• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жастар 11 Қазан, 2024

Қолдауға лайық жастар бастамалары

183 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс бергеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өткізген брифингінде: «Жастарды қолдаймын. Мемлекетіміздің келешегі – жастардың қолында. Бұл – жай ұран емес, біздің басты саясатымыз», деді. Ендеше, елде жас­тар бастамаларын қолдау қалай жүргізіліп жатыр?

Шығыс Қазақстан облысында жас­тардан құралған «Eastiler» ұлттық-патриоттық ұйымы жұмыс істейді. Мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қоғамдық орындардағы қате жазылған қазақша атаулар мен жарнамаларды түзетіп, өңірдегі жас буынға креативті, танымдық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру. Елге пайдалы істе бас болған азаматтарды қоғам белсендісі Аян Қалымбек бір ұйым астына жинаған.

– Студент кезден Өске­мен­де ұлтты сүйетін, отаншыл жан­дардың қатарын қа­лып­тастыруды көздедім. Осы­лай­ша, ұлттық-патриоттық ұйым құрдым. Ресми түрде қоғамдық бірлестік ретінде тіркелдік. «Eastiler» атауы – жай ғана сөз емес. Ағылшын тілінен аударғанда «үніміз билікке, халыққа естілер», «есті жандар», «шығыстықтар» деген мағына­ны білдіреді. Бізде «Kitappen ÓskemMen» оқырман клубы, «Kino kor» киноклубы, «Etno Quiz» зияткерлік жарысы сынды бастамаларымыз бар. Әр айда арнайы жоспар жасақталып, жастарды мәдениет, зияткер­­лік тұрғыда жетілдіруден бөлек, әлеумет­тік салаға, туризмге­ ба­ғыт­­­тал­­­ған іс-шаралар да ат­қа­рылады. Мәселен, вандализм­­­­мен күрес, «Таза Қазақстан» ұлт­тық­ науқаны аясында сенбілік өткізу, тұмса табиғатымен ерек­шеленетін өңірде саяхат жасау, – деді ұйым жетекшісі.

Ел жастарының дамуына үлес қосып жүрген қоғамдық қордың бірі – «Debat Eli». Жоба 35-ке дейінгі отандастарымыздың пікірсайыс негізінде өз әлеуетін ашуға көмектеседі.

– Мақсат – жастар арасында сыни ойлауды, шешендік өнерді дамытуға ықпал ететін платформа құру. Қордың құ­рылымы­на республикалық пікір­­сайыс турнирлері, білім беру курстары, ел чемпионаттары, сон­дай-ақ онлайн жобалар кіреді. Мұндай бас­тамалар – жастарға халықаралық білім беру стандарттарына қол жеткізіп қана қоймай, әлемнің ең үздік пікір­сайысшыларымен тәжірибе алмасуда таптырмас мүмкіндік. Есесіне бұл олардың жеке және кәсіби өсуіне ықпал етеді. Әрі жоба азаматтардың болашақ мансабында, жалпы өмірінде пайдалы болатын негізгі дағды­ларды дамытуға көмектеседі. Мәселен, пікірсайыста алын­ған дағдылар БАҚ-тағы табыс­ты мансаптың негізін қалауы мүмкін. Өйткені мұнда өз-өзіне сенімділік пен өз пікірлеріңізді дәлелдей білу маңызды. Саясат пен әлеуметтік белсенділік­те пікірсайыс дағдылары болашақ көшбасшыларға өз идеяларын сенімді түрде жеткізуге, маңызды әлеуметтік мәселе­лер туралы хабардар болуға қолғабыс болады. Бұған қоса келіссөздер мен көпшілік алдында сөз сөйлеу табысқа жетуде маңызды рөл атқаратын бизнесте дәлелдер құрастыру, пікірталас жүргізу қабілеті баға жетпес тәжірибе болар еді, – дейді «Debat Eli» қоғамдық қор жетекшісі Жанерке Шаймерден.

Жалпы, елімізде осындай қоғамдық бірлестіктер мен ұйым­дар баршылық. Алайда оған жастардың қатысу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Биылғы «Қазақстан жастары» талдама­лық баяндамасының сауалдама­лық нәтижелеріне назар салсақ, ел жастарының 12,8 пайызы ғана қоғамдық ұйымдардың жұмысына тұрақты қатысады. Ал 62,2 пайызы мүлдем араласпайды деуге болады. Құжаттағы тағы бір деректе респонденттердің 78,5%-ы діни, 76,4%-ы құқық қор­­­ғау ұйымдарына, 76%-ы­ ­сая­си­ партияларға, 75,4%-ы қо­ғам­­­дық кеңестерге қатысқысы келмейтінін көрсеткен. Сондай-ақ сарапшылар жас буынның 66,2 пайызы бос уақытын әлеу­меттік желілерге жұмсайтынын анықтаған.

Бүгінде елімізде 6 млн-ға жуық жас бар десек, олардың басым бөлігі Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі мегаполистерде шоғыр­ланған. Бұл аймақтарда жас­тар арасын­дағы жұмыссыздық мәселесін шешу, бизнес-бастамаларын қолдау, сондай-ақ білім мен мәдениет деңгейін көтеру жүйелі іске асырылады. Ал өзге өңірлерде көп жағдайда 35-ке­ дейінгі отандастарымыздың әлеу­­меттік және тұлғалық дамуына жәрдемдесетін, жастар ұйымдарының қызметіне қол­дау көрсететін Жастар ресурс­тық орталығы өз деңгейін­де қызмет атқарып отыр деу қиын. Бұл туралы былтыр Мәжіліс мінберінде Нартай Сәрсенғалиев мәселе көтерген еді. Депутат орталықтардағы штаттық бірліктің жетіс­пеу­шілігін, айлықтың аз екенін, қаржыландыру тетігінің нақты болмауын сөз еткен. Бұл мәселе әлі де түбегейлі шешілген жоқ. Өйткені жастар бағдарламалары көп болғанымен, бұны көпшілік біле бермейді.

Сондықтан сарапшылар өңір жастарының өзекті мәселелері бойынша нақты шешім ұсынумен барлық деңгейдегі мәслихат­тар отырыстарында жастар проблемасын тоқсан сайын қарау жүйесін енгізуді ұсынады. Әрі жергілікті жастардың проблемасын жеке-жеке анықтауда диалогтік алаңдар құруды алға тартады.

– Істің жалпы жағдайын түсіну үшін стандартты, цифр­ланған метрика әр уақытта бірдей тиімді бола бермейді. Кей статистикалық орташа көр­сет­кіштер, осы бағытта атқары­лып жатқан жұмыстарды мүл­дем жоққа шығаруы ықтимал. Қоғамның, жастардың көңіл күйі жастар саясатының тиімділігі ­туралы хабар береді. Сол сияқ­ты диалогтік алаңдар және жергі­­лікті мәселелерді сауалдар арқы­лы алуға болатын түрлі әдіс-тәсілді қарастыру қажет. Өйт­кені қазір жастар рухани тұрғыдан жұтаң. Салдарынан әлеуметтік желідегі неше түрлі курсты сатып алады. Кредит, бөліп төлеу әдісімен алынған білім ақша табуда игілікке жарамай жатады. Сондықтан жас­тардың өздері­нің өмірдегі миссиясын ­тауып, арман-мақсаты айқын ­болуы үшін қоғамдық ұйым­дар­дың, бірлестіктердің, топтардың ­сапасына қарай, санын көбейту керек, – деді жастар жанашыры ­ Айбар Қасым.