Дарқан дала төсіне, тылсым сырына бұрыннан қанық таңғажайып табиғат мекеніне сапарлау кім-кімді де сан алуан сезімге бөлейді. Көңіл алабұртып, ой сан саққа жүгіреді. Мұндай өлкенің бөлекше бітім-жаратылысын, екінің бірі аңғара бермейтін әсемдігін сезінгіңіз келсе туған жерге перзенттік көзбен қарау керек.
Арқаның ажары, тарих пен өнердің құндағы Ақтоғай өңірі – сондай ерекше ықыласқа лайық жарастықты мекен, жоралы жұрт. Сайын даланың төріне біткен бұл өлке қай қырынан алып қарасаңыз да қазыналы шежіренің қасиетті парақтарын ашқандай әсер қалдырады. Ақтоғай – ұлы тұлғалардың ізі қалған киелі топырақ, халқымыздың рухани байлығын сақтаған қасиетті мекен. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан сынды кемеңгердің кіндік қаны тамған жер, қазақ жерінің тұтастығын қорғап, шекарасын бекіткен Әлімхан Ермековтің туған өлкесі. Алаш арысы Жақып Ақбаевтың жастық шақтағы іздері де осы мекенде сайрап жатыр. Одан бөлек, даланың үні мен сырын домбыраның пернесімен сөйлеткен, ән мен жырдың биік шыңына жеткен Мәди Бәпиұлының сазды әуендері де осы даланың кеудесінен шыққан. Бұл өңірдің тау-тасы, өзен-көлі тарихтың тереңінен сыр шертеді. Ақтоғай – тарих пен тағылым тоғысқан, қазақ рухының биіктеген мекені.
Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» тарихи-танымдық жобасы аясында өзге этнос өкілдерінің қатысуымен екі күндік зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Бұл сапардың мақсаты – қасиетті Ақтоғайдың баға жетпес мәдени мұраларымен танысып, олардың сырын ұғыну. Өзге ұлт өкілдеріне осы аймақтың тарихи құндылықтарын насихаттау, Ақтоғай өңірінің бай мәдениетін көрсету.
Сапарымыздың алғашқы нысаны ретінде таңдалған Беғазы-Дәндібай пирамидасы немесе Қаражартас қорымы – уақыт қойнауынан сыр шертетін, қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын археологиялық ескерткіш. Қорымның алып тастары көненің көзіндей, байтақ дала төсінде маңғаз қалыпта орналасқан. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ғалымы, PhD Олжас Шоқатаев Қаражартас қорымының тарихы мен мән-мағынасы туралы нақты ақпаратты егжей-тегжей түсіндіріп берді. Пирамида тек еліміз ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі мәдениеттің дамуына үлес қосқан ескерткіш ретінде бағаланады. Қорымнан табылған артефактілер, оның ішінде қоладан жасалған тұрмыстық құралдар ерекше назар аудартады.
Экспедициямыздың келесі аялдамасы Шет ауданының археологиялық-этнографиялық музейі болды. Мұнда қола дәуірінен бастау алып, әр кезеңнен сыр шертетін тарихи жәдігерлер сақталған. Жақында ғана музей ішінен ерекше дизайнмен көркемделген, заманауи талаптарға сай құрылған, білім үдерісін шығармашылықпен тығыз ұштастыратын, балаларға арналған coworking орталығы ашылыпты. Экскурсияны жоғары деңгейде жүргізген Шет ауданы археологиялық-этнографиялық музейінің директоры Салтанат Дартайқызы мен экспедиция қатысушыларына құнды мәліметтерді анық-қанық түсіндіріп, білімімізді одан әрі толықтырған Барқыт Мұратқызының кәсіби шеберлігі мен өнімді жұмысына ризашылығымызды білдірдік.
Атақты Жидебай батыр: «Шаппай жүйрік болған Шабаным, Сөйлемей шешен болған Шабаным» деп бағалаған Шабанбай би кесенесіне арнайы барып, ата-бабалар рухына құран бағыштадық. Айта кету керек, кесененің сәулеттік сән-салтанаты да, маңызы да өте жоғары. Архитектуралық ескерткіш мемлекет бақылауына алынып, жөндеу жұмысы жүргізілген. Шамамен 1753-1838 жылдар аралығында өмір сүрген Шабанбай би халқымыздың аса бай мұрасын бойына молынан жиған зерек, зерделі, көкірегі қазына, ақылға бай, ойы терең, талғамы кең, топшылауы жүйрік, алғыр да әділ би болған.
