• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қазан, 2024

Тұтынушыға – сапалы өнім

61 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жол­­дауында тұтынушы құқын қорғауға арнайы көңіл бөліп, Үкі­метке, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасына ішкі нарық пен отан­дық өндірушілерді қорғауға бағыт­талған сауда саясатында рет­теуші шараларды әзірлеуді тап­сырған болатын.

Міне, осыдан соң елімізде тұтынушыларды қауіпсіз тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында Сауда және интеграция министрлігінің бастауымен «Сапалы өнім» қоғамдық қозғалысы іске қосылған еді. Ал қозғалыстың мақ­саты мен міндеттері қандай? Бұл – әрине, атынан көрініп тұрғандай-ақ, халыққа сапалы өнім ұсынуды қамтамасыз ету. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі үкіметтік емес секторды, жергілікті атқару, өкілді органдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерін ішкі нарықта отандық өндіру­шілер мен тұтынушыларды қауіпті, сапасыз өнімдерден қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жалпыұлттық мүдделерді іске асыруға, сондай-ақ парасатты бәсе­келестікті дамытуға жағдай жасауға тарту – қоғамдық қозғалыстың басты міндеті.

Қазіргі таңда «Сапалы өнім» қоғам­дық қозғалысын іске асыру барысында ел көлемінде, соның ішінде Ұлытау облысында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігі «Сапалы өнім» тұжырымдамасының аясында сапасыз, қауіпті тамақ өнімдерін анық­тау мақсатында облыс аумағында тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Соның нәтижесінде біршама кемшілік анықталып, оларды түзету шаралары іске асты.

– Ұлытау облысында Тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау, сауда қыз­метін реттеу саласында Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық бөлімшесі ретінде Ұлытау об­лысында Сауда және тұты­ну­шылардың құқықтарын қорғау де­партаменті қызмет атқарады. 2024 жылдың 9 айының қорытындысына қа­ра­сақ, тұтынушылардың құқық­­тарының бұзылуына қатысты облыс тұрғындарынан барлығы 361 өтініш келіп түсті. Бұл бір жағынан тұтынушының таңдау деңгейінің артуын білдірсе, екінші жағынан жосықсыз кәсіпкерлік қызметтің өсуін көрсетеді. Жедел желі, телеграм бот арқылы – 175, eOtinish порталы арқылы – 155, басшының азаматтарды қабылдауы арқылы 31 өтініш түсті. Сондай-ақ қазіргі уақытта шағымды e-tutynyshy сайтында тіркелу арқылы немесе е-otinish.kz ақпараттық жүйесі арқылы беруге болады. E-tutynyshy сайтында кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімділік беріледі, шағым мен проблемалық мәселелер сипатталады, содан соң тікелей тұтынушыға жіберіледі, – дейді Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ж.Дәулетбаев.

Сонымен бірге қазір е-otinish.kz, Smart QR жүйелерімен интеграция жүргізілді. Платформаның мобильді нұсқасы жасалды. Жобаның мақсаты – электрондық форматта өтініш беруді оңайлату, сондай-ақ тұтынушылардан бизнес өкілдеріне өтініштерді қабылдау, әртүрлі кезеңде өтініштерді шешу, са­­лалар мен дау-дамай нысандары бөлі­нісінде тұтынушылардың ша­ғым­дарын қадағалау, талдамалық дерек­терді қа­лыптастыру, азаматтардың тыныс-тіршілігінің барлық саласында мемле­кет­тік органдардың проблемалық мәселе­лерді анықтауына қолайлы жүйе құру.

Департамент ішкі сауда қызметін реттеу саласын, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін қадағалап отырады. Тексеріс пен бақылау облыс төңірегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның тұрақты екенін көрсетеді. Бұған департаменттің де ықпалы жоқ емес. Өйткені бұл жағдай департамент тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеуді бақылау құралдарын тиімді іске асыру есебінен қамтамасыз етілді.

Жыл басынан бері департамент ар­қылы электрондық шот фак­тураларға талдау жүргізіліп, Ұлы­тау облысы әкі­мінің өкіміне сәйкес құрылған Ұлытау облысында азық-түлік бағаларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жө­ніндегі комиссия қатысушыларының қажырлы еңбегінің арқасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына сауда үстемесінің мөлшерін негізсіз арт­тырған 220 кәсіпкер Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына заң бұзушылықтардың басым бөлігі сүзбе, күнбағыс майы, жұ­мыртқа, тауық еті, қант, макарон өнім­дері­не анықталған.

Сонымен қатар жария шарт жағ­дайында тауар өткізу кезінде тауарлардың баға жапсырмаларын орналастырмаған 11 жеке кәсіпкер «Әкімшілік құқық бұ­зушылық туралы» кодекстің 193-бабы 4-тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылып, қысқартылған түрінде 95 992 теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

Қоғамдық бірлестік тарапынан «Тұ­тынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 41-бабына сәйкес дүкендерге мониторинг жүргізіліп, жарамдылық мерзімі өткен, қазақша таңбалау жоқ, құрамы техникалық регламенттерге сай келмейтін, яғни тиісті емес сападағы тауарлар анықталып, отандық өндірушілерді қолдау, тұтынушыларды қорғау мақсатында жұмыс атқарылып жатыр.

Өнімдерге сәйкес бұзушылықтар Ұлттық сараптама орталығымен рас­талған жағдайда Ұлытау облысы бойын­ша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарапынан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 6-2-бабына сәйкес сауда субъектілеріне бұзушылықты жою, заң бұзушылық анықталған тауарларды дүкен сөрелерінен, сатылымнан алып тастау туралы нұсқама табысталып, тұтынушыларға тиісті сападағы тауарларды ұсыну жөнінде бірқатар қызмет іске асырылады.

Атап айтқанда, осы жылдың 9 ай­ын­да техникалық регламенттерге сай келмейтін 96 тауар анықтал­ды. Анық­­талған тауарларға қатысты тұты­нушылардың арызы Ұлытау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау департаментіне жолданып, департамент өз құзыреттілігі шегінде 91 өнімді дүкен сөрелерінен алдырып, кәсіп­керлерге «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 9 894 560 теңге кө­лемінде айыппұл салды.

Анықталған өнімдерді аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау органдары Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментіне жолдап, Техникалық реттеу және метрология комитеті арқылы 3 тауардың дек­ларациясы уақытша тоқтатылды. Со­нымен қатар 24 өнімге қазіргі таңда тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Соның ішінде 9 өнім санитарлық эпедемиологиялық бақылау комитеті бекітетін халықтың санитарлық-эпи­демиологиялық саламаттылығы сала­сындағы нормативтік құқықтық ак­тілердің талаптарына сәйкес келмейтін өнім­дер тізіліміне кірді.

Бұл жұмыс алда өз жалғасын таба береді. Негізгі мақсат – ішкі сауда саласында тұтынушыларды қорғау, отандық өндірушілерді қолдау, жаңа Қазақстан құру бағытында айқын бастамалармен ел сенімін ақтау.

Сауда және интеграция министрлігі «Сапалы өнім» жария тұжырымдамасын іске асыру мақсатында қауіпті, сапасыз өнімді анықтау жөніндегі ахуалдық штаб жұмысының алгоритмін бекітті, бекітілген алгоритмге сәйкес «Сапалы өнім» қоғамдық қозғалысын іске асыру мақсатында жұмыс жүргізіліп еді.

Облыста отандық тауар өндіру­шілерді қолдау, ішкі нарықты қорғау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­са­тын­дағы жұмыстар одан әрі жал­ғасын табады.

 

Ұлытау облысы