• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Қазан, 2024

Мәслихаттың мемлекетшіл деңгейі маңызды

146 рет
көрсетілді

Кеше елордамызда «Amanat» партиясының ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II респуб­ликалық форумы өтті. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісі­нің төрағалары мен депутаттары, Премьер-министр, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері – жалпы саны 2 500 адам қатысты.

Жастардың үлесі артты

Форумда баяндама жаса­ған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттың мемле­кеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтіп, 2022 жылы ре­ферендум арқылы Конс­ти­ту­цияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нәтижесін­де Парламенттің рөлі айтарлық­тай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды.

– Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритар­лық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты сая­си партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны түгел – бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды. Ашығын айтсақ, бұрын сая­си партиялар түрлі санаттағы азаматпен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутат отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр. Өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. Елімізде қыз-келіншектер­дің бастамаларына жан-жақ­ты қолдау көрсетіліп жатыр. Әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылады. Осының бәрі реформаның нақты нәти­жесі екені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент депутаттар­дың өкілді билік функция­сын халықтың сеніміне сай жо­ғары деңгейде атқаруына қажет бірнеше мәселеге тоқталды. Ең бірінші кезекте мәслихат депутаттарының біліктілік дең­гейін жоспарлы түрде арттыру керек деп санайды.

– Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі инс­титут. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін же­тіл­діру мақсатында академиямен ынты­мақтастық орнатқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер көп, – деді Президент.

 

Мәслихат пен әкімдер – мемлекеттің қос тірегі

Мемлекет басшысы мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша мән беру керек екенін атап өтті.

– Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатыс­ты реформаның ерекшеліктері ескері­луге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру мен оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса Президент саяси партиялардың қоғамдағы өзекті мәселе­лерді шешуге бағытталған жобалары мен бастамаларына тоқталып, көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсеткен партиялардың, өзін-өзі ұсынған депутаттардың азаматтық белсенділігіне оң баға берді.

– Партиялардың жалпыұлттық мін­деттерді шешу ісіне жұмыла кірісетіні қуантады. 9 мыңнан аса отбасы су басқан үйлерін жөндеуге және қалпына келтіруге төлем алды, 6 мыңға жуық отбасына баспана сатып алуға қаржы бөлінді. Қысқа мерзім ішінде 2,5 мыңнан аса жаңа үй салынды. Жоспарланған 2 680 үйдің 2 620-сы пайдалануға берілді. Мұның барлығы – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлесе атқарып жатқан жұмысының нәтижесі. Мен саяси партиялар, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп санаймын. Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашқанын атап өтті.

– Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Әлемдік прогрестен шет қалмауға тиіспіз

Президент бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумның маңызына тоқталып, оған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дама­сының жарқын көрінісі деп баға берді.

– АЭС құрылысына қатысты өз ұс­танымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артық­шылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берсе, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихын­дағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақ мерзімді жоба. Бі­рақ бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сон­дай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға ықпал етеді. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қоры­тындылай келе, демократия үздіксіз жүретін үдеріс екеніне айрықша назар аударды. Президенттің пікірінше, әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бейжай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау ортақ парызымыз екеніне назар аударып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамыту мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы болып қала беретінін жеткізді.

Сонымен қатар Президент бақытты балалықтың негізі отбасы институты екеніне тоқталып, ата-аналарды тәрбие мәселесіне салғырт қарамауға шақырды. Әсіресе ұрпақтың цифрлық дүние­лер­ге тәуелді болуы мен виртуалды әлем­ге шектен тыс құмартуы дертке айна­лып бара жатқанына алаңдаушылық біл­діріп, керісінше, оларға ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттау қажет екенін айтты.

– Мысалы, жақында өткен Дүние­жүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық. Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек. Таяуда академик Асқар Жұмаділдаев осы турасында: «Біздің спортшылар Олимпиадаға барып, қарсыластарын төпелеп ұрып, танауын бұзып келеді. Кейін оларды әуежайда қарақұрым халық қарсы алып құттықтайды, тіпті пәтер мен көлік сыйлап жатады. Ал математика, физика, химия пәндерінен өткен халықаралық олимпиадаларда бірінші орын алған балаларымызға мұндай құрмет көрсетілмейді», деп орынды пікір білдірді, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамда тазалық мәдениетін қалып­тастырудың, Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатудың маңызы жөнінде пікір білдірді.

 

Елдегі ауқымды реформалардың темірқазығы

Мәслихат депутаттарының форумында сөз алған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Amanat» партиясы ұйымдастырған бұл жиын орталық пен аймақтардағы, барлық билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматы саналатынын, мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауға күллі қоғамның атсалысып жатқанының айқын көрінісі екенін тілге тиек етті.

