«Ембімұнайгаз» АҚ, Теңіз және Ескене мұнай кен орындарының мұнайшылары ел болашағы үшін маңызды қадам жасап, референдумда өз дауыстарын беріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орталық аумақтық референдум учаскесінің мәлімдеуінше Теңіз кенішіндегі азаматтар үшін жеті референдум пункті жасақталған. Кеніште 6 мыңға жуық жергілікті тұрғын мен басқа да өңірлерден келген азаматтар дауыс беруге өтініш білдірген.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің айтуынша «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері де референдумға белсене қатысып, таңдауларын жасап жатыр.
«Референдумға қатысу әр қазақстандықтың борышы. Ұрпағымыздың болашағы үшін таңдау жасайтын сәтке келіп тұрмыз. Мекемеде 5 мың адам жұмыс істейді, қазір ауысымдық әдіспен 1664 адам өндіріс басында қызметте жүр. Олардың дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, 1700-ге жуық мердігер мекеме өкіліне де мүмкіндік қарастырдық», деді Департамент директоры Б. Губайдуллин.
Облыста 274 референдум учаскелері бар, олардың 11-і азаматтардың уақытша болу орындарында құрылған (9 емдеу мекемелері, 1 тергеу изоляторы, 1 әскери бөлімше). Атырау облысында республикалық референдумға қатысуға құқығы бар 411880 азамат тіркелген.