• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Энергетика 08 Қазан, 2024

АЭС-ті асарлатып салудың пайдасы көп

104 рет
көрсетілді

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, тәуелсіз еліміздің тарихында ең ұзақ талқыланған жобаның бірі АЭС құрылысына қатысты республикалық референдум да өз мәресіне жетіп, бірнеше ұйым тарапынан өткізілген Exit-poll сауалнамаларының алдын ала нәтижелері жарияланды. Қарап отырсақ, халқымыздың шамамен үштен екісі АЭС салуды қолдайды. Референдумның түпкілікті нәтижесі де осы деңгейлес болады деген үміт бар.

Әрине, мұндай тағдыршешті мәселенің белгілі бір мемлекет­тің немесе лауазымды тұлғаның бұйрығымен емес, жалпы халық болып дауыс беру арқылы шешімін табуы – демократиялық мемлекетке тән үрдіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен біз республикалық референдум өткізу арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын үлгісін көрсетіп, көптеп-көлемдеп таңдауымызды жасадық. Жалпы, электр қуатының тапшылығы айқын сезіле бастаған кейінгі жылдары көзі ашық жұртшылық болашақта бұдан да ауыр қиыншылыққа тап болмас үшін атом электр стансасы секілді жаңа технологиялармен жұмыс істейтін нысанның керек еке­нін түсінгеніне шүбә жоқ. Дегенмен кешегі референдумда қойылған «Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?» деген сұрақ – мәселенің бірінші сатысы ғана. Ендігі сұрақ: Оны кім салады?

Мамандардың айтуынша, АЭС – стратегиялық нысан. Ол керек кезінде жүргізіп, қалаған уақытыңда өшіріп, тоқтатып қоятын көлік емес. Іске қосылған сәттен бастап аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат ураннан жасалған отынның көмегімен жұмыс істеп тұратын ядролық реактор. Ол жерде нысанның жұмысын жіті қадағалап отыратын білікті мамандар қажет. Ал бізде ондай мамандар бар ма? Құдай бетін әрі қылсын, Чернобыль мен Фукусиманың кебін кимеуімізге кім кепіл? Егер АЭС-ті белгілі бір мем­лекет салып беретін болса, ертең алда-жалда ел басына күн туса, сол ядролық реакторды өзімізге қарсы қару ретінде қолданбай ма? Жалпы, мұндай стратегиялық нысанды өзгенің қолына беру қаншалықты ақылға сыяды? Жұртшылық тарапынан осы сынды сұрақтар жиі қойы­лып, көп талқыланғаны жасы­рын емес. Кешегі референдумда халықтың көбі АЭС салуға келісетінін білдіріп дауыс бергенімен, әркімнің көкейінде бір күмәннің тұрғаны ақиқат.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда республикалық референдумда дауыс бергеннен кейін журналистердің «АЭС құрылысын қай ел жүргізеді?» деген сұрағына «Менің пікірімше, елімізде ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет», деп осы мәселеге нүкте қойғандай болды. Яғни АЭС құрылысын бір ел емес, бірнеше елдің озық компаниялары бірігіп салуы мүмкін. Ал бұл қалай жүзеге асады және жа­уапты істі халықаралық кон­сор­циум­ға сеніп тапсырудың қандай артықшылықтары бар?

«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры әрі Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық департаментінің директоры Жақып Хайрушевтің айтуын­ша, атом электр стансасын салуда халықаралық консорциумға жүгіну түрлі елдердің тәжірибелі мамандарының бас қосуы арқылы алдыңғы қатарлы технологияларды енгізіп, жобаның сапасын арттыруға өз септігін тигізеді.

«Қаржылық және техникалық тәуекелдердің жоба құрылысына қатысушылар арасында теңдей бөлінуі әр тарапқа түсетін жүк­темені азайтады, сондай-ақ бір­лесіп қаржыландыру осындай үлкен жобаны іске асыруға көбі­рек инвестиция тартуға ықпал етеді. Бұған қоса халықаралық ком­паниялардың қатысуы атом энергетикасы саласындағы жаңа жетістіктерге жол ашып, халық­аралық қауіпсіздік стандарттары мен экологиялық нормалардың сақталуына сеп болады. Бұл өз кезегінде атом электр стансасын пайдалану тиімділігін арттырады», деді ол.

Ж.Хайрушев АЭС және өзге де стратегиялық нысандарды салуда халықаралық консорциумдарға иек артқан мысалдарды басқа дамыған мемлекеттер өмірінен де көруге болатынын айтты. Мәсе­лен, Финляндиядағы «Олки­луото-3» атом электр стансасын Фран­ция­ның Areva және Гер­манияның Siemens команияларынан құралған консорциум салған. Әлемдегі ең заманауи реакторлардың бірі саналатын бұл жоба құрылысында түрлі елдердің озық технологиялары мен сарап­­­шы­лық тәжірибесі пай­даланылған.

«Сонымен қатар қазіргі таңда Ұлыбританиядағы «Хинкли Пойнт Си» атом электр стан­са­сының құрылысын Францияның EDF Қытайдың CGN корпорация­сымен бірлесіп жүргізіп жатыр. Жоба бірлесіп қаржыландырылып отыр­ғандықтан, бірнеше мемле­кет­тің ресурстары мен технологияларын біріктіруге мүмкіндік береді», дейді сарапшы.

