Еліміздің білім саласына бірнеше буын кәсіби мамандар толқынын даярлап, қанат қақтырған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай ардагер ұстаздармен кездесу өтті.
Университеттің дамуына зор үлес қосқан ұстаздардың өмір жолы, ғылыми-педагогикалық қызметін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға ғылым мен білімнің жарқын болашағын талқылау, жас ғалымдардың, зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамыту мәселелері арқау болды.
«Ел болашағы – ұстаздардың қолында. Ұлағатты ұстаздардың арқасында еліміздің педагогикалық және өзге де салалары жоғары білікті мамандармен толығып жатыр. Бұл, ең алдымен, ұстаздар ізденісінің, кәсібіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесі», – деп атап өтті университет ректоры Гүлмира Қанай.
Жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесіне ден қойған ұстаздар қауымы бұл бағытта білікті мамандар, кәсіби мұғалімдер даярлаудың өзекті екенін алға тартты. Жиында университеттің аға оқытушылары, білім және ғылым саласында қызмет етіп жүрген түлектері баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.
Университеттің 1971 жылғы түлегі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Айнагүл Ершина университет басшылығына ардагерлер атынан алғыс білдіріп, білім саласында қызмет еткен 40 жылға жуық тәжірибесіндегі озық әдістемесі, маман тәрбиелеудің қыр-сыры жайында айтып берді. «Әр жеткен жетістігім – қадірлі ұстаздарымның қажырлы еңбегінің арқасы. Өз ұстаздарымыздан алған тәлімді кейінгі толқынға үйретуге тырыстық. Сапалы білім, зияткер қоғам ғана елді алға сүйрейтін күш екенін мақсат ете отырып, заман көшінен қалмай біліктілігімізді арттырып, шәкірттерімізге жаңа заманға сай білім беріп келемін» деп атап өтті.
Кездесу соңында ұстаздарға құрмет көрсетіліп, арнайы марапат табысталды.
АЛМАТЫ