Қазақ бейнелеу өнерін әлемге мәшһүр еткен Әбілхан Қастеевті қалай ұлықтасақ та жарасады. Мынау байтақ даланың қасиеті мен өсиетін кенеп бетіне қондырған шопан баласы Сарыжүрек шыңынан сыр суырды. Осылайша, қылқаламды жанына серік етіп, өр елінің өнерін кең арнаға ұластырды. Міне, «Мен суретті қойдың құлағынан, таудың бұлағынан, әжемнің киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім» деп талантын туған жерден тартқан алып тұлға ғасыр аттап, Жетісу төрінде тұғырға қонды.
Бірегей талант алты жасынан арман қуған. Ашутастан құлаған Шежін өзеніндей талаптың тұлпарын ерттеді. Дала сырын құтты мекен, құсни қоныстағы шопан бала кезінен сезінді. Сөйте жүріп қазақ бейнелеу және кескіндеу өнерін күллі әлемге мойындатты. Елінің өмірі мен мәдени тірлігін, этнографиясын, тұлғаларын қылқалам құдіретімен алыс-жақын шетелге танытты. Міне, осынау ұлт мақтанышының 120 жылдық мерейтойын жетісулықтар ерекше атап өтті. Талдықорған төрінде еңселі ескерткіші орнатылды. Ғылыми-танымдық конференция өрнек тапты.
Облыс орталығындағы Көркемөнер галереясы ауласына орнатылған тастұғыр ерекше салтанатпен ашылды. Рухани шараның шымылдығы баба өмірінен сыр шертетін қойылыммен түрілді. Бикен Римова атындағы драма театр әртістері көрсеткен шағын көріністе қылқалам шеберінің бала шақтан болашаққа дейінгі бейнесі мен арманы, өнегелі өмірі суреттелді. Қойылымнан кейін салтанатты жиынның құттықтау сөзін облыс әкімі Бейбіт Исабаев алды.
«Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы – Жетісудың ғана емес, тұтас еліміздің, өнерсүйер қауымның, руханияттың тойы. Әбілхан атамыз – қазақ халқының кәсіпқой көркемсурет өнерінің тұма бастауы, тұңғыш суретшісі. Соңына құнды мұраларын мол қалдырған біртуар талант иесі. Ол кәсіби сурет өнерінде қарапайым өмір философиясына, ұлттық дүниетанымға арқа сүйеді, сол арқылы туған халқының тарихы мен өмір салтын бейнелеп берді. Қазақ бейнелеу өнерінің дарабозы Әбілхан Қастеевтің суреттері тек еліміздің көрмелері мен мұражайларында ғана емес, Америка, Мексика, Бразилия, Канада, Франция, Мажарстан, Болгария, Үндістан, Индонезия, Италия сияқты бейнелеу өнерін қастерлей білетін елдерде басқалардан бұрын танылды. Бүгінде Қастеев туындылары еліміздің көптеген ірі мұражайында сақтаулы», деді Б.Исабаев.
Ақжарма тілектен кейін облыс әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, тектінің тұяғы Гүлдария Әбілханқызы, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов салтанатты түрде еңселі ескерткіштің шымылдығын түріп, лентасын қиды.
Ұзындығы 4, 20 метр болатын, 1 тоннадан асатын еңселі тастұғыр көрген жанның көз жауын аларлықтай. Әбілхан бейнесін айнытпай соққан мүсіншілер Ринат Абенов пен Ербол Зиябековтің еңбегі зор.
«Осынау құтты мекенде қобызшы Молықбайдан бастап небір асыл азамат өмір сүрген. Солардың бәріне осындай ескерткіш қойса, жарасар еді», деп тебіренген Мырзатай Жолдасбеков өз кезегінде идеясын қолдап, ескерткіштің еңсе тіктеуіне мұрындық болған, өнерге жанашырлық танытқан Бейбіт Өксікбайұлына алғыс білдірді. Ал Қуаныш Сұлтанов алты Алаштың арысы болған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердей бірегей тұлғалардың рухтарын асқақтатып, ұлттың ұжданы берік болуы ұлыларды құрметтеуден аңғарылатынын жеткізді, күллі жетісулықтарды, қала берді өнерсүйер қазақ жұртын қуанышпен құттықтады.
