Былтырдан бері елімізде қандастарды шоғырландырып, мемлекеттің экономикалық ахуалының нығаюына серпін беру бағытында «Ата жолы» картасы енгізілді. Ілкімді жоба аясында елуден астам қандасымыз атажұртқа табан тіреп, ел өміріне, қызу еңбекке белсене араласып кетті. Ресей, Қытай секілді көршілес елдерден ғана емес, АҚШ, Еуропа елдеріндегі қандастарымыз да карта алуға ықылас танытып отыр.
Сырттағы бауырларымыз картаны алған жағдайда Қазақстан азаматтарымен һәм елге көшін бұрған өзге қандастарымызбен бірдей құқыққа ие болады. Медициналық мекемелерде әлеуметтік қызмет түрлерін алуға, Еңбек кодексі, «Халықтың көші-қон туралы» заң аясында ел ішінде жұмысқа орналасуына, Кәсіпкерлік кодекс пен өзге де құқықтық актілерге сай кәсібін жүргізуге өріс ашылады. Мемлекеттік білім ұйымдарында тегін, орта білім, мемлекеттік орта, арнаулы немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін, жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алуға, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегіне де жүгінуге құқылы. Сонымен қатар халықаралық шарттар мен еліміздің заңнамалық құқықтық актілерге сәйкес жеңілдетілген тәртіппен ел азаматтығын алуға құқық беріледі. Тағы бір басымдық – карта қолына тиген этностық қазақтар қай өңірге қоныстанатынын, қай жерде кәсібін ашып, жұмыс істейтінін өзі таңдайды. Тек «Ата жолын» алғандар мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға әрі сайлануға құқылы емес, республикалық референдумға қатыса алмайды, мемлекеттік қызмет атқаруға рұқсат етілмейді. Ал ел азаматтығын алса, картаның күші жойылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйекте «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында шетелден білікті мамандарды тартудың маңыздылығына да тоқталды.
«Шетелден талантты мамандарды елімізге тарту, әсіресе шығармашылық пен кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен мамандарды шақыру маңызды. Сұранысқа ие жоғары білікті кадр тапшылығын азайту қажет. Ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT салаларының бағалы мамандарына мемлекет жеңілдіктер енгізіледі әрі тұруға рұқсат алу құқымен виза беріледі», деп атап өтті.
Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру бағытында Үкімет былтырдан бастап шетелдегі қазақтарға «Ата жолы» картасын беру жөніндегі отандық платформаны іске қосты. Карта алу рәсімі Қазақстан Республикасының 44 шетелдік мекемесі, «Қандас» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ААЖ) мобильді қосымшасында жүзеге асырылады. «Сұранысқа ие мамандықтар» шартына сай карта алғандардың арасында инженер-физик, инженер-математик, газ-мұнай құбырларын жобалау және пайдалану, компьютерлік бағдарламалық қамтамасыз ету мен есептеу техникасы, химиялық технологиялар, суасты инжинирингі, қолданбалы математика, ұшақ құрылысы, корпоративтік құқықтану, сондай-ақ жақ-бет хирургиясы дәрігерлері мен педиатрлар бар. Ал бизнес-иммигрант ретінде алған 21 адамның ішінде мелиорация, рекультивация және жерді қорғау, физика, информатика, ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандары, дәрігерлер, шетелде бизнесін жүйелі дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин «Ата жолы» картасы сала тұжырымдамасының негізгі өрісі екенін айтты. «Инвестицияларға бәсекелестікті арттыру мақсатында елдегі бизнес иммиграциясын одан әрі дамыту жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, шетелдегі қазақтарды «Ата жолы» картасына тартуға қатысты шаралар қолға алынды. Картаны алуға үміткерлердің де географиясы кеңейіп келеді. Бүгінде Ресей Федерациясы, Қытай, Германия сынды елдермен қатар, «Ата жолы» картасын алуға АҚШ, Еуропалық одақ елдерінің азаматтары, яғни шетелдегі қазақтар қызығушылық танытып отыр. Карта өз елдерінде сұранысқа ие кәсіптері бар, не болмаса табысты бизнес кейстерді іске асырып жүрген, оны Қазақстанда да өркендетуге ниет танытқан қазақтарға беріледі. Бүгінге дейін «Ата жолы» картасын 57 шетелдік қазақ алды. Оның ішінде 31 адам – сұранысы жоғары мамандық иесі, ал қалған 26 қандасымыз – кәсіпкер. Картаны алғандардың көпшілігі Астана, Алматы қалаларына қоныстанып, шаруасын дөңгелетіп отыр», деді Е.Абулхатин.
Адами әлеуетті дамыту, тарихи отанымен байланысты нығайтып, елге білікті кадрларды тарту мақсатында 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген жоба инвестиция тарту ісіне де серпін беруге тиіс.
Ілкімді жобаның игілігін көріп, елімізге келіп еңбек етіп жүрген қандастардың бірі – Серкан Шабан. Түркиядан атажұртқа ат басын бұрған кәсіпкер инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, екі елдің арасына алтын көпір орнатуға күш салмақ.
«Ата жолы» картасының артықшылығы – ұзақ жылға беріледі әрі виза мәселесі туындамайды. Өзінің кіндік қаны тамған мемлекеттің азаматтығы да сақталады әрі осы елдің азаматтарымен бірдей құқық иеленіп, 10 жыл бойы кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады. Басқа елге барып ұзақ жұмыс істеуде виза мәселесі өте күрделі. Осы орайда бізге атажұртымыз орасан мүмкіндік беріп отыр», дейді «AЙД Алматы Йатырым ве Данышманлык» ЖШС жетекшісі С.Шабан.
Медицина, энергия, құрылыс материалдарын өндіру саласына инвестиция тартуды кәсіп еткен Серкан былтырдан бері картаның игілігін көріп келеді. Арнайы фирма ашып, Түркияның белді бизнес өкілдерінің елімізге инвестиция құю ісіне үлесін қоспақ. Ол «Ата жолы» картасын алуға Түркияда тұратын қазақтар ғана емес, Еуропаның өзге елдеріндегі қандастардың арасында да қызығушылық басым екенін айтты. Келешекте картаны алушылардың қатары артып, елге ырыс құюға ұмтылған жандарға өріс кеңи түссе деген тілегін жеткізді.