Атом энергетикасы туралы сөз қозғағанда кәсіби маманның пікіріне жүгіну, солардың пікірі негізінде ой қорыту өте маңызды. Өйткені АЭС қаншалықты пайдасы мен тәуекелі жоғары құрылым болса, АЭС туралы әңгіме де соншалықты нәзік. Кез келген оқыс көзқарас оқиғаны әп-сәтте бұрмалап жібермек. Осы орайда физика-математика ғылымдарының докторы, «Үлбі металлургия зауыты» ЖШС ғылыми орталығының жетекшісі Манарбек Қылышқановты әңгімеге тартқан едік.
– Манарбек Қалымұлы, әлеуетті атом электр стансасы қандай мәселелерді шешеді?
– Станса құрылысы екі мәселені шешуге бағытталған – елді қуатты базалық генерация көзімен қамтамасыз ету және қоршаған ортаға үлес қосу. Мамандардың айтуынша, елдегі электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсімі 3%-ды құрап отыр. Ол алдағы уақытта көбейе түспек. Әрине, бір атом электр стансасы бүкіл тапшылықты толық өтей алмайды. Жаңа буын құрылымында 2035 жылға қарай атом энергиясының үлесі 4,7%-ды құрайды деп күтіледі. Көрсеткіш аз деп көңіл түсіруге болмайды. Себебі бір уақытта көптеген жаңа энергетикалық нысанды іске қосу жоспарланған. Оның қатарында газбен жұмыс істейтін стансалар (26%), жаңартылатын энергия көздері (25%) бар. 2023 жылы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі шамамен 12%-ды құрады.
Энергияның жаңартылатын түрлерін пайдалану тым көп ресурсты – үлкен аумақтар мен қолайлы ауа райы жағдайын қажет етеді. Сонымен қатар оларда орнатылған қуатты пайдалану көрсеткіші төмен. Жел – 24%, күн – 18%. Олар ауа райына байланысты тұрақсыз. Ал АЭС-тің тұрақтылық коэффициенті 90%-ды құрайды. Экологияға келетін болсақ, бүгінде көмірсутегі энергияның «лас» көзі болып саналады. Біз 200-ден астам елдің ішінде көмірқышқыл газының шығарындылары жөнінен жетекші орындамыз. Демек олардың жалпы көлемі тұрғысынан 20, жан басына есептесек, 10-орындамыз.
Атом энергетикасының үлесі кем дегенде 25% болуы керек деп есептеймін. Бұл – бүкіл ел көлеміндегі 4-5 станса. Осы тәсіл арқылы энергия тапшылығы мәселесін шешіп, көміртегі бейтараптығына қол жеткіземіз. Сондықтан бірінші кезекте атом электр стансасын салу аса маңызды. Бұл жоба еліміздің атом энергетикасын дамытуға қуатты серпін береді.
Ал қандай реакторлар салынуы мүмкін дегенге келсек, елімізге екі қысымды су реакторынан немесе ВВЭР-ден (су-сулы энергетикалық реактор) тұратын бір станса салу ұсынылды. Бұл – бүгінде ең қауіпсіз һәм ең танымал стансалар.
– Атом электр стансасы өндіретін электр энергиясының құнын не анықтайды?
– Құны стансаның құрылысы кезінде таңдалатын экономикалық модельге байланысты болады. Егер инвестор қаражаты тартылса, инвестиция белгілі бір пайдамен қайтарылуы керек. Бұл – атом электр стансасы бірнеше жыл ішінде оның құрылысына кеткен шығынды өтейді деген сөз. Одан кейін электр энергиясының құны төмендейді. Ол тек стансаны ұстауға жұмсалған ағымдағы шығындарды қамтиды. Мұндай режіммен станса 60 жыл бойы жұмыс істейді. Егер осы мерзімнен кейін сарапшылар оның жағдайына оң баға берсе, онда АЭС тағы 20 жыл қызмет етеді. Әрине, стансаның жабдықтары өте қымбат, бірақ оның қызмет ету мерзімі ескеріліп, сондықтан бұл – толығымен негізделген шығындар. Бірақ еліміз басқа үлгіні таңдап, стансаны өз қаражатына тұрғыза алады. Сонда электр энергиясының бағасы басқаша болады. Бірақ кез келген жағдайда атом электр стансасында алынған энергия бірлігінің құны, мысалы, көмір стансасында алынған энергия бірлігімен салыстырғанда арзанға шығады.
