• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Музей 08 Қазан, 2024

Көне тарих тәбәрігі

68 рет
көрсетілді

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлер қатарына Түгіскен көсемі мен Жетіасар мәдениеті ескерткіштеріне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ақсүйек әйел реконструкциялары қосылды. Осыған орай ұйымдастырылған «Тұранның алтын жауһарлары» атты іс-шарада облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев өңірдегі тарихи-мәдени эволюцияның дефинациясын музейлік реконструкциялар арқылы көрсету тәжірибесі туралы айтты. Құнды мұраны қалыпқа келтіруде Ресейдің мемлекеттік тарих музейі қоры мен Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институтында сақталған жәдігерлер пайдаланылыпты.

Түгіскен көсемі реконструкциясы Оңтүстік Түгіскен ескерткішіне ХХ ғасыр ортасында Хорезм ар­хеологиялық-этно­графиялық экс­пе­дициясы жүргізген қазба нә­тижесінде табылған алтын қы­лышты сақ көсемінің мүрдесі не­гізінде жасалып отыр. Ресей мемлекеті музейіндегі ерте темір дәуіріндегі Оң­түстік Түгіскеннен табылған материалдар бойынша жұрт назарына ұсыныл­ған құнды мұраны жаңғыртқан – «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерт­теу және жобалау институты» ЖШС.

«Әуелі археологиялық материалды мұқият зерт­тедік. Біздің заманымызға дейінгі V-VII ғасырлардағы тарихи-технологиялық ерекшеліктерді негізге алдық. Көсем киген қызыл түс Арал аймағындағы ерте заман сақтары арасында күш пен билікті білдірген. Оның бойындағы әр бұйым өз ісінің шебері саналатын мамандар қолынан өтті. Көсемнің алтын қылышындағы әрбір жапсырма оның қоғамдағы орнын айғақтап тұр», – дейді институт өкілі Ринат Кутдусов.

Ерте дәуір дерегін тапқан Хорезм экспедициясы жарты ғасырға жуық Сыр бойындағы көмбелерді ашып, зерт­теген. Музей мұраларын байытқан көне тарих тәбәріктері – Түгіскен көсемі мен Жеті­асар ақсүйек әйелі де осы экспедиция олжасы. Археолог Әзілхан Тәжекеев белгілі этнограф Қа­лиолла Ахметжанмен бірлесе отырып ақсүйек әйел бей­несін қалыпқа келтіруде антро­пологиялық мате­риалдар мен Хорезм экспедициясының соңғы же­тек­шісі Л.Левинаның қатысуымен жасалған ежелгі киім үлгілері, сызбалары негізге алынғанын айтты.

«Жетіасар мәдениеті Сырдың төмен­гі ағы­сындағы ерекше археологиялық кешен. Бас киімнен бастап етігіне дейін қазба барысында табылған жәдігер­лер негізінде жасалған ақсүйек әйел реконструкциясы сол мәдениет мұрасы. Алқалар, қапсырмалар, айна мен сөм­кедегі заттар Жетіасарда үлкен мә­дениет болғанын көрсетіп отыр. Біз­дің заманымыздағы ІІ-ІV ғасырлар аралығында өмір сүрген әйелдің жасы шамамен 27-30 жаста болған. Осы аймақ­ты жете зерттеген Хорезм экспеди­циясы өкілдері Жетіасар Орта Азия археологиясындағы үлкен табыс екендігін айтады. Елуге жуық қаланың бір аумақта шоғырлануы, әр қаланың төңірегінде 600–1000-ға жуық обаның орын тебуі бұрын-соңды кездеспеген құбылыс. Қазір қорда шамамен 650-ге жуық адамның антропологиялық деректері бар. Оларға жасалған зерттеу сол кезең адамдарының орта жасы 25–40 жас екенін көрсетіп отыр», – дейді ғалым.

Қазіргі дамыған археология ғылымы адам қаңқасына генетикалық зерттеу жүргізіп, оның қандай аурумен ауыр­ғанын, диеталық сараптама арқылы өмі­рінің соңғы жылдарында немен қорек­тенгенін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олардың бұл аумаққа қай маңнан көшіп келгені де анықталып отыр. Мысалы, біздің заманымыздағы ІІ-ІV ғасырларда бұл маңда ғұндар ық­палы басым болған. Сол кезеңде бұл аумақ­қа Батыс Моңғолия, Сібір мен Хо­резм жерінен келіп қоныс тепкендер кө­бейіпті. Бір таңғаларлығы, Жетіасар әйел­дерінің көбінің басын жастайынан шү­берекпен орап, қолдан сопақша фор­маға келтіріп отырғандығы. Мұның не себепті жасалғаны ғылым үшін жұмбақ.

Былтыр музейге Сақ жауынгері мен Сығанақ ханшайымының рекон­ст­рукциясы қойылған болатын. Сүйе­гінің жанынан ұзын семсер, белдік пен сақтарға тән оюы бар киім, қанжар сы­нығы, парфяндық жазу түскен қыш құ­мыра, аң стилі негізінде жасалған 2 388 алтын жапсырма, алтын жалатылған ­7 жебе ұшы шыққан сақ жауынгері ­2005 жылы Шірік-Рабат қалашығы­на археолог Жолдасбек Құрманқұлов­тың же­текшілігімен жүргізілген экспеди­ция кезінде табылған құнды олжа.

Ал Алтын Орда кезеңіндегі Сығанақ ханшайымы ортағасырлық Сығанақ қалашыққа Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мен Өзбекстандағы Орталық Азия халықаралық институты бірлесе жүр­гізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде шыққан.

Осы бағытта жүргізілген жұмыстар­ды жергілікті атқарушы биліктің қол­дауы арқасында Ресей музейлеріндегі мә­ліметтер негізінде биыл жасалған Сырдария сақтарының тарихи мұрасы болып саналатын Түгіскен көсемі және әлемдік тарихта өзіндік орны бар Жеті­асар мәдениетінен құнды дерек беретін Жетіасар ақсүйек әйелінің реконструкциялары музейдегі жәдігерлер қатарын байытып отыр.

Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Астана филиалының директоры, PhD Әзілхан Тәжекеев соңғы жылдары Хорезм экспедициясы мұраларына тыңғылықты зерттеу жүргізілгенін айтады. Осыдан 6 жыл бұрын осы музейге экспедицияның 25 томдық материалы өткізіліп, 2 кітап жарық көрді. Бүгінгі реконструкциялар да сол бағыттағы жұмыстар нәтижесі.

Ғалымдар алдағы уақытта Ресей ар­хивтері мен музейлеріне жас ғалымдар­ды тағылымдамаға жіберіп, еліміздің ірі қалаларында ондағы мұралардың көрмесін өткізіп, оларды ұзақ уақытқа өзімізде сақтау үшін мемлекетаралық келісім жасалуы керектігін айтады.

 

Қызылорда