• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Пікір Кеше

Ұстаз ұлағаты – ұрпаққа өнеге

212 рет
көрсетілді

Қай дәуірде болсын ұстаздың қоғамдағы рөлі, мәртебесі жоғары. Адам жанының нәзік иірімдерін түсініп, шәкірт болмысын дөп басып танып, болашақтың бақшасына жеміс егетін де, мәуелі бақтың бағбаны да – осы ұстаздың ұлағаты, шыдамдылығы мен шеберлігі, парасаты мен даналығы. Жас буынның болмысына, жүрегіне тәрбие, білім, жалпыадамзаттық аксиологиялық ізгілік игіліктерін дарыту барысында ұстаздың ішкі жан дүниесіне тән және сыртқы келбетінен көрінетін асыл қасиеттері тоғысқанда ғана жеке тұлғаға ықпал ететіні туралы па­йымды тұжырымдар әрбір заманда өзектілігін, құндылығын жоғалтпайтынын білеміз.

Әрбір ұстаз – өзінің бі­лімі, білігі, жүріс-тұ­ры­сы, жайдары мі­незі, тіпті сыртқы келбеті, бет-бей­не­­сімен де шәкіртке үлгі ұлағат иесі. Халқымыздың бір­туар перзенті, академик-жазушы Мұхтар Әуезов: «Мұғалімнің ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйсініп, ылғи соларды ғана оқытуы дұрыс емес» деуі арқылы әр шәкірттің ешкімге ұқсамайтын әрі қайталанбайтын болмысы, тұлғалық ерекшелігі бар екенін есімізге түсіріп, оларды бағалау­да бір-бірімен салыстырып, бірін артық, бірін кем санап, оларды бөліп-жарудың адамдық әрі ұстаздық асыл қасиетке жат­пай­тынын тілге тиек етеді. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр­дегі орын мұғалімдікі» деген әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев, қай қоғамда болса да, ұстаз мәр­те­бесінің жоғары екенін, осы дең­гейге көтерілу үшін әрбір ұстаз саналы ғұмырын сарп етіп, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, төрдегі орынға табандылықпен жететі­нін тереңнен тұжырымдаған.

2019 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Рес­публикасының «Педагог мәр­те­бесі туралы» заңы­на қол қойды. Мемлекет бас­шысы педагог мәртебесін заң­мен бекітуі ақын М.Жұмабаев сын­ды Алаш арыстарының асыл арманы­ның тәуелсіздік дәуірін­де жүзеге асуы деп білеміз. Педа­гог мәр­тебесін заңмен бекіту арқы­лы мемлекет басшысы ұстаз­дың қа­зіргі таңдағы маңызды рөлі мен атқаратын қызметін нақты айқындап беріп, қоғамдағы ұстаз лауазымының, ұстаз қадірінің қашанда жоғарыда екенін тағы бір көрсетті. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы ұс­таздар қауымының тынысын ашып, көкжиегін кеңейтті, саналы ұрпақты тәрбиелеу жолында бар ынта-жігерімен еселі еңбек етіп, келешекте қазақ қоғамы­ның игілігіне қызмет қылатын бірегей тұлғалар тәрбиелеу ісін алға қойды. «Педагог мәртебесі туралы» заң білім ордасындағы мұғалімге де, білім алушыға да тиімді болып, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.

«Ұстаз талантты болса, шә­кірті талапты» деген халық да­на­­лығынан ұстаздың қоғам­дағы ор­нымен қатар, шеберлігін, өмір­лік ізденісін, ұлы мұрат жо­лындағы игілікті миссиясын айқындайтын құндылықты аң­ға­руға болады. Дарынды, шы­ғар­машыл, талантты әрі талмай ізденіс жолында жүретін көкі­регі ояу, жаңашыл ұстаздан бі­лім алған ойлы шәкірттің санасы сергек, рухы биік болары хақ. Осы тұста адамзаттың ақыны Абай­дың «Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге. Көкiрегінде болсын көз» деген өлең жолдары ойға оралады.

Қай дәуірде болса да сан мың­даған шәкірттің санасын оятып, үлкен өмірге дайындау «ине­мен құдық қазғандай», қа­жырлы еңбекті талап етеді. Күн сайын біліміңді жетілдіріп, алдыңа кел­ген әрбір балаға жеке тұлға ре­тінде қарап, оның өзіндік ерек­шелігін ескере отырып, жаңа ақпаратты түрлі әдіс-тәсілдермен жеткізу, танымдық, тағылымдық тұрғыдан қызықты, сапалы білім­ді тиімді түрде ұсына білу – ұстаз­дан қыруар еңбек пен күш-қуатты және уақытты талап етеді. Біздің мақсатымыз – жаңа Қазақстандағы жас ұр­пақты болашағы жарқын, рухы асқақ, отаншыл, ұлтжан­ды тұл­ға етіп тәрбиелеу. Біз мәң­гі­лік елдің алашшыл жастарын қазақ руханиятының қайнар бұ­ла­ғынан сусындатып, бойына адам­гершіліктің іргетасын қалап, бірлік пен берекеге, отаншыл­дық пен асқақ рухқа, ізгілікке не­гізделген білім мен тәрбиенің дәнін егудеміз. Мұндай қызығы мен қиыншылығы, бейнеті мен зейнеті, машақаты мен жетістігі бірге жүретін жауапкершілігі мол жұмысты қатар алып жүру тек нағыз ұстаздың ғана қолынан келері анық. Осы орайда хәкім Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға...» ­деген даналығын еске түсіргені­міз орынды. Тағылымға толы бұл сөз­дің астарында асыл ақи­қат жатыр.

