Қазақстан Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов пен Ресей Федерациясы Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкин Қазақстан Парламенті Сенаты мен Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 22-отырысын өткізді.
Іс-шараға сенаторлар Андрей Лукин, Ольга Булавкина, Жанна Асанова, Нұрия Ниязова және Сәкен Арубаев қатысты. Олар ресейлік әріптестерімен энергетика және көлік логистикасы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылдың келешегін, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы батырларының тарихи естелігін сақтау шараларын талқылады.
Жақып Асанов өз сөзінде Ресей Қазақстан үшін ең маңызды стратегиялық әріптес әрі сенімді одақтас екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасында мемлекетаралық байланыстың барлық саласын қамтитын жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог қалыптасты. Екі елдің мемлекет басшыларының сапарлары стратегиялық әріптестікті тереңдетуге деген ұмтылысын айқын көрсетеді.
«Президенттердің достық және сенімді қарым-қатынасы барлық деңгейдегі байланыстың сипатын белгілеп берді. Екі ел парламенттерінің байланыстары бойынша қарқынды үн қатысу өрістеп келеді. Қазақстан мен Ресейдің Үкімет басшыларының, салалық мемлекеттік органдар басшыларының кездесулері тұрақты түрде өтіп жатыр. Менің ойымша, біз өз тарапымыздан комиссияның жұмысы екі мемлекетке де барынша пайда әкелуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек», деді Ж.Асанов.
Ресей тарапы өз кезегінде ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсуге дайын екенін білдірді. Андрей Яцкин сындарлы диалог пен бірлескен жобаларды іске асыру екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті.