік бұйымдары, барлық өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, сарматтықтармен кейбір ұқсастықтарға ие. Егер біз ғұндардың жерлеу орындарында сарматтарға тән айналар табылғанын еске түсіретін болсақ, онда ғұндар көбінесе сармат тамыры бар әйелдеріне үйленген деп ойлау орынды. Костюмді безендіретін зергерлік бұйымдар өздерінің ерекше мазмұнын көрсетеді, кейбір заттар мысалы, иесінің әл-ауқатын, қорғайтын тұмарлар діни идеяларды бейнелейді, ал басқаларын биліктің нышаны ретінде де қарастыруға болады.
Ежелгі халықтардың өмірі мен идеологиясын бейнелейтін әртүрлі археологиялық орынның ішінде алтын және күміс зергерлік бұйымдар – алыс өткендегі зергерлік бұйымдардың үлгілері үлкен қызығушылық тудырады. Олардың көпшілігі пішін әсемдігі мен ою-өрнектің әр алуандығы, күрделі орындау техникасымен үйлесетін жоғары көркем шығармалар.
Дилорам Тауасарова,
«Ұлы дала елі» орталығы қызметкері