• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Референдум 2024 06 Қазан, 2024

Батыс Қазақстан облысының 104 жасар тұрғыны да таңдауын жасады

116 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының ең қарт тұрғыны Нұрсұлу Тоқжанова референдумда өз дауысын берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

104 жастағы қария Шыңғырлау ауылында тұрады.

Ғасырдан асқан Нұрсұлу әжейдің өтінішіне сәйкес №424 референдум учаскесінің мүшелері жылжымалы жәшікті оның үйіне алып барды. Нұрсұлу әжей балаларын дауыс беру учаскелеріне жіберіп, өзі немере-шөберелерін бағып қалыпты.

Қария Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде ФЗУ-да оқып, Сталинград заводында жұмыс істеген. Кейіннен Шыңғырлау ауданындағы Қарақай елді мекенінде ұзақ уақыт бойы түйе сауушы болып еңбек еткен. Ал бүгінде 3 немере, 11 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.

Көпті көрген кейуананың ендігі арманы - елдің тыныштығы мен ұрпақтың амандығы.

«Талай сайлауларға қатысып жүрмін. Дауыс беру - әрбір елдің тұрғыны үшін маңызды. Біз дауыс беру арқылы болашағымызды таңдаймыз. Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Еліміздің болашағы, ұрпағымыздың болашағы үшін ел Президентінің бастамасын қолдаймын», дейді қария.