• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 09 Қазан, 2024

Сүттен табыс тауып отыр

141 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде алтын бесік ауылда тұратын ағайынның кәсіп бас­тап, табыс табуына барлық жағдай қарастырылып жатқаны даусыз. Өңірдің ондаған ауылының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие рәсімдеп, төрт түлік мал өсіріп, ата кәсіпке ден қоя бастады.

Іргедегі Жуалы ауданы­на қарасты Алатау ауылы­ның тұрғы­ны Нәзира Байдосова­ның отбасы да мемлекет қолдауын айқын сезініп отыр. Алақандай елді мекен «Ауыл аманаты» бағдар­ламасына енген кезде бұл отбасы қарап жатпай, білек сыбанып іске кірісті. Дер кезінде қажетті құжат­ты әзірлеп, Зеңгі баба түлігін өсіруге ниет етті. «Елдар» жеке кәсіпкерлігін ашқан олар ата кәсіп арқылы мол табысқа кенелетініне сенімді болды. Нәтижесі көп күттірген жоқ.

«Расы керек, еңбек еткен адам табысқа кенеледі. Қазір «алма піс, аузыма түс» деп жататын уақыт емес. Іс бастаймын деген отба­сыларға мемлекет тарапынан түрлі деңгейде қолдау көрсетіліп жат­қанын көз көріп отыр. Тек әр адамның бойында кәсіпті дөңгелетіп әкетуге деген ниет болса жеткілікті. Отағасы Еркеұлан Байдосовтың қолдауының арқасында жыл бұрын «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алуға ниет білдіріп, құжат тапсырып, тиесілі қаражат­ты алдық. Қолымызға тиген қар­жы­ның 7,5 млн теңгесіне мал, қал­ған қаражатқа жемшөп алдық. Осылайша, жаңа бір істі бастауға бел буып кірістік. Негізі, несие алу­дың өз критерийлері бар екен. Оның мақсаты мен міндетін ауылы­мызда жүргізілген түсіндіру жұмыс­тары кезінде толықтай білдік. Отбасымыздың жоба аясында несие рәсімдеуіне мамандар­дың да көп көмегі тиді», дейді Н.Байдосова мәселенің мәнісіне үңіліп.

Айтуынша, несие алуға құжат әзірлемей тұрып, Байдосовтар отба­сы алдымен қора-жайды жаңа­лауға кірісіпті. Құжат тапсырған кез­де мамандар мал ұстайтын қора-жайдың талапқа сай екенін ескерген көрінеді.

«Шынтуайтына келсек, маман­дар несие алмай тұрып, қол­ға тиген қаражатты мақсатсыз жұм­сауға болмайтынын ескертті. Мем­лекет тарапынан жасалып отыр­­ған қамқорлықты тек қана іс бас­тауға пайдалану керектігін то­лық түсіндік. Бізге дұрыс бағыт-бағ­дар берген азаматтарға алғыстан бас­қа айтарымыз жоқ. Өйткені сол кі­сі­лердің қолдауы арқасында әре­ке­тіміздің түбінде берекесін бере бастағанын сездік», дейді Н.Байдосова.

Алақандай Алатау ауылынан іргесін алыстатпаған Байдосовтар отбасы ұйқыны дұшпан деп таны­ған. Олар түнгі үштен бас­тап тіршіліктің қамына кіріседі. Отағасы Еркеұлан мен ұлдары малдың жемшөбін уақтылы берсе, Назира сиыр саууға кіріседі. Кейде сиыр саууға арналған аппаратты алма-кезек пайдаланып, Зеңбі баба тұқымы өріске шыққанға дейін тынымсыз еңбектенеді.

«Еткен еңбек пен төккен тер өз нәтижесін беріп жатыр. Күнделікті табысымыз баршылық. Сатып алған сиырларымыз төлдеді. Алған төлдің тең жартысын сатудың арқасында несиенің бір бөлігін төлеп тастадық. Мал шаруашылығын бес саусағындай жетік білетін мамандармен ұдайы байланысып тұрамыз. Соның арқасында түрлі аурудың алдын аламыз. Ауылымыз мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы. Жайылым жердегі шөп құнарлы. Үй маңында өзімізге тиесілі жеріміз де бар. Жыл сайын 3-4 гектар алқапқа арпа, бидай егіп, уақтылы жемшөп дайындауды қолға алып жатырмыз. Шынашақтай кезімізден үлкендердің тәлімін алып өстік қой. Жасы егде кісілер бақыт пен байлықтың кілті еңбекте екенін санамызға әбден құйды. Ұзақ жыл бойы білім саласында еңбек етіп келемін. Жұмысым бар болса да, отбасымыздың мал шаруашылығымен айналысқанын құп көремін. Өйткені төрт түлік өсіру қанымызда бар қасиет. «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыруға мол мүмкіндік тудырып отыр. Алдағы уақытта тағы бір кәсіпті игеріп, табысымызды арттырсақ деген ойымыз бар», дейді кейіпкеріміз.

Жоба аясында 2,5 пайыздық үстемемен 8,5 млн теңге несие рәсімдеген Байдосовтар отбасы 18 бас сауынды сиыр сатып алған. Ауылдағы қара шаңырақта үш ұл тәрбиелеп отырған олар күнделікті 180–190 литр шамасында сүт өткізіп, табыс тауып отыр.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Алатау ауылы