• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Архив 07 Қазан, 2024

Әлем елдерінің архившілері Алматыда

573 рет
көрсетілді

1-4 қазан аралығында Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұйымдастырған «Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» тақырыбындағы ІІ Архившілер конгресі өтті. Архившілер конгресінің Қазақстан-Британ техникалық университеті ғимаратының «Тәуелсіздік залында» өтуінің тарихи мәні зор. Осы залда 1990 жылы мемлекеттің «Егемендік туралы» декларациясы қабылданған. Биыл екінші рет өткізіліп отырған конгресс қатысушыларының қатары БҰҰ, ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесінің лауазымды тұлғаларымен толықты. Конгресс жұмысы ТМД, Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Еуропалық одақ, АҚШ – жалпы саны 20 елден келген архив қызметінің басшылары мен қызметкерлерінің, ғалымдар мен жетекші сарапшылардың басын қосты. Сондай-ақ төрт күнге созылған дүбірлі жиынға еліміздің 150-ден аса орталық және облыстық архив, білім беру мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Қазақстан Президенті Архиві Ха­лық­аралық архивтер кеңесінің (ICA), ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Өңірлік кеңсесінің қолдауымен, Сыртқы істер министрлігі, Мә­дениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, тарихи-мәдени, құжаттық мұраны сақтаудың өзекті мәселелері бойын­ша кәсіби қоғамдастықпен сындарлы диалог құруға шақырды. Бұл архив­терді дамытудың инновациялық идея­ларын қалыптастыруға, үздік архив­тік тә­жірибені таратуға ықпал етеді.

Халықаралық ауқымды жиын Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конгресс қатысушыларына жолдаған құттықтауынан өріс алды. «Баршаңызды архившілердің кезекті конгресінің ашылуымен құттықтаймын. Архив саласы қызметкерлерінің бұл басқосуының маңызы зор. Конгресс алғаш құрылған күнінен бастап білікті мамандар өз идея­ларын ортаға салып, тәжірибе алмасатын, архив ісі саласындағы зерттеулердің жаңа тәсілдерін қарастыратын диалог алаңына айналды. Алқалы жиынның күн тәртібінде маңызды құжаттарды сақ­тайтын институттардың қазіргі қоғамдағы орны және БҰҰ-ның орнықты даму мақсат­тарына жету жолындағы рөлі сияқты өзекті мәселелердің қамтылуы – соның айқын дәлелі. Бүгінгі іс-шараның  Қазақстан Президенті Архивінің 30 жыл­дығына орай өтуінде ерекше мән бар. Өз ісіне адал кәсіби мамандардың бірнеше буыны қа­жырлы еңбегімен тәуелсіз Қазақстанның шежіресіне қатысты құнды құжаттардың мұқият сақталуына зор үлес қосып ке­леді. Конгресте кең ауқымды әрі ашық пікірталастар негізінде нақты ұсыныстар әзірленіп, осы саладағы түйткілді мәсе­лелерді шешу үшін ғылыми және техноло­гиялық әлеуетімізді жұмылдыру маңызды екеніне баса назар аударылады деп сене­мін», деген Президент құттықтау хатында.

Конгресте алғашқы сөз тізгінін алған Қазақстан Президенті Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Төлеев құжаттармен жұмыс істейтін әдісте­мелік ұйым ретінде архивтер мемлекет қа­былдаған шешімдер жүйесінде айрық­ша орын алатынын атап өтті. Нұрд­әу­лет Төлеұлы архивтер мемлекеттік ап­параттың жұмыс істеу негізін құжатпен қамтамасыз етіп, архив мекемелеріне мемлекет жадысының, оның идеологиялық және интеллектуалдық даму негізі онда­ған жылдар бұрын жүктеме алатынын еске салды.