Ж.Хайрушев Түркиядағы «Аккую» АЭС құрылысында Ре­сей­дің «Росатом» мемлекеттік кор­порациясы негізгі мердігер санал­ғанымен, жобаны іске асы­руға түрік компаниялары да тартылғанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, біздің елімізде де негізінен мұнай-газ саласында осындай халықаралық консорциумдар құрылып, сәтті жұмыс істеп жатыр.

Ал Абай атындағы ҚазҰПУ Әлеуметтік даму жөніндегі про­ректоры, сарапшы Мақсат Жақауовтың айтуынша, елімізде АЭС құрылысын жүргізуді халық­аралық консорциумға беру туралы бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын да көтерген.

«Халықаралық консорциум белгілі бір мемлекетке тәуелді ұйым емес, ол – Қазақстанның тап­сырмасын орындайтын бірік­­­кен жоба. Оған АЭС салып көрген, ядролық реактормен жұмыс істеу тәжірибесі жоға­ры бір­неше мемлекеттің ком­па­ниялары қатысады. Мен өзім тәжіри­бесі бар алдыңғы қатарлы елдер ретінде Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, АҚШ және Ресейді айта аламын. Консор­циумға осы мемлекеттердің ком­па­ния­лары кіреді деген үміт­теміз. Олар жайында мамандар да көп­тен бері айтып келеді», дейді М.Жақауов.

Ол стратегиялық жоба құры­лы­сын жүргізудегі мұндай жан-жақтылық пен көпвекторлық біздің еліміз үшін қауіпсіз әрі тиімді екенін жеткізді. Өйткені бұл консорциум біріккен орта болғандықтан, әр тарап АЭС құрылысында белгіленген өз жауап­­­кершіліктерімен шектеледі.

«Ал консорциум құрылғаннан кейін АЭС-ті салу жұмыстары қа­лай бөлінетіні – үкіметтік дең­гейде шешілетін екінші мәселе. Ең бастысы, АЭС құрылысын бірнеше тараптың бірігуімен «асарлатып» жүргізу қауіпсіздік, экологиялық, тиімділік мәселелерінде ең дұрыс шешім деп есептеймін», деді М.Жақауов.

Сарапшы консорциум құра­мы­на енетін компаниялар атом энер­гетикасы саласындағы халық­аралық ұйымдардан лицензия алғаннан кейін ғана олардың жұ­мыс істеуіне рұқсат берілетінін атап өтті. Осы саладағы ең ірі ха­лық­аралық ұйым – МАГАТЭ.

«Бұл ұйым да еліміздегі АЭС құрылысын бақылауында ұс­тайды, сондай-ақ құрылысты са­ла­­тын ком­панияларға өз лицен­зия­сын беретіні – заңдылық. Біздің еліміз МАГАТЭ-нің мүшесі бол­ған­дықтан, мұндай ірі жоба қатаң қада­ғалау аясында іске асады. Сон­­дықтан одан қорқудың қажеті жоқ», деді ол.

Көпшілік тарапынан жиі қойылатын сұрақтың бірі – АЭС-те жұмыс істей алатын отандық мамандар бар ма? Мәжіліс депутаты Сергей Пономаревтың айтуынша, Алматыдағы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына қарасты оқу орны жылына жоғары білікті 400 маман дайындап беруге қауқарлы екенін жеткізген. Депутат биыл жазғы демалыс кезінде аталған кәсіпорынға арнайы барып, басшылығымен жүздескенін айтқан еді.

«Алматыда 60 жылдан бері Ядро­лық физика институты жұ­мыс істеп тұрғанын көп адам білмеуі де мүмкін. Бір ай бұрын мен сол жерге арнайы барып, жұ­мысымен таныстым. Оның бар­лық қызметі МАГАТЭ-нің тікелей бақылауымен жүргізіледі. Институттың академиктер мен профессорлардан құралған бас­шы­лығы маған болашақ АЭС үшін жоғары білікті 400 маман даяр­лауға мүмкіндік барын жет­кізді. Бұл мамандар оқу-жат­ты­ғуға арналған макетте емес, жұмыс істеп тұрған ядролық реакторларда даярланады. Тек жатақхана мәселесін шешіп беруді сұрап отыр. Институт басшылығының сөзіне сүйенсек, біздің елімізде АЭС-ке маман даярлауға әлеуе­ті­міз толық жеткілікті. Біз осыны халыққа жеткізуіміз керек. Бұған уран қоры жөнінен әлемде алдыңғы қатарда екенімізді қосып қойы­ңыз. Сонымен қатар елімізде ядро­лық отын өндіретін Үлбі зауы­ты жұмыс істеп, өнімдерін шы­ғарып жатыр», деді депутат.

Иә, кешегі өткен референдум – бірнеше жылға созылатын күрделі жобаның бастамасы ғана. Әңгімеміздің шымылдығын «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген мақалмен ашып едік. Сонымен бір той өтті. Бірақ мамандардың пікіріне құлақ салсақ, алдымызда әлі той да, қызық та көп. Ең бастысы, АЭС аман-есен ел игілігіне берілсін деп тілейік.