• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 03 Қазан, 2024

Қауіпсіздік шаралары пысықталды

72 рет
көрсетілді

Қысқы маусымға қай жағынан болса да ер­те бастан қамдану қа­жет. Алматыда Тө­тенше жағдайлар де­партаментінің 100 шақты қызметкері пешпен жылытылатын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі шараларын түсіндіріп жүр.

Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин бұл шаралар «Қауіпсіздік үшін – бірге», «Көмек қолы» деген атауға ие екенін айта келіп, былтырғы жылыту маусымында тұрғын үй секторларында 231 өрт шыққанын, 6 адам көміртегі тотығымен, тағы 5 адам табиғи газбен уланғанын еске салды.

«Бірінші кезекте мұқ­таж отбасылар, сондай-ақ қарт адамдар жалғыз тұратын үйлер тексеріледі. Біздің ерекше бақылауымызда көмірмен жылытылатын 727 жеке үй бар. Бұл жұмысқа жеке құрамның 100-ден астам адамы жұ­мылдырылған. Үйлерді тексеру қоры­тындысына сүйеніп, де­меушілік қа­ражат есебі­нен көміртегі тотығы дат­чиктерін орнатамыз. Жалпы, 2018 жыл­дан бастап ХӘОТ сана­тындағы 1,4 мыңға жуық отбасы үйі көміртегі тоты­ғы датчиктерімен жаб­дықтал­ған», деді К.Канин.

Маман көміртегі тоты­ғымен уланудың алдын алу шараларына ерекше назар аударылатынын атап өтті, өйткені оны тек сен­сорлардың көмегімен анықтауға болады. 

«Кө­міртегі тотығы табиғи газ толық жанбаған кезде пайда болады. Оның түсі де, дәмі де, иісі де жоқ болғандықтан, тек сенсорлар мен газ анализаторларының көмегімен анықталады. Құ­ра­мында көміртегі тоты­ғы бар ауаның 2-3 тыныс алуы улануға, одан да ауыр зардаптарға әкеледі», дейді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы. 

Мамандар баспасөз жиы­нында көміртегі тоты­ғымен уланудың алдын алуға қатысты  ақыл-кеңестерін берді.

15 тамыздан бері қалада халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталған «Қауіпсіздік үшін – бірге», «Көмек қолы» акциялары жалғасын тауып, 152 911 жеке тұрғын үй есепке алынды, оның ішінде қат­ты отынмен жылытылатын 727 жеке үй ерекше бақы­лауда тұр. Тұрғын үй ұйым­дарының (МИБ, ПИК, т.б.) өкілдерімен бірлесіп жиналыстар өткізіледі, жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы туралы СМС хабар таратылады.

Дегенмен ТЖД тұрғын үй секторында мемлекеттік өрт бақылау қызметі жүзе­ге асырылмайтынын, өрт қауіпсіздігіне азаматтар оны саналы түрде сақта­ған жағ­дайда ғана қол жеткі­зетінін қаперге салды.

«Көміртегі тотығы – үнсіз жан алғыш, ол иіссіз, түссіз, сондықтан оны тек датчиктер мен дабылдардың, газды бақылау құралдарының көмегімен анықтауға болады. Көміртегі тотығымен улану көбінесе түтін тартатын мұржалардың, жел айдайтын каналдардың болмауы, байланыстырушы құбырлардың тығыз­далмауы, газ аспаптарын пайдалану кезінде тере­зелердің жабық болуынан орын алып жатады», дейді мекеме мамандары.

 

АЛМАТЫ