«Менің әкем осындай шұғылалы, жаны жылы адам еді. Жайнап жүретін. Айналасына тек жақсылығы мен шарапатын көрсететін. Осы орайда еңселі ескерткішті орнатуда жоба авторы Мырзатай Жолдасбековке, заманында Алматыдағы музейге әкемнің атын беруге атсалысқан Қуаныш Сұлтановқа, бүгінгі салтанатты Жетісудың төрінде өткеруге ұйытқы болған облыс әкіміне айрықша алғысымды жеткіземін», деп Гүлдария Қастеева тебіренсе, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов ұлы тұлғаның сырлы өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Алыс-жақыннан ат арытып келген меймандар галереяға кіріп, баба қаламынан туған суреттерді тамашалап, көрмеге көзайым болды.
Біртуар талант, бейнелеу өнерінің көшін бастаған Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған іс-шара ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен конференцияның алғысөзін Бейбіт Исабаев айтып, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков пен Қуаныш Сұлтановқа «Жетісу облысының құрметті азаматы» атағын тапсырды.
Сонымен қатар марапатқа ие болған ел зиялыларының әрі Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлының қатысуымен қос бірдей тың туындының тұсаукесер салтанаты өткерілді. Айталық, баба тойында облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген «Әбілхан Қастеев» және «Өмір мектебі» кітабы оқырманға жол тартты. «Тұғыры биік тау тұлға» атты республикалық конференцияны Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы ашты. Классик жазушы бейнелеу өнерінің атасы туралы тебірене баяндап берді. Өмірде жолыққан сәттерін, есті естеліктерін елімен бөлісті. «Қазақтың маңдайына біткен үш бірдей ұлы тұлғаның бірі – Әбілхан», деп әспеттеп, ойын тарқатты. Классик жазушының жан тебірентер сөзінен кейін Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Махамбет Сейсенхан тұлға туралы толғанса, Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпір «Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығы», өнертанушы Әйгерім Еспенова «Әбілхан Қастеев шығармашылығы – ұлт мұрасы», Ә.Қастеев музей-үйінің жетекшісі, әбілхантанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Нұразхан «Қазақ бейнелеу өнерінің көшбасшысы» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Суретшінің «Өнер адамы ізденбесе, өмірді көруден, оны сезінуден қалады. Жақсы шығарма ойдан тумайды, өмірден туады. Жетісу табиғаты, оның таулары мен өзендері көзімді жұмар болса да, көкірегімде сайрап тұрады», деген сөзі жаныңа жылылық ұялатады. Әбілхан Қастеев ғұмырында төрт мыңға жуық сурет салған.
Шығармаларының басым бөлігінде, тіпті барлығында дерлік туған жер тағдырын өзек еткен. Оған «Түрксіб», «Бие сауу», «Амангелді сарбаздары», «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қос құрбы», «Қыз ұзату» сынды туындылары айғақ. Ол бейнелеген Абай, Шоқан, Амангелді, Біржан, Балуан Шолақ, Кенесары, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Мәншүк бейнелері – асқан шеберлікпен салынған портреттер. Міне, осындай шығармашылық түзген, қазақ бейнелеу өнерінің ғана емес, әлем классиктерінің жоғары бағасын алған ұлт мақтанышының мерейтойына арналған конференцияда тұлғаның тұтас ғұмырына шолу жасалды. Ескерткіштің ашылуы, кітаптың тұсаукесері, тұлғалар баяндамасы мен лебізі келген меймандар мен жетісулықтарды шын сүйсіндірді.