Қазақстан Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина конгресс жұмысының күн тәртібі мен ережесін үйлестіре отырып, модераторлық мін­детті өз қолына алды. «Архивтер тұ­рақты даму жолында» атты баяндама­сында архив ісі маман­дары бетпе-бет келетін негізгі, өткір мәселелерді ор­таға салды. Ол өз сөзінде архив ісін дамы­тудағы халықаралық үрдіс бір­неше негізгі бағытпен сипатталатынын атап өтті. Бұл – архивтерді цифрландыру, қолжетімділікті дамыту, архивтерді зерттеу жобаларына біріктіру, климаттың өзгеруі жағдайында құжаттардың сақ­талуын қамтамасыз ету, деректерді қор­ғаудың құқықтық және этикалық мәсе­лелері, архившілердің кәсіби құзыретін дамыту, архив үдерісін біріздендіру және стандарттау. Жоғарыда аталған үрдіс технологиялық, климаттық және мәдени өзгерістерге байланысты орын алатынын айтты. Ә.Мұстафинаның айтуын­ша, бүгінде архив жұмысының шарттары түбегейлі өзгерген. Цифр­лық ғасыр архив құжаты, оны қорғау мен сақтауды қайта қарауды қажет етеді. Қарым-қа­тынас­тың өзгерген тәсілдері мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының құжат­талған негізінің сақталуына қауіп төндіруде: ақпарат жоғалуы, бұрмалануы мүмкін, технологиялық ескіру оны оқыл­майтын және жарамсыз етуі мүмкін. Ал ақпараттың жаңа тарихи жағдайда жаңа ұрпақпен жаңғыртылуы қоғамдық сананың барометрі іспетті. «Осыдан біздің азаматтарымыздың, сіз бен біздің жауапкершілігіміз бен құқықта­рымызды түсінуіміз туындайды. Біз бүгін жаңа келешекке қадам басатын межеге жеттік. Солардың бірі «ақылды архивті» құру траекториясы, деп атап өтті Әлия Құсайын­қызы.

БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы БҰҰ ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек ауқымды іс-шара­лар­дың бірі саналатын архившілер кон­гресіне қатысу ол үшін үлкен мәрте­бе екенін жеткізді. «Қазақстан архив­шілерімен екі жыл бұрын да кездес­кен болатынбыз. Бұл алаңда біз ең алдымен, тәжірибе алмасамыз. Өз мәселеңді өзге елдің мысалымен салыстырып, қа­растырып, дискуссия жасап, талқылау өте қызық. Бұл міндет бүгінгі іс-шараның да бір бөлігіне айналды. Орнық­тылық қоғам үшін қашанда ма­ңызды, осыған үлес қосқандарыңыз үшін ерекше алғыс айтқым келеді», деді БҰҰ өкілі.

Осы жылдар аралығында білім, ғылым және мәдениет ұйымы ретінде ЮНЕСКО мәдени мұраны жаһандық деңгейде ілгерілетуде шешуші рөл атқарды. Қазақ­стан мен ЮНЕСКО арасындағы барлық деңгейдегі көпжоспарлы ынтымақтастық әртүрлі халықаралық мәдени алмасуларды кеңейтуге, білім, ғылым және мәдениет саласындағы ЮНЕСКО хартия­сы мақсаттарын іске асыруға, сондай-ақ, ұйым қызметінің барлық негізгі ба­ғыттары бойынша жобаларды табысты жүзеге асыруға ықпал етеді. Конгресс қатысушыларымен онлайн байланысқа шыққан ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Тауфик Джеласси халық­аралық маңызды миссияның Қазақстанға қатысты осы тұсына жете тоқталды.

