• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қазан, 2024

Рухани дипломатия – бейбітшілікке бастайтын жол

100 рет
көрсетілді

Кеше елордада Сенат спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Хатшылықтың XXII отырысы өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылған іс-шараға 19 елден келген дін қызметкерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Ауқымды жиын түрлі ұлттардың және конфессиялардың ынтымақтастығын көздейтін идеяға табан тірейді. Отырысқа қатысушылар қазіргі сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру жөнінде пікір алмасып, келесі жылы Астанада өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің күн тәртібін талқылады. Сондай-ақ жиын барысында съездің Ізгі ниет елшілері сайланып, дін қызметкерлері жоғары наградалармен марапатталды.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алыс-жақын шетелдерден және елімізден келген қатысушыларға ілтипат білді­ріп, рухани көшбасшылар 20 жылдан аса уақыт бойы Съезд аясында күш біріктіріп, діндер, мәдениеттер және халықтар арасындағы диалогті дамытуға, адамзатты алаңдатқан жаһандық проблемалар­ды шешуге елеулі үлес қосып келе жат­қа­нын атап өтті. Мемлекет басшысы­­ның әртүрлі ұлттардың, конфессия­лар­дың ынтымақтастығын нығайтуға баса мән беріп келе жатқанын, бұл рет­те «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты Әділетті Қазақстан үшін маңызды негіз екенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар Хатшылық басшысы қазіргі таңда жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен тығыз байланысты екенін, мұндай жағдай олардың ықпалын арттыра түсетінін айтып, бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын алға тартты. Геосаяси шиеленістердің салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп, халықаралық қоғамдастық қол жеткізген құндылықтарға нұқ­сан келіп жатқанын атап өтті.

– Бүгінде біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулымыз. Осы орайда тараптарды бейбіт тұрғындардың құрбан болуынан және жағдайдың одан әрі ушығуынан сақтану үшін күш қолданудан бас тартуға шақы­рамыз. Мұндай ахуал кедейлік, теңсіздік және климаттық дағдарыс сияқты сын-қатерлерді күшейте түсетіні белгілі. Осындай проблемаларды азайту және еңсеру үшін барлық сындарлы күштердің әлеуе­тін біріктірудің мәні зор. Бұл ретте рухани дипломатияның маңызы артып келе жатқанын атап өткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақаласында атап өткендей: «Қазіргі таңда әлемде сая­си белгісіздік белең алған жағдайда мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогті арттыру аса маңызды». Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты диалог алаңдарын дамыту айрықша мәнге ие, – деді Съезд хатшылығының басшысы.

Іс-шара барысында қатысушы­лар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Съезді дамыту­дың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға, соның аясында қазіргі таң­дағы басқа да өзекті сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге назар аударды. М.Әшімбаевтың айтуынша, нейрожелілер мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы кең мүмкіндіктермен қатар фейктердің таралуына да жол беріп, жаһандық тұрақтылыққа нұқсан келтіріп отыр. Осындай жағдайда біздің еліміз аталған қатерлерді еңсеруге ықпал ете отырып, халықаралық қауіп­сіздіктің жаңа жүйесін қалып­тастыруды жалғастыра береді.

– Жалған ақпараттың, оның ішінде жасанды интеллект арқылы әзірленген негізсіз деректің таралуы этностық, діни және әлеуметтік топ­тар арасындағы әртүрлі қақты­ғыстарға әкелуі әбден мүмкін. Бұл жағдайда бейбітшілікті, келісімді және өзара сенімді нығайтуға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыру ерекше мәнге ие. Сондықтан Мемлекет басшысы Съезді да­мы­тудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасын әзірлеуге бастамашы болып, форумның миссиясын дәріптеудің нақты тетіктерін айқын­дау міндетін жүктеді. Бүгін­де рухани көшбасшылармен және халықаралық ұйымдардың өкіл­дерімен бірлесіп, аталған жұмыс жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізі­ліп келеді, – деп Сенат төрағасы барлық қатысушыға осы бағыттағы нәтижелі жұмыс үшін ризашылық білдірді.

Жиынға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Съезді дамытудың 2023-2033 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын іске асыру үшін құрылған жоспар бойынша қандай іс-шаралар өткенін айтты.

