• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Референдум 2024 04 Қазан, 2024

Энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі

210 рет
көрсетілді

Еліміз де әлемнің көптеген елдері секілді энергия тапшылығы мәселесін шешудің тиімді жолдарын іздестіріп жатыр. Қазба отындарына тәуелділіктің экологиялық салдары баламалы таза энергия көздерін табуға мәжбүрлейді. Нақты тәжірибелер мен нәтижелерге сүйенсек, атом электр стансалары энергетикалық келешектің оңтайлы шешім екенін көреміз. Дегенмен бұл тақырыптағы пікірталас көбіне атом энергетикасы туралы қорқыныш пен мифке толы эмоционалды жазықтыққа ауады. Осы пікірлерді практикалық тұрғыдан «EcoJer» қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжановпен талдап көрдік.

Елдегі электр генерациясының негізгі үлесін көмір электр стансалары қамтамасыз етеді. Бұл әдіс салыстырмалы түрде арзан болғанымен, экологияға үлкен зиян келтіреді. Сарапшылардың айтуынша, парниктік газдар, күкірт пен азот оксидтері, бөлшек шығарындылары ауаның ластануына, климаттың өзгеруіне, халықтың денсаулығына едәуір қауіп төндіреді. Атом стансалары болса, жұмыс кезінде көмірқышқыл газы мен басқа да парниктік газдарды шығармайды. Жаһандық жылыну мәселелеріне қарсы күресте ядролық энергияны маңызды құралға айналдырған да – осы қасиеті. Әсіресе көмір мен мұнайды кеңінен пайдаланатын елдерге экологиялық жүктемені азайтуға әжептәуір септігін тигізген.

– Ең алдымен айқын фактіні мойындау керек. Еліміз елеулі энергетикалық сын-тегеуріннің алдында тұр. Экономикамыз өсіп, халық саны артып келеді. Сәйкесінше, энергия қажеттілігі де тұрақты ұлғайған. Жақын арада қолданыстағы қуаттар осы сұраныстарды қанағаттандыра алмай қалады. Солай болған жағдайда электр энергиясының тапшылығына тап боламыз. Сөйтіп, дамудың барлық саласы тежеледі. Бізде қазірдің өзінде үрейлі климаттық өзгерістер бар. Құрғақшылық жиілеп, жер тозып, ауа райының төтенше құбылыстарының саны артып жатыр. Мұның бәрі қолданыстағы энергия көздерінен парниктік газдың шығуына байланысты. Демек, біз мүмкіндігінше тезірек экологиялық таза технологияларға көшуіміз керек, – деді ол.

Расында, қазба отын қоры шектеулі, тіпті уақыт өте келе сарқылуы мүмкін. Олардың бағасы да нарықтағы тұрақсыздықтарға байланысты жиі өзгереді. Ал АЭС ұзақ мерзімді энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етпек. Өйткені уран ресурстары біраз уақытқа жеткілікті болады деген есеп бар. Оған аз көлемдегі отынды пайдаланып үлкен көлемде энергия өндіру қабілетін қосыңыз. Ядролық энергияның энергия тығыздығы да өте жоғары. Яғни бір кило ядролық отыннан қазба отындарына қарағанда әлдеқайда көп энергия алуға болады.

Қоғамдық талқылауларда жиі қойылатын сұрақтардың бірі АЭС-тің Балқаш көліне қалай әсер ететіні туралы болып жатыр. Қазір сарапшылар реакторларды салқындатуға пайдаланылатын су көлге оралмайды, бұл термиялық немесе радиоактивті ластану қаупін толығымен жояды деп жүр.

– Барлық технологиялық шешімдер техникалық құжаттамада нақты бекітілуге, елдің қолданыстағы экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінен өтуге тиіс. Осылайша, ұзақ мерзімді экономикалық перспектива тұрғысынан атом электр стансасы тиімді шешім болады. Жоғары бастапқы инвестицияларға қарамастан, электр энергиясын өндіру құны стансаның бүкіл өмірлік циклі бойы тұрақты болып қалады. Ең бастысы АЭС еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді, – деді сарапшы.

Түсінгеніміз, ядролық энергетика қауіпті деген стереотиптерге қарамастан, қазіргі заманғы технологиялар мен қауіпсіздік шаралары атом стансаларының қауіпсіздігін арттырды. Мысалы, соңғы буындағы реакторлар өздігінен салқындау қабілетіне ие, бұл апат қаупін азайтады. Сонымен қатар АЭС салынған мемлекеттердегі ахуалды халықаралық ұйымдар кірпік қақпай қадағалайды. Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық материалдарды дұрыс пайдалану, экологиялық қауіптерді азайту мақсатында МАГАТЭ мен басқа да ұйымдар елдерге тексеру жүргізеді. Бұл шаралар ядролық энергетиканы дұрыс пайдалану мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.