Т. Джелассидің айтуынша, ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұраларды сақтау бойынша жүргізіп келе жатқан ұмтылысы 1992 жылы құрылған «Әлем жады» бағ­дарламасының негізінде жатыр. «Бұл бағдарлама жалпы адами тәжірибені жазатын баға жетпес құжаттарды табиғи апаттардан, техногенді қауіптер мен шек­теу­лерден қорғап, аудиовизуалды, цифр­лық сақталуын қамтамасыз етеді. Өйткені адамзаттың өткен тарихы жазбаларға ғана тәуелді емес, ол бейбіт және инклюзивті қоғамның негізі саналады. Қазақстан «Әлем жады» бағдарламасының толы­ғуына елеулі үлес қосып, өз күшімен семинар өткізу мүмкіндігіне ие болып отыр. Қожа Ахмет Ясауи жазбалары және Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысының аудиовизуалды құжаттары және архив қорындағы Арал теңізі туралы мәліметтер Қазақстанның әлем бойынша бай мәдени мұрасын сақтауға, таратуға бейімділігін көрсетті. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «өзге тілімен мәдениетті білу адамды сол халыққа тән етеді» деген ғажап сөзі бар. Бұл – үлгі алуға шабыттандыратын сөз. Сонымен қатар архивтер алдында тұрған өзекті мәселе – экологиялық және инфрақұрылымдық тәуекелдер. Климаттың өзгерісі, ауа райының күрт құбылуы құжаттардың сақталуына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Осы мәселелерді реттеу үшін архивтік ин­фрақұрылымның тұрақтылығын арттыру қажет. ЮНЕСКО құнды материалдарды экологиялық қауіптерден қорғау үшін табиғи апаттар тәуекелдерін басқару стратегияларын әзірлеу мақсатында әлеммен белсенді ынтымақтасады. Атап өткім келетін мәселе, Қазақстанға қатысты көптеген маңызды жазба шетелдік мекемелерде, әсіресе, Еуропа архивтерінде сақталған. Халықаралық ынтымақтастықты нығайту осы ортақ ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін маңызды. ЮНЕСКО осы бастамалар бойынша кез келген елді қолдауға тырысады. Болашақ ұрпақтың тағдыры үшін ортақ мәдени жадымызды сақтап қаламыз», деді Т.Деласси.

Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасының директоры Мұхаммет Ахмет Тоқтемірдің баяндамасында халық­аралық ынтымақтастық және Түркиядағы архивтерді сақтау шаралары туралы кеңінен айтылды. Басқарма директорының мәліметіне қарағанда, Түркиядағы архив қоры 150 млн құжатты, 550 мың регистрді қамтиды. Елде архив саласында қызмет көрсетудің белгілі бір стандарты енгізілген. Тарихи мәні зор бірегей әрі маңызды деректі мұра био­ло­гиялық, химиялық, физикалық қауіп-қатердің барлық түрінен қорғалған. Құ­жаттардың жағдайын арнайы мамандар қадағалап, тексеріп тұрады. Бүлінген, залалға ұшыраған құжаттар архив қорына тіркеуге алынғаннан бастап қолмен немесе технологиялық тәсілмен өңделіп, қайта қалпына келтіріледі. Халықаралық ынтымақтастыққа айрықша маңыз беріледі. Дирекция 72 елдің мемлекеттік және ұлттық архивтерімен, соның ішінде Қазақстанмен де ынтымақтастық туралы протоколға қол қойған. Бұл келісімдер құжаттардың үлгілерімен алмасу, бас­паға құжаттарды бірлесіп әзірлеу, көрме­лер мен ғылыми кездесулер, архив құжат­тарын жүйелеу, қалпына келтіру, цифр­лық жүйеге көшіруге байланысты тренингтер ұйымдастыру, заманауи архив технологиясы саласындағы байланысты нығайту сияқты мәселелерді реттеуді көздейді.

Ұлттық тарихи-мәдени мұраны насихаттау және құндылығын арттыру мақсатында ізденіс жолында жүретін мамандарды бір форум аясына бірік­тіріп отырған Қазақстан архив қауым­дастығының да өз міндеті бар. Маңызды саланың үйлесімді қызмет атқаруына Мәдениет және ақпарат министрлігі басшылық жасайды. Халықаралық іс-шара қатысушыларына құттықтау хатын жолдаған министрлік басшысы Аида Балаева Қазақстанның кез келген келелі мәселені тақлылауға бейбіт және ашық алаң екенін айтып, әлемнің әр түкпірінен келген архив саласы өкілдерінің нәтижелі жұмыс жүргізіп, конструктивті диалог құратынына сенім білдірді. Президент Архивінің ұжымына архив ісін заман талаптарына сай дамытып, халықаралық деңгейде насихаттау жұмысына жетістік тіледі.