– Бүгінде атом электр стансасын салу қаншалықты қауіпсіз?
– Өткен 60 жылда үш ірі апат болды. 1979 жылы Американың Три-Майл-Айлендінде сәтсіздікке байланысты өзегі еріп кете жаздады. 1986 жылы Чернобыль атом электр стансасы жарылды. 2011 жылы жер сілкінісі мен цунамиден кейін Жапониядағы Фукусима атом электр стансасында апат болды. Онда алты реактордың үшеуінде отын еріген. Бұл стансалардың бәрінде І мен ІІ буын реакторлары тұрды. Біздің елде ІІІ+ буын реакторын салу жоспарланып отыр. Ауыр апаттың ықтималдылығы жоқтың қасы.
– Елімізде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану технологиялары қандай деңгейде?
– Республикада ядролық технология саласында жақсы дамыған ғылыми-техникалық инфрақұрылым бар. Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) атом электр стансаларының қауіпсіздігіне арналған зерттеулерінің нәтижелері қазірдің өзінде Жапония, Франция, Ресейдегі атом электр стансаларын жобалау мен пайдалануда қолданылып жатыр. Алматыдағы Ядролық физика институтының зерттеулері де көпке белгілі.
Сондай-ақ еліміздің атом энергетикасына жаңадан келген ел емес екенін есте ұстаған жөн. Өткен ғасырда Ақтауда (сол кездегі Шевченко) әлемдегі алғашқы тәжірибелік өнеркәсіптік жылдам нейтрондық қуатты реактор БН-350 сәтті пайдаланылды. Республикада әлі күнге дейін үш зерттеу ядролық реакторы жұмыс істейді, екеуі – Ұлттық ядролық орталықта, біреуі – Ядролық физика институтында. Осының барлығы отандық атом энергетикасын дамытуды бастау қажеттігі туралы сеніммен айтуға мүмкіндік береді.
– Балқашқа жақын салынған атом электр стансасы экожүйеге әсер етеді деген қауіп бар. Бұл рас па?
– Су қажеттілігіне келетін болсақ, атом электр стансаларының градирняларындағы (салқындатқыш қондырғылар) судың ысыраптары климаттық жағдайларға, яғни булану көлемі мен олардың айналымдағы су көлеміне байланысты. Қуаты 2 400 мегаватт болатын екі блокті атом электр стансасына лайықталған жобалық су шығыны жылына шамамен 63 млн текше метрді құрайды, бұл Балқаш көлінің табиғи булануының 0,32%-ына тең. Ол бір жылда 18 млрд текше метрден асады. Яғни Балқаштағы судың жалпы көлемі шамамен 108,3 млрд текше метрді құрайтынын ескерсек, атом электр стансасы көлдің су балансы мен экологиясына ешқандай әсер етпейді деп айта аламыз.
– Атом электр стансалары пайдаланған уранды қайта өңдеу мәселесіне қалай қарайсыз?
– ІІІ+ буын реакторларынан пайдаланылған ядролық отын ядролық реакторлардың келесі буындарына арналған әлеуетті стратегиялық шикізат болып есептеледі. Уақыт өте келе сенімді IV буын реакторларының дамуымен бұл ресурс олардың отыны ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта III буын реакторларында «жұмыс істеп жатқан» елдердің барлығы пайдаланылған отынды сыртқа шығармай, болашақты ойлап, оны арнайы қоймаларда сақтайды. Өйткені кез келген қазбалы органикалық отын ерте ме, кеш пе таусылатынын, сол себепті қазірдің өзінде өндірілген уранның, оның ішінде пайдаланылған уранның ұзақ мерзімге жеткілікті болатынын түсіну керек. Сондықтан мұндай «қалдықтардан» қорқудың қажеті жоқ.
– Рахмет.
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»