Елімізде Қазақ-неміс ғылым және технологиялар институты ашылды. Жоғары оқу орнының салтанатты ашылуына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Бұл туралы Ғылым және білім министрлігі хабарлады.
Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, аталған институт Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жанынан құрылған. Металлургия, пайдалы қазбалар өндіру саласындағы Қазақ-неміс ғылым және технологиялар институтының базасында заманауи жоғары технологиялық зертханалар, сонымен қатар ғылыми орталықтар бар. Мұндағы жұмыс кең ауқымды өзекті зерттеулерге, жобаларға бағытталады. Болашақта осы институт ғылым және технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталық алаңына айналып, елдер арасындағы тәжірибе, білім алмасуға ықпал етеді.
Министр С.Нұрбек институттың ашылуында: «Мұндай ғылыми орталықты құру идеясы 14 жыл бұрын ұсынылған болатын, сол кезде ресми делегация құрамында болған едім. Енді, міне, бәрі логикалық қорытындыға келіп отыр. Қазақ-неміс институтын дәл осы жерде, Шығыс Қазақстан облысында құру – өте маңызды жоба. Бұған облыс әкімдігі де бізге белсенді қолдау көрсетіп отыр. Адами капиталға, технологиялар трансферіне инвестиция өңір экономикасының дамуының негізі болатынын түсінеміз. Қазіргі кезде әлемде сирек кездесетін металдардың маңызы күрт артты, түрлі елдерден үлкен сұраныс байқалып отыр. Мысалы, бізге бұл бағытта Оңтүстік Корея мен Жапония да жүгінген болатын. Сондықтан Қазақ-неміс ғылым және технология институты металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласында жұмыс істейді», деді.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында осы институтты құру туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасында меморандумға қол қойылған болатын.