ЮНЕСКО Байланыс және ақпарат секторының құжаттық мұра бөлімінің басшысы Факсон Банда «Әлем жады» бағдарламасы тұжырымдамасына кеңінен тоқталды. Бағдарлама ғаламның әр елі­нің архивтерінде, кітапханалары мен мұра институттарында сақталған деректі мұраларды жинақтауға негізделген. Бұл құжаттар ортақ мәдени мұра ре­тінде бола­шақ үшін сақталуға тиіс ғы­лыми жаңалықтар, философиялық қоз­ғалыстар, ағарту идеялары туралы баяндауы мүмкін. Оның айтуынша, конгресс екі мақсатты көздейді. Бұл бірінші кезекте «Әлем жады» бағдарламасы туралы мұра институттары мамандарының құлағына жеткізуге, екіншіден, халықаралық реестр­­­ге енгізуге болатын жаңа нысандар із­денісіне қозғау салу үшін керек. «Ол бүгінгі және өткен шақтағы раритеттер мен құжаттар болуы мүмкін. Мысалы, COVID-19 кезеңінде біз ХХ ғасырдың бас кезіндегі испан тұмауы, осындай эпидемияға адамдардың қалай қарсы тұрғаны туралы архив деректерін зерттеп кеттік. Соған сәйкес бүгінгі қоғамның екі жыл бұрынғы пандемияны қалай қабылдағанын құжаттандырдық. Бұл ақпаратты біз келешек ұрпаққа қал­дырамыз», дейді ЮНЕСКО өкілі.

Барлық жетекші саладағы өзара ортақ ынтымақтастыққа Қазақстан мен Өзбекстан тарапы бірдей мүдделі. Әсіресе архив ісіндегі жалпы тәжірибе алмасуға, байланысты нығайтуға, архивтерін одан әрі жіті дамытуға екі ел де көп көңіл бөледі. Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Өзархив» агенттігінің директоры Улугбек Юсупов ұлттық бірегейлікті айқындайтын негізгі ұстынның бірі ретінде архив ісін де атады. «Архивтер, музейлер құндылығын, еліміздің мұрасын өскелең ұрпаққа жеткізуге біздің өткенімізді, құнды­лығымызды, дәстүрімізді көрсете отырып, ұлттық бірегейлігімізді айқын­дайды. Бұл мекемелер мәдени білім беру қызметімен ғана айналысып қоймай­ды, экономикалық, экологиялық, әлеумет­тік орнықтылыққа да үлесін қосуда. Эко­но­микалық жағынан алғанда, мәдени мұра елдің экономикасының дамуына мүм­кіндік береді. Туристік секторды жан­дандырады, өз кезегінде туристердің келуі жаңа жұмыс орындарының ашылуы­на, кәсіпкерлік пен инфрақұрылымның дамуына жол ашады. Патриоттықтың қалыптасуына түрткі болады, жастар сана­­сының жағымды өзгерісін тудырады» дейді «Өзархив» басшысы. Сондай-ақ ол онлайн ақпараттық мәліметтер базасын құру, аудиторияға ұсыну үшін цифрлық технологиялар базасын пайдалану керегін алға тартты.