– Кейінгі жылдары елімізде түбе­гейлі реформалар қолға алынды. Конс­титуциялық өзгерістердің нәтижесінде саяси институттардың үйлесімді жұмы­сы жолға қойылды. Бұл реформалар түйт­кілді мәселелерді шешуге, ба­йып­ты шешімдер қабылдауға жол аш­ты. Заң шығарушы органның қыз­меті мен мазмұны да толықтай өзгер­ді. Көп­пар­тиялы Парламент түрлі пікір­лерді тоғыстырған қоғамның үніне айналды. Қазіргі уақытта күн тәртібіндегі кез келген мәселе Парламент қабырғасын­да ашық талқыланып жатыр. Азамат­тар­ды алаңдатқан ең көкейкесті мәселе­лер заңнамалық деңгейде шешімін та­уып келеді. Мысалы, халықтың несие қарызы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, лудомания, есірткіге тәуелділік, вейптер сияқты кеселдерге заңмен тосқауыл қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы, осының бәрі – өзіңіз айтып жүрген заң үстемдігі мен тәртіп қағидасының іс жүзіндегі көрінісі, – деді Мәжіліс спикері.

Е.Қошанов қоғам сұранысына негіз­делген «Қарызсыз қоғам», «Жер амана­ты», «Ауыл аманаты» секілді маңыз­ды жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, аза­маттардың қаржылық сауатын арт­тыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы тұрғындарды қарыздың құр­сауынан шығаруға көмектеседі. Жоба аясында Үкіметпен бірге биылдың өзінде 750 мың адамға қолдау көрсетіп, оқыту жоспарланып отыр. Ол Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен аталған жоба биылдан бастап жалпыхалықтық сипат алғанын жеткізді.

– Халықтың ерекше қолдауына ие болып отырған тағы бір бастама – «Жер аманаты» жобасы. Бұл жұмысты Үкіметпен, Бас прокуратурамен, жергілікті атқарушы органдармен бірге жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда 11 млн га жер мемлекетке қайтарылды. Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы да жемісті іске асып жатыр. Бұл жоба Сіздің Сайлауалды бағдарламаңыздан бастау алады. Соның нәтижесінде мыңдаған азамат шағын кәсібін ашып, тұрмысын түзеді. Жоба жүздеген отбасының атаулы әлеуметтік көмектен арылуына септігін тигізді. Біз бұл жобаларды әрі қарай да табанды түрде іске асыра береміз. Осы жұмыстың барлығына мәслихат депутаттары белсене қатысып жатқанын атап өткім келеді, – деді Е.Қошанов.

Өз сөзінің соңында Мәжіліс төраға­сы Әділетті Қазақстанды құру елдегі ауқымды реформалардың темірқазығы екенін, осы бағыттағы оң өзгерістер қоғамның үмітін оятқанын айтты.

– Халқымыз Президенттің төңірегіне топтасып отыр. Азаматтарымыз таңда­ған жолымыздың дұрыстығына көз жет­кізіп, өткен конституциялық референ­думда, Президент сайлауында толық се­нім білдірді. Осы уақыт ішінде біз ұлт мүддесіне, ел тағдырына келгенде біріге алатынымызды талай мәрте дәлелде­дік. Алдағы уақытта да дәлелдей береміз. Ертеңгі референдумда да осы сенімнің үдесінен шығамыз деп ойлаймын. Өйт­кені бұл үміт пен сенімнің артында мем­лекетіміздің болашағы тұр. Осы жолда халқымызбен бірге депутаттар да бар күш-жігерін жұмсауы керек. Өйткені Президент бастамаларын, реформаларын табысты іске асыру – барлығымыз­дың ортақ жауапкершілігіміз, – деді ол.

 

Депутаттың екі ұсынысы

Жиын барысында сөз алған Мәжіліс депутаты, ақын Ринат Зайытов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғам өмірі мен болашағы үшін өзінің екі құнды ұсыны­сы бар екенін жеткізді. Оның бірі дәс­түрлі ұлттық театр ашу болса, екіншісі – мек­теп бағдарламасына «Жаңа қазақ әдебиеті» пәнін енгізу. Тәуелсіздік алғалы бері еш ескерілмей тасада қалған ұлттың төл өнерін төрге шығаратын уақыт келді.

– Қорқыт атамыздың қолынан түс­пеген қобыз, Сүйінбай сөзімен абырой-намысымызды асқақтатқан айтыс, күй атасы Құрманғазы мен Тәттімбет, Маңғыстаудан Сыр бойына дейін жыр төккен сүлейлер мен қайқылар, әлемді әнімен мойындатқан Әмірелердің мұрасы бүгінде өздеріне лайық тұғырға орналаса алмай келеді. Ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына айналатын оңаша шаңырақ қажет. Мәселен, Қытайдағы дәстүрлі Бейжің орталығы, Италия­дағы Ла Скала, қырғыз ағайынның дәстүр­лі Манас орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс, термесін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет. Бұл жай ғана театр емес, қазақ ұлтының рухани байлығын баршаға паш етіп, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізетін орталық болатынына еш күмәнім жоқ, – деді Ринат Заитов.

