• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қазан, 2024

Ұстаздар ұлықталған күн

71 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты.

Мемлекет басшысы сөз басында еліміздегі оқу-ағарту саласын дамыту жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

– Менің тапсырмаммен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мем­ле­кеттік награда. Оның иегерін­е қомақты сыйақы беріледі. Респуб­лика бо­йынша 46 мұғалім осы наг­ра­даға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халық­аралық олимпиада жүл­дегер­лерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог маман­дығы бойынша оқып жатқан студент­тердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1 800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім саласындағы үздік мамандарды, яғни нағыз көшбасшыларды іріктеу жобасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Қазірдің өзінде аталған жобаға қатысқан 134 педагог мектеп директоры болып тағайындалған.

Бұған қоса Президент білім сапасын арттыру, балаларды үйлесімді және жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған жүйелі шараларға назар аударды.

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы 460 мыңнан аса балаға арналған 217 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталған озық білім ошағы болады. Мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалар­дың ке­дергісіз білім алуына қолайлы жағ­дай жасалады. Аталған ауқымды жо­ба үш ауысымды мектептер мәсе­лесін шешуге, қала мен ауыл мек­теп­теріндегі білім алшақтығын азай­туға мүмкіндік береді. Бұған қоса, елі­мізде жыл сайын кемінде мың мек­тептің ғимаратына жаңғырту жұмыс­тары жүргізіледі. Білім беру үдерісін цифрландыруға баса назар ау­дарылады. Барлық мектепті жыл­дам­дығы жоғары интернетке қосу бо­йынша кешенді жұмыс қолға алы­на­ды. Қосымша білім беруге ерек­­ше мән беріледі. Оның аясында үш мил­­л­ионнан аса адамды қам­ту жос­­парланып отыр. Биыл отан­дық мек­­тептердің оқушылары халық­ара­лық олим­пиадалардан 360-тан аса м­е­даль жеңіп алды. Бұл – ұстаз­дары­­мыз­­дың жанкешті еңбегі мен кәсіби­лі­г­і­нің жемісі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлағатты ұстаздар тұтас ұлтты тәрбиелейтінін атап өтіп, жастардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру өте маңызды екенін жеткізді.

 – Оқушыларды білімпаздыққа, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа бау­лу қажет. Әрине, қазіргі заманда бұл оңай шаруа емес. Кейінгі кезде интернеттің теріс бағыттағы шырмауына түскен жастар көбейіп кетті. Біз балаларды түрлі қатерден қорғай білуі­міз керек. Осыған байланысты нақ­ты шаралар қабылданып жатыр. Ме­нің тапсырмаммен «Біртұтас тәр­бие» атты арнайы бағдарлама да­йын­далды. Бұл құжатта Ұлттық құрыл­­тайда айтылған ұсыныс-пікір­лер еске­рілді. Мек­тептерде ата-ана­лар­ды пе­да­гоги­калық қолдау орта­лық­тары ашылды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне ұстаздармен бірге ата-аналар да атсалысуы қажет деп санайды. Бұл орайда Прези­дент мұғалімдердің пандемия, су тасқыны кезінде оқу үдерісін тоқ­татпай, міндетін адал атқарып, елге жанашырлық танытқанын мысал етті.

– Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан­ның түкпір-түкпірінде еңбегі ерен мұғалімдер жеткілікті екенін атап өтіп, алдағы уақытта олар да назардан тыс қалмайтынын айтты.

– Ұстаздар әулетіне айрықша мән беріледі. Бүгін мен білім беру ісінде 350 жыл еңбек өтілі бар Асылаевтар отбасы туралы мақаланы оқыдым. Олар Абай облысында тұрады екен. Мұн­дай өнегелі әулеттер елімізде көп деп ой­лаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында Мемлекет бас­шысы білім беру ісіндегі аса үз­дік жетістіктері және Қазақстан Рес­публикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагогке «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды.

Іс-шарада Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы маман­дандырылған мектеп-гимна­зия-интернатының мұғалімі Ағыбай Нұғыманов, Ақтөбе қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №23 орта мектеп-лицейінің мұғалімі Наталья Пеннер сөз сөйледі.