• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Қазан, 2024

Хан Тәңірі биігін бағындырған

74 рет
көрсетілді

Асқаралы тауды, құзар шыңдарды аңсау адамзат баласының биікке деген ғашық­­тығынан туындаған. Адам аяғы баспа­ған құзар шыңға табан тіреу – алынбас қамалды бағындырғанмен бірдей. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңір­лік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Дмитрий Казанцев те жастайынан тау­ға құмар болып өскен. Ол бір кездері елі­міздің ең биік нүктесі Хан Тәңірі шы­ңы­на өрмелеп шығып, өзінің бала кезгі ар­ма­нына жеткен.

Оның тауға құмарлығы аяқастынан басталған. Алғашқыда ешбір да­йын­­дығы болмаса да, альпинистерге ілесіп биікке өрмелеу сапарына қатысыпты. Алай­да алғашқы жорығы айтарлықтай нәти­желі бола қоймаған. Содан кейін шыңға өрме­леу­ші спорт­шылардың кеңесімен тыңғы­лық­ты дайын­дықтан өткен. Бұл оның студент кезі еді.

«Алматыда альпинистерге арналған арнайы жасанды тау жыныстарынан тұратын спорт қалашықтары бар. Ол жақта алып тауды бағындыруда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек екенін үйреніп, тауға шығу шеберліктерін шыңдауға болады. Міне, мен осы бір спорт алаңқайында үздіксіз дайындықтан өттім. Сондай-ақ оттегі маскасын тағып, таңғы жүгіріске көштім. Арқама он литрлік су бөтелкесі салынған сөмкені асынып немесе гір тастарын көтеріп жүруді әдетке айналдырдым. Алматы қаласында Абай даңғылымен жеті-сегіз шақырымды еңсеруді мақсат тұттым. Он кило салмақ арқама үйрен­­шікті болғанда, жиырма кило салмақ­ты көтере баста­дым. Менің мұн­дай ауыр салмаққа көшкеніме аль­пи­нистер тобының жетекшісі арқау болды. Ол маған жүк тасушы болсаң, килосына 5 доллар төлейміз деп айт­­қан еді. Ақша табуға тал­пын­ған студентке бұдан артық қан­­­дай құлшыныс қажет», дейді Д.Казан­цев.

Дмитрийдің ең алғашқы бағын­дыр­ған асуы – Алатаудың «Астана шыңы». Теңіз деңгейінен есептегенде биіктігі – 4 376 метр. Оған кейіпкеріміз бес қаруын сайланып, жоғары дайындықпен барған.

«Бізді тікұшақ таудың бел­гілі бір деңгейіне дейін әкеп тастады. Ол жерге азық-түлік, құрал-жабдықтарымызды тастап, жоғары қарай біріміздің артымыздан біріміз еспе арқан арқылы көтерілдік. Менің арқамда 37 кило салмағы бар жүк сөмкесі болды. Ол күн мен үшін ауыр сынаққа айналды. Алайда табанды түрде жасаған жаттығуларым бұл жорықта өз жемісін берді», дейді.

Одан кейін Іле Алатауының ең биік нүктесі – Талғар шыңын да бағындырыпты. Бұл шыңның құзар биігі 5 мың метрден асады екен. Жыл он екі ай ақ қармен бүркенген Тянь-Шань тау жоталарының сол­түс­тік сілемін бағындыру оңай­ға соқ­паған. Өйткені алғашқы биік шың­­дардай қар мен қара жері тар­­ғыл­данып жатпайды. Айнала – түгел аппақ қар. Бұндай уақытта арқа­ңа асынған сөмкеңнің салмағы да ұлғая түседі. Үстіңе киген қалың киім де жүк үстіне жүк. Оның үсті­не омбы қарда омақасып шалт бас­саң, қар көшкіні туындап кетуі де ға­жап емес.

«Қасат қардың машақатына тап болдым. Алайда бұл жағдай­ менің тауға шығуға деген құл­шынысымды қайтармады. Қайтпас қайсар мінезіме тәнті болғандар менің тарапыма жылы лебіздерін жолдады. Жалпы, тау шыңына өрмелегендер тек қолдың ғана емес, аяқтың да күшін тиімді пайдаланғаны абзал. Тау шыңына өрмелеу әрбір мақсатшыл азаматқа аласармас биіктерді бағындыруға, басқа түскен сын-сынаққа сынып қалмай, тайсалмай, әрдайым жеңімпаз бола білуге үйретеді. Кей кезде шыңның құзар басына шыққанда тауға өрмелеушілер ішкі эмоциясын шығарады. Біреуі айғай салса, біреуі көз жасына ерік береді. Әсіресе көңілдің мұндай ала­­бөтен шағына Отанымыздың ең биік нүк­тесі шығыс Тянь-Шань тауындағы Хан Тəңі­ріне шыққанда куәгер болдым», дейді кейіп­ке­ріміз.

Альпинистер тобын Хан Тәңірінің белгілі бір жазық бау­райына дейін тікұшақ алып келген. Әрі қарай екі аяққа сенім артып, биікке өрлеу басталыпты. Д.Казанцевтің айтуынша, оның өмірін­дегі осы ең маңызды сапары сәтті аяқталып, еліміздің бас­ты биік шыңын бағындырған. Бұл – әлбетте, екінің бірінің қолы­нан келмейтін ерлік. Бәлкім, алғыр жігіттің әскери борышын өтеуге келуі де осы төзімділігі мен шыдамдылығынан шығар.

Кейіпкеріміз альпинизмнен үлкен жетіс­тік­терді бағындыру үздіксіз еңбекті, бел­гілі бір да­рынды қажет ететінін айтады. Қол­­данбалы және спорттық дағ­ды­­ларды қалып­тастырады. Адам мо­то­рикасының жан-жақ­ты да­муы­на септігін тигізеді. Физи­калық белсенділіктің ұзақ­тығы адам­ды төзімділікке, сабыр­лы­лық­қа тәрбиелейді.

«Жалпы, тау спортынан кейін Ұлттық ұлан сапында мерзімді әске­ри қызметімді өткеруге келге­нім­де ешқандай қиындыққа кезік­пе­дім. Әсіресе дене даярлығында үздіктер қатарынан көріндім. Бұл спорт түрінің бір тиімді тұсы – саған айналаңдағы керемет пейзаж көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Әлемде табиғаттан көркем және онымен қарым-қатынаста болудан әдемі ештеңе жоқ. Биік таулы ландшафтың алуан түрлі қырат-бұйраты көз алдымнан кетпейді», дейді ол.

Ұлттық ұлан сапында Отан алдын­дағы борышын өтеуді өзіне абырой санайтын Дмитрий өзінің бола­шағына сеніммен қарайды. Алда­ғы уақытта Хан Тәңірі шыңын екінші рет бағындырғысы келетінін айтты. Бірінші рет альпинистер салған сүрлеу арқылы шықса, енді тіке­лей жартас арқылы шығуды мақсат тұтады. Бұл – нағыз көзсіз ерлер­дің ғана қолынан келетін шаруа. Оның қауіпті екенін де мойындайды.

«Егер мен құз-жартасты ауыз­дық­тау арқылы шың басына көте­ріл­сем, «Алтын мұз­жарғыш» жүл­десіне ие боламын», дейді кейіп­­ке­рі­міз.

Біз тауға ынтық тарланға мер­зім­ді әскери қыз­метін сәтті өткеріп, алға қойған арманына жете беруіне тілектестік білдірдік.