Ал ұстаздың қоғам алдын­­да­ғы зор беделі нақты бір ереже­лер­мен өлшенетін, жеңіл әрі атүсті жасалатын жұмыстың нәтижесі емес. Әрдайым тәрбиелеп отыр­ған шәкіртінің тұлғалық дамуы­мен, жеткен жетістігімен, қоғамда бір кірпіш болып қаланып, азат елі­не адал қызмет етуге бағыттай­тын әрі жемісін көрсетуді талап ететін тынымсыз атқарылатын қызмет пен ерен еңбектің, есеп­сіз төгілген маңдай терінің нә­ти­жесі. Ұстаздың қоғамдағы рөлі шәкіртінің өмірден өз орнын тауып, қазақ қоғамына, елі мен жеріне тигізер пайдасымен, кісілігі зор тұлға ретінде қалыптасу сапасымен бағалану­ға тиіс. «Ұстаз – адам жанының инженері» деген қағидаға сүйен­сек, әрбір ұстаз танымы терең, тарихы мыңжылдықтар қойнауын­да жатқан, әлемде өзінің алып кеңістігі бар қазақ деген ұлт­тың ұрпағын еліміздің келешегі көркем болуына өзіндік үлесін қосатын саналы, иманды етіп тәрбиелеуге күш салуға тиіс. Демек ұстаз – ұлттың көкірек кө­зін ашып, санасына сәулесін түсіретін, ұлттық рухын көтеріп, ұлттық дүниетаным көкжие­гін кеңейтетін алып тұлға. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқы­ту ісін түзетуден бастауымыз керек», деп ұлт тәрбиесін білім беру саласымен тығыз байланыста қарастырудың маңызын ашып көрсеткен. Ахмет Байтұрсын­ұлы жас ұрпаққа білім берудегі әдістеменің пайдасын, «аз болса да, саз» етіп үйретудің тиімділі­гін: «Балаларға көп үйретем деп асығып, шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал», деп түсіндіреді.

«ХХІ ғасыр – білім мен білік­тің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабіле­тін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімді­лігі ел дамуының бас­ты қозғау­шы күші болуға тиіс» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ жоғары білімінің қасиетті қара шаңы­ра­ғы – Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық универ­си­теті бұл істің үдесінен шы­ғып, бүгінде білім, ғылым, тәр­бие сынды құндылықтар үштаға­нын наси­хаттайтын қасиетті орда. Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университеті – еліміздің алғашқы жоғары оқу орны. Ғасырдан астам тұрлаулы тарихы бар білім орда­сының ұлт руханиятында ала­тын орны айрықша. Алғаш құрыл­ған күннен бастап бүгінге дейін қо­ғам өмірінің барлық салаларын­да қызмет ететін білікті мамандар даярлап жатыр. «Мақсатсыз ха­лық жүгенсіз» деген тәмсілге сай, жоғары білімнің қарашаңырағы саналатын оқу орнының мақсат­ты стратегиялық бағдарлы жолы, өзіндік миссиясы, пайымы ай­қын, құндылығы жоғары. Тілге тиек еткен үш құндылық­ты темірқазық ретінде ұстанған ­стра­тегиялық бағыт-бағдары бар.

Ордалы оқу орнының негізгі миссиясы: «Біз озық әдістемелер, ұлттық мұра және әлемдік тәсіл­дер негізінде заманауи білім беру қажеттіліктерін алдын ала бол­жай білетін педагогтерді даяр­лаймыз. Біз мұғалім ма­мандығының бе­делін арттыра­мыз және адами капиталды дамы­тудың драйвері боламыз».

Пайымы: «Абай университеті 2029 жылы Орталық Азиядағы педагогикалық білім беру көш­басшысы, жаңа формациядағы педагогтер даярлайтын иннова­циялық алаңға айналады».

Құндылықтары: «Abai Uni­versity педагог-ғалымдары, қыз­мет­керлері мен студенттері ұжым­ның әрбір мүшесінің дамуы үшін жағдай жасайтын мынадай құндылықтармен бөліседі: кәсібилік, жауапкершілік, адал­дық, ұйымшылдық, студенттік центризм, шығармашылық, көш­басшылық, икемділік».

Жоғары білім беру жүйесі­нің көш басында тұрған білім ордасы аталған бағытта болашақ ұстаздар, кәсіби мамандар даяр­лап, білім бәйгесіне қосуда озық тәжірибе мен үздік нәтиже көр­сетіп келеді. Бұл бағытта ұлт үшін қалтқысыз қызмет еткен ұстаз­дар қауымының еңбегі зор және төккен тері әрқашан жоғары ма­рапатқа лайықты.

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген хәкім Абайдың қанатты сөзі ұстаз мәртебесінің биік­тігін айшықтайды.

Ойымызды Кеңес одағы­ның батыры Бауыржан Момыш­ұлы­ның: «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген ғибратты сөзімен түйіндесек, ұлт үшін осындай жауапкершілігі мол, қажырлы қызметті абыроймен атқарып, халықтың жарқын болашағына үлес қосу – ұлағатты ұстазға ғана тән құнды қасиет пен өміршең өнеге.

Алдағы кәсіби мерекемен құт­тықтай отырып, ұлт келеше­гінің кемел әрі көркем болуы жолында талмай қызмет етіп жүрген ұстаздар қауымына күш-қуат пен мықты денсаулық, жемісті же­тістікке толы толайым һәм шы­ғар­машылық табыс тілейміз.

 

Болат ТІЛЕП,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректор 

Соңғы жаңалықтар