Қызылорда қаласында компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk Kazyna Trust» КҚ қаржыландыруымен үстел теннисі орталығы ашылды. Сонымен қатар, қордың демеушілігімен 900 орындық «Жайлы мектеп» пен Оқушылар сарайының тұсауы кесілді.
«Осылайша Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесе, өңірдегі қор кәсіпорындарының белсенді атсалысуымен өскелең ұрпақтың дамып, шығармашылықпен шұғылдануына барлық жағдай жасалып жатыр. Өңірде білімді де спортпен айналысатын жастар саны көбейіп, еліміздің жаңа чемпиондары мен дарынды тұлғалары өсіп шығады деп сенеміз», деп атап өтті ашылу рәсімдерінде «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтерген аумағы 3652 шаршы метр, 2 қабаттан тұратын жаңа заманауи орталықта 16 үстел теннисі болады, ғимарат күніне 150 жергілікті тұрғын мен спортшыны қабылдай алмақ. Бұған дейін, өңірде ашық аспан астында үстел теннисімен кәсіби айналысу қолайсыздық тудырған.
«Бүгін ел игілігіне берілген үстел теннисі орталығы Сыр спортына жаңа серпін әкеліп, жеңімпаздар сыйлайды деп сенеміз. Сүйікті Қызылордамыздың келбетіне көрік қосатын әсем ғимараттардың қатарын толықтырған орталықтың қолданысқа берілуі баршаңызға құтты болсын. Еліміздің көк байрағы дүбірлі додаларда биікте желбіреп, спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінсін!», деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
3 мың шаршы метрді алып жатқан, қор тобындағы «ҚазГермұнай» компаниясы қаржыландырған Оқушылар сарайындағы сыныптар өнеркәсіптік дизайнды, роботтехниканы, басқа да түрлі техникалық жаңалықтарды, жаңартылатын қуат көздерін зерделеуге арналған. Жылыжай мен қысқы бақ, би, музыка аспаптары бөлмелері бар.
Қор еліміз бойынша «Жайлы мектеп» жобасы аясында 208 мектептің құрылысын жоспарлап отыр. Бүгінде оның 18-і ашылды. Жыл соңына дейін тағы 58 білім ордасы пайдалануға беріледі. Қызылордада жоспарланған 10 жайлы мектептің бірі – жоғарыда аталған мектеп.
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» КҚ арқылы жүзеге асып жатқан қайырымдылық қызметінде соңғы 5 жылда Қызылорда облысында 1,5 млрд теңгеден астам сомаға денсаулық сақтау, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, бұқаралық спорт бағыттарында 11 жоба іске қосылды. Мәселен, қор қолдауының нәтижесінде, қазіргі кезде Қызылорда өңірінде оңалту орталығы, көпсалалы спорт кешені, бейімделген спорт топтары жұмыс істеп тұр.