– Съезд серіктестерімен бір­ле­се оты­рып, Үндістан, Түркия, Мысыр мен Ватиканда тақырыптық дөңге­лек үстелдер ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Қазақстан – әлемнің рухани астанасы» тақырыбында тақырыптық экспозициялар, көр­мелер, мұрағаттық презентациялар ұйымдастырылып, онда біздің суретшілер мен каллиграфтардың үздік жұмыстары ұсынылды. Сон­дай-ақ біз Қазақстан мен шетел­дің жо­ғары оқу орындарында Съезд тұжы­рымдамасының идея­ларын ілгері­лету бойынша дәрі­стер серия­сын іске асырып келе­міз. Съезд қыз­меті жөнінде әлемдік жұрт­шы­лық­ты хабардар ету мақ­сатын­да үз­дік шетелдік БАҚ-та, атап айт­қанда, «Euronews», «BBS», «CNN», «Bloom­berg», «Washington Post», «Al Jazeera», «Xinhua», «Vatican News» секіл­ді арналарда 1 800-ден аса түрлі мате­риал жарияланды, – деді министр.

Хатшылық отырысында қатысу­шылар бейбітшілікті сақтап, диалог пен өзара құрмет мәдениетін нығайту үшін барлық діни және халықаралық ұйымдардың күш-жі­герін ортақ мүддеге жұмылдырудың маңызды екеніне тоқталды. Сон­дай-ақ мызғымас рухани, адамгер­шілік құн­ды­лықтарды ілгерілетуге ар­нал­ған Ізгі ниет елшілері мәр­тебесі беріліп, оның ережесі белгі­ленді. Нақты айтқанда, аталған мәр­тебеге Қазақстан әншісі Димаш Құдай­берген, Вьетнам буддис­тік санг­ханың Бас хатшысы, Атқару­шы кеңес төрағасының орынбасары Тхить Дык Тхиен, Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның пат­риархы ІІІ Теофил, Мұсылман ақсақал­дар кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Әбделсалам және Англи­кан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Уэллс лайық деп танылды.

– Съездің Ізгі ниет елшілері инс­титуты рухани дипломатияның маңызды элементі болуды көздейді. Съезді дамыту тұжырымдамасы аясындағы тағы бір маңызды бастама – Жас дін лидерлерінің форумы. Жас көшбасшыларды съезд қызметіне тарту қалыптасқан дәстүр мен өркениетаралық, конфессияаралық диалогтің сабақтастығын сақтауға кепіл болары анық. Түрлі конфес­сиялар, халықаралық және қоғам­дық ұйымдар, болашағынан үлкен үміт күттіретін ғалымдар мен саясаткерлер Астанада бас қосып, жас лидерлердің бүгінгі әлемнің үйле­сімді дамуындағы рөлін талқы­лайды. Мұндай қадамдар Съездің одан әрі нығаюына ықпал етіп, рухани дипломатия мен дін­аралық және мәдениетаралық ди­а­логті дәріп­теуге өз септігін тигі­­зеді деп сенеміз, – деген М.Әшім­баев Хатшылық отырысына қатысу­шыларды Съездің Құрмет медалімен марапаттады.

Өз кезегінде делегаттар бейбітші­лік пен конфессияаралық келісімді сақтау жолында діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктіруге ұйытқы болғаны үшін біз­дің елімізге ризашылығын біл­дірді. Сондай-ақ олар Съездің еларалық қақтығыстардың салдарын жеңілдетуге және кедейлік, радикализм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, экологиялық апаттар сияқ­ты жалпыадамзаттық проб­ле­ма­ларды оң шешуге тигізетін ық­па­лына назар аударып, бүгінде фо­рум­ның беделі айтарлықтай өсіп келе жатқанын атап өтті.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII съезінің жалпы отырысы мен панельдік сессия­ларының тақырыптары және өтетін мерзімі белгіленді. Соған сәйкес VIII съезд 2025 жылғы 17-18 қыр­күйекте өтіп, ол «Діндер диа­логі: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналмақ. Бұған қоса Съезд хатшылығының XXII оты­рысының хаттамасы қабылданды.

Жиын барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі хатшылығы басшысының орынбасары, Сыртқы істер министрі­нің бірінші орынбасары Ақан Рах­метуллин, Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшылары Съезі хат­шылығы басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, бірқатар шетел­дік және отандық діни бір­лес­тік өкілдері баяндама жасады. Олар бүгін­гідей алмағайып заманда бейбіт­шілік тұғырын биіктететін іс-шараның бірі – біздің еліміз тарапынан үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан діндер көшбасшыларының съезі екенін атап өтті.

Айта кетейік, Съезд хатшылығы­ның отырысына ислам, христиан, буддизм, иудаизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің делегаттары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен еліміздегі діни бірлес­тіктердің өкілдері қатысты. Іс-шараға БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Әлсабри құрметті мейман ретінде қатысып, сөз сөйледі.