Сонымен қатар депутат қазіргі балалар «аяз ата келіп тұр, маған сәлем беріп тұр» дегеннен әрі аса алмай қалғанын, олардың бойына отаншылдық рух пен ұлттық сана-сезімді сіңіру үшін мектептің 7-11-сыныптарына арналған бағдарламасына «Жаңа қазақ әдебиеті» пәнін енгізу уақыт талабы екенін жеткізді.

 

Энергия тапшылығын шешудің жалғыз жолы

«Қазатомпром» ҰАК» АҚ ядролық отын циклі жөніндегі басқарушы директоры, ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов мәслихат депутаттарының форумында атом энергетикасына қатысты ойымен бөлісіп, әлем елдеріндегі атом электр стансаларының жұмысы туралы айтты. Оның айтуынша, әлемде атом энергетика саласы мұқият қадағаланып, жүйелі бақылауда болатындықтан, оның қауіпсіздігіне алаңдаудың қажеті жоқ.

– Қазірдің өзінде әлемнің дамыған Финляндия, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Қытай, Үндістан, Франция сияқты 7 ғана елдің өзінде 203 реактор орналасқан. Ал бір ғана АҚШ-тың өзінде 94 реактор 97 мың мегаватт электр қуатын беріп тұр. Басқа мемлекеттер осы саланы дамытып жатқанда біз неге кенже қалуымыз керек?! Одан басқа іргелес Өзбекстанда АЭС бізден небәрі 60-70 шақырым жердегі Жизақ өңірінде салынбақшы. Жан-жағымыздың барлығы АЭС болса, біз неге салмауымыз керек? – деді ол.

Сондай-ақ ол жыл өткен сайын елі­мізде электр энергиясының тапшы­лығы айқын сезіліп жатқанын атап өтті.

– Мұны шешудің бір ғана жолы – жоғары технологиялық атом энергетикасын дамыту. Бұл үшін бізде АЭС-ке қажетті уранның қоры жеткілікті. Бұған қоса 2021 жылдан бастап дайын ядролық отын өндіретін зауытты іске қостық. Бұл шикізат емес, атом реакторларына тікелей арналған дайын отын. Сондықтан таяу күндері өтетін жалпыұлттық референдумда біз дұрыс таңдау жасауымыз керек. Референдумның нәтижесі еліміздің ғылымына, энергетика мен экономикасының дамуына тікелей әсер етеді, – деді Әсет Махамбетов.

 

Отандық өнім үлесін арттыру қажет

Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев сөз алып, биылғы көктемгі тасқын кезінде өзінің туған қаласы Құлсарыны түгел су алғанын, осы уақытта «Amanat» партия­сы үнемі халықпен бірге болып, көп­теп-көлемдеп тілсіз жаудың бетін қай­тарғанын айтты.

– Бүгінде табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындар жаңа баспаналары­ның кілтін алып, қоныс тойын атап өтті. Алайда бұл апат облыстардағы гидро­техникалық нысандарды қайта жаң­ғыр­ту қажет екенін көрсетті. Мәселен, Жылыой ауданындағы «Аралтөбе» су қоймасы Жем өзені бойында тасқын су апаттарының алдын алуға және ауыл­шаруашылығын дамыту үшін өте үлкен көмек болар еді, – деді ол.

Сондай-ақ депутат Арқалық, Құлсары, Кентау, Риддер, Саран сияқты елі­міздегі 27 моно қалада шешімін таппай отырған мәселелерге тоқталды.

– Құлсары қаласы үшін ең алдымен тез арада заман талаптарына сай кәріз­дік лас суды тазарту қондырғылары мен ауызсуды тазарту қондырғыларын салу керек. Бұл қала тұрғындарының сапалы ауызсу пайдалануына және экологиялық ахуалдың жақсаруына әкелер еді. Бұған қоса барлық моноқаланың экономикасын әртараптандыру қажет. Ол үшін елімізде жұмыс істейтін шетелдік ірі компаниялар бірінші кезекте отандық шағын және орта бизнестің, жергілікті кәсіпкерлердің та­уары мен өнімін сатып алуға басым­дық беру керек. Бірақ ірі мұнай өндіруші мекемелер өздеріне қажетті өндірістік құрал-жабдықтарын, барлық керекті зат­тарын шет елдерден әкеліп жатыр. Бүгінде Теңізшевройл, Қарашығанақ Петро­лиум Оперейтинг, НСОС сияқты ірі мұнай өндіруші үш мекеменің сатып алып отыр­ған тауарларындағы отандық үлес, отандық өнімдермен (қамту) мөлшері шамамен 10%-дан аспайды. Сондықтан еліміздегі ірі компаниялардың сатып алатын тауарларының үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуіміз керек деп есептеймін, – деді С.Сәрсембаев.

Сонымен қатар жиын барысында Мә­жіліс депутаты Юлия Кучинская, Қара­­ғанды облыстық маслихатының депу­таты, кеншілердің «Қорғау» кәсіпода­ғының төрағасы Евгений Буслаев сөз сөйледі.