Қостанай облысының тұрғындары 720 референдум учаскесінде дауыс берді. Әр учаскенің басында «Amanat» партиясы мен «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының байқаушылары дауыс берудің заң аясында болуын қалт етпей қадағалап отырды. Бұл күні науқанға «Дауыс» коалициясының 1 440 байқаушысы атсалысқанын айта кету керек.
Сол күні таңертең Қостанайдағы №11 учаскеге барып, өз таңдауымызды жасадық. Аталған учаскеге тіркелген 2 568 адамның алды болып зейнеткер Үміт Исмайылова дауыс берді.
«Бұл – аса маңызды әрі тарихи күн. Біз референдум болсын, сайлау болсын, ерте келіп дауыс беруге әдеттенгенбіз. Бірінші болып келіп, көтеріңкі көңіл күймен үйге қайтып барамыз. Бала-шағамыздың ертеңі жарқын болса екен деп тілейміз. Сол үшін дауыс беріп, өз таңдауымызды жасадық. Ең бастысы, еліміз аман, іргеміз бүтін болып, кез келген мәселені ақыл-парасат безбеніне салып, байыппен шешкен дұрыс. Референдум да осы мақсатта ұйымдастырылып отыр деп ойлаймын», дейді екі немересін ерте келген Үміт әжей.
Түске таман №860 учаскеге бас сұғып едік, халық қарасы көп екен. Мұнда 2 408 адам тіркелген. Соның 40 пайызға жуығы өз таңдауын жасап үлгеріпті.
«Халық белсенді дауыс беріп жатыр. Референдумға қатысушылар үшін ыстық шай, медпункт ұйымдастырып қойдық. Бізден бөлек, екі бақылаушы жұмыс істеп жатыр», деді учаске төрағасы Қанат Аймұхамедов.
Бұл учаскеде көппен бірге Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Бағдат Оспанов дауыс беріп жатыр екен.
«Референдумға Қазақстанның азаматы, осы елдің патриоты ретінде өз даусымды беру үшін келдім. Учаскеге кіріп келгенде халықтың ағылып жатқанын көзім шалды. Бұл халықтың ел болашағына бейжай қарамайтынын білдіреді. Өтіп жатқан референдумды елдегі демократиялық үдерістердің жаңа бір көрінісі деп есептеймін. Қазақстанның дамуына оң септігін бермесе, ешқандай зияны болмайтынына сенімім кәміл», деді Б.Оспанов.
Қостанай облысы