Халықтың қарымды қалауы
Елімізде АЭС салу керек пе, жоқ па деген мәселеге байланысты бүкіл отбасымызбен №15 мектептегі учаскеге барып, өз таңдауымызды жасадық. Жалпы, еліміз тәуелсіздігін алғалы бері бізде бірнеше референдум өтті. 1995 жылы Ата заңымызды қабылдағанда да осылайша бүкіл халық болып дауыс бердік. Қателеспесем, бұл егемен ел тарихындағы төртінші референдум болу керек. Мұндай үлкен де келелі мәселелерді ата-бабаларымыз құрылтайда шешетін. Жылына бір құрылтай ұйымдастырылса, сол жерде барлық даулы мәселе дауысқа салынатын. Президентіміз АЭС салу мәселесін де сол ежелгі дәстүрмен халықтың талқысына салуды жөн деп тапқан екен.
Бұл, әрине, өте маңызды мәселе. Сондықтан мемлекет бұған арнайы қаражат бөлді, штабтар жасақтады. Осы себепті жасы 18-ге толған әр азамат өз көзқарасын білдіруге тиіс еді деп санаймыз. «АЭС салуға болмайды, бұған қарсымыз» дегендерді де естігенбіз. Бірақ қолдаушылардың олардан көп болғанын дауыс беру нәтижесі айқын көрсетті. Әрине, екі жақтың да өз ұстанымы болды, қай-қайсысы да ел ертеңін ойлағаны күмәнсіз.
АЭС салу – бұрын-соңды ел тарихында болмаған үлкен мәселе. Бізде шағын атом электр стансалары бар. Мысалы, Маңғыстау өңірінде ірі-ірі өзендер жоқ қой. Сондықтан Каспийдің суын тұщытып алады. Тұрғындар атом реакторының көмегімен жасанды су тұтынып отыр. Оған 50 жылдан асып кетті. Осыны ашық айтуымыз керек. АЭС салу – бүгінде бүкілғаламдық үдеріс. Қазір АЭС дамыған елдерде жеткілікті салынған, салып жатқан елдер де бар, енді салмақ болып жатқан елдер де аз емес.
Қазір Қырғызстандағы Тоқтағұл суқоймасынан, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырмадан электр қуаты өндіріледі. Екібастұзда өндіріліп жатқан энергия бүкіл Батыс-Сібірді қамтамасыз етіп отыр деп айтуға болады. Қазіргі заманда адамның күні қуат көзіне тікелей тәуелді. Сондықтан мұны өте өзекті мәселе деуіміз керек. Өйткені техника, технология дамыған сайын энергия тапшылығы да артып келеді. Бірінші кезекте осыны түсінгеніміз жөн.
Бүгінде қоғамда «АЭС-ті Ресей салмасын» деген наразылық бар. Ресей – санкция құрсауындағы ел, сондықтан оның шамасы келмейді. Ал АЭС-ке қызмет көрсету мәселесіне келсек, өзімізде ядролық физика деген мамандық бар. Оған білім гранттары жақсы бөлінеді, бірақ бала аз түседі. Болашақта осындай маңызды білім салаларына көңіл бөлу керек.
Рауан БАЙДАЛЫ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
ҚӨУ кафедра меңгерушісі
ҚОСТАНАЙ
Әділбектің әсем әндеріне арналды
Созақ – күй қонып, ән дарыған қасиетті өңір. Кезінде бұл аймақтан өнерімен елге танылған небір саңлақ шыққан. Солардың бірі – әнші, танымал композитор, теріскейдің талантты перзенті Әділбек Нысанбаев. Өмірден озған өнер иесінің артында өлместей болып әуезді әндері қалды.
Аудан орталығы – Шолаққорған ауылында таяуда Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің екі дүркін лауреаты Әділбек Нысанбаевтың 70 жылдық мерейтойына орай «Әділбектің әндері-ай» атты облыстық ән байқауы өткізілді.
Өнер сайысы басталмас бұрын С.Қожанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде Әділбек Нысанбаевқа арналған экспозициялық бұрыш ашылып, кезінде өзі ұстаздық еткен білім ұясы – Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп- интернат лицейіндегі музыка дәрісханасына есімі берілді. Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Мұхит Сексенбаев сөз сөйлеп, мерейтой аясында өтіп жатқан еске алу байқауының маңызына тоқталды.
Осылайша, мазмұнды ән кешінде Қазақ ұлт аспаптары оркестрі, Әділбек Нысанбаевтың шәкірттері – Мәдениет қайраткері Жұбаныш Жексенұлы, Сәуле Аппазова, Гүлнар