Кезекті тарихи нысан Әлихан Бөкейханның ата-бабалары жерленген қасиетті мекен – Талдыбейіт зиратын қалың бұқара тәу етіп жүретін орын. Бұл бейіт ұлт тарихында терең мәнге ие, себебі ол Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлының түп-тамыры, ата тегі жөнінде сыр шертеді. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп, қазақ даласының тәуелсіздігі мен келешегі жолында аянбай қызмет еткен Ә.Бөкейхан бабалары осында мәңгі жай тапқан. Сол уақытта Арқа даласындағы жерлеу орындары шошақ бейіттер немесе төрт қырлы болып салынса, Талдыбейіт саман кірпішпен сегіз қырлы етіп қаланған. Зират қабырғалары мезгіл сынынан өткенмен, оның рухани маңыздылығы одан әрі арта түскендей. Бұл зират – бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының тарихын айшықтайтын орын. Саман кірпіштен қаланған қабырғалар сол бір қасіретті дәуірдің үнін жеткізгендей, ал оның архитектуралық ерекшеліктері өткен ғасырдың тірі шежіресі іспетті.
Ақтоғай ауданының археологиялық-этнографиялық музейінде бізді ерекше таңғалдырған дүние – Балқаш көлінің қамысын мекен еткен Тұран тұқымдас жолбарыстың бейнесі болды. Классик жазушы М.Мағауиннің «Шақан шері» романында Тұран жолбарысы жабайы табиғаттың тылсымы, еркіндіктің белгісі ретінде суреттеледі. Құнды экспонат тарихымыздың сарқыты ретінде өткеніміз бен келешегіміз арасындағы байланысты көз алдымызға әкелді.
Екінші күні ертемен Сарыарқа тауларының ең биік нүктесі саналатын Ақсораң шыңына бет түзедік. Экспедиция жетекшісі Думан Базаркеұлының ұтымды әзілдері жол қысқартып, бойымызды сергітті. Ақсораң тауына шығамын десеңіз 1 565 метр биіктікті бағындыру керек. Тау аңғарындағы жусан исі, арша исі тынысымызды аша түскендей. Дегенмен Ақсораңға көтерілу физикалық, моральдық тұрғыда қиынға соқты. Енді артқа шегінуге болмайды, не де болса тәуекел деп, бар күшімізді жиып, аяғымызды барынша нықтап, көпшілікпен бірге шыңға қарай ұмтылдық. Арасында бектейге шалқалап жата кетіп, тұңғиық көк аспанға көз тігіп, қиялға беріліп, демалып аламыз. Айнала мүлгіген тыныштық, төңіректе қоңыр самал желден өзге бір дыбыс естілмейді.
Университеттің филология факультетінің деканы Елдос Ерғазыұлының «Ақсораң биігіне шығу жай ғана биікке көтерілу емес, алға қойған мақсатыңа жету, өзіңнің күшің мен жігеріңді сынау. Сондықтан бұл шыңды бағындыру – өмірде биік белестерге жетуге үлкен серпіліс береді», деп әр нәрсені тұспалдап айтқан жүрекжарды сөзі алға ұмтылдырды, бойымызға қуат құйды. Шың басына шығуға сәл қалғанда шаршағанымызды ұмыттық. Асқар таудың ұшар басына шыққанда кеудемізді қуаныш кернеді. Үлкен тастың тасасына тізерлеп отыра қалып ойпаңға көз тастадық. Төмендегінің бәрі алақандағыдай ап-анық көрінеді. Шыңның биіктігі ғана емес, алған әсердің тереңдігі мәңгі есімізде қалары анық. Қарасаң көз сүрінетін жасыл белдер, бір-бірімен бой таластырған биік шыңдар, көкжиекке дейін жайылған жазық дала еріксіз жүрек тебірентеді, көңіл толқытады.
«Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы Ақтоғай ауданының мәдени, рухани байлығымен танысып, қазақ тарихының тереңдігін сезінуге мүмкіндік берді. Бұл сапар ел тарихына деген құрметімізді арттыра түсті. «Ат айналып қазығын табады». Біздің алтын қазығымыз, тұғырымыз – туған жер мен туған ел. Сондықтан мұндай мазмұндағы сапарларды жиі ұйымдастырып тұрған жөн.
Диана САЯТҚЫЗЫ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің 3-курс студенті
Қарағанды облысы