ҚХР Мемлекеттік архив басқармасы ғылыми технология және ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары Дин Дэшэн соңғы жылдары елеулі табысқа қол жеткізіп келе жатқан Қытай елінің мысалында «ақылды архивтердің» тұжырымдамасы мен тәжірибесі ха­қында сөз қозғады. Қытайда архивтерді ақпараттандыру, нормативтік актілерді жасақтау, ақпараттық инфрақұрылым мен архивтің жедел жүйесін құру, цифрлық архивтік құжат басқарудың тиімді жүйесі құрылған. Архив құжаттарын цифр­ландыру бойынша жұмыс шеңберіне әлеуметтік-экономикалық дамудың елеулі қолдауын көрсететін электрон­ды ресми құжаттарды, цифрлық фото­суреттерді, дыбыс жазбаларды, бей­не­жазбаларды және жедел деректерді сақтау, басқару кіреді. Қытайда архив қызметін цифрландыру жұмысы өткен ғасырдың соңында бас­талып, дамудың үш кезеңінен өткен. Нәтижесінде, ғылыми зерттеу, электронды архив, виртуалды архив ұғымы енгізілді. Бүгін Қытайда 240-қа жуық жоғары деңгейлі цифрланған архив бар. Соңғы онжылдықта Қытай интернеті дамыған алпауыт елге айналып, «ақылды қоғамның» құрылысын бел­сенді ілгерілетуге, жаңа дәуірге лайық архив саласының ішкі сұранысын ғана емес, сыртқы өзгеріске бейімділігі де ескеріліп, қажетті маңызды шара қол­данылды. «Ақылды архив» – жаңа тұжы­рымдамалардың бірі. Ол 2013 жылы ресми түрде енгізілді. «Ақылды архив» сипаттамалары көп. Қытай елі бұл құжат тұжырымдамасын бастапқыда қара­пайым үлгіде қолданып, кейін біртіндеп кеңей­тіп, тереңдетуді қолға алды. Дин Дэшэннің тал­дауына қарағанда, ақпа­раттық ре­сурс­­тарды қолданудың тәсілдері көп. Зият­­керлік жинақ құ­рас­тыру, тазалау, бірыңғайландыру, бас­қару, сақтау, қол­­данысқа түсіру, қауіп­сіздікті қам­тама­сыз ету, ақылды қызмет көрсету, авто­мат­тан­ды­ру секілді түрлі шешімді ұсы­на алады.

Конгресс шеңберінде пленарлық және панельдік сессиялар, воркшоптар, вебинарлар, архивтер мен университеттерге сапарға шығу, жетекші халықаралық және отандық сарапшылардың шеберлік сабақтары, семинарлар және хакатондар, құжаттық көрмелер өтті. Конгресс аясында Президент Архиві бастамасымен жарық көрген бірнеше жинақ көпшілікке таныстырылды. Олар: «Мем­лекеттік, арнаулы мемлекеттік және ведомстволық архивтердің құжаттарды жинақтау, сақтау, есепке алу мен пайдалану мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілер жинағы», «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қа­зіргі кезеңдегі ғылыми зерттеу қыз­метінің өзекті бағыттары» талдамалы материал­дар жинағы, «Архившілер мен құжат­танушыларды кәсіби тұрғыдан даяр­лау және оқу-әдістемелік құралдармен қам­та­масыз ету» атты кітаптардың жібек бауы кесіліп, мазмұнына қысқаша шолу жасалды.

Ақпаратты сақтау, оны пайдалануда азаматтардың тең құқын сақтау, «ақылды архив» құру – архивтің тұрақты дамуының үш негізгі құрамдас бөлігі, осы үшеуі ортақ бір мақсатқа жұмылса, мемлекет пен қоғамның өміріне белсенді араласатын берік архив кластерін қалыптастыра алады. Бүгінде архивтерге мемлекеттік секторға ел экономикасына қатысуға қауқары бар нақты ұсыныспен шыққаны маңызды. Бұл архивтің келешек дамуы үшін, беделін көтеріп, құндылығы мен маңызын көрсетуге көмектеседі.

«Мұра институттары қоғамды орнық­ты дамыту жолында» атты кон­греске келген қатысушылар әр бағыт бойын­ша жұмысын қорытындылай келе, қа­рар қабылдады. Халықаралық архивконгресс жұмысы Қазақстанда архив қызметкерлерінің конгресін тұрақты өткізу бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бастамасын қатысу­шылардың айқын қолдауларын көрсетті.

II конгресс қатысушылары өздерінің мұнан кейін де ақпаратқа қол жетімділік, жол ашықтық туралы БҰҰ конвенциясын, азаматтар мен ұйымдар рөлдерін өрістету туралы Орхусс конвенциясын, Халықаралық архивтер кеңесінің мұра­ғаттары бойынша әмбебап декларация­сын, конгресте қаралған ұсыныстарды қолдайтындарын растады.

Қатысушылар барлық деңгейде нақты істерді жүзеге асырып, шараларды қолдауға міндеттенеді.

 

АЛМАТЫ