7 қазан сағат шамамен 17:00-ден бері Атырау облысы аумағында қамыс өртеніп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Ірі алқаптағы өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе авиациясы жұмылдырылған.
Әуеден аэровизуалды барлау жұмысы кезінде Құрманғазы ауданынан 43 км қашықтықта 5 га аумақта қамыстың бықсып жатқаны байқалған. Сонымен қатар аталған ауданнан 20 км шақырым жерде 3 га аумақта қамыстың жанып жатқаны анықталды.
«Кеше сағат 17:00-ден бері «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағының су төгу құрылғысы арқылы әуеден жану ошақтарына 30-дан астам тонна су төгілді. Бүгін 8 қазанда қамыс өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр», делінген Төтенше жағдайлар министрінің хабарламасында.
ТЖМ дерегінше, елді мекенге өрттің таралу қаупі жоқ. Облыс аумағындағы өрт жағдайына мониторинг жасалып, ерекше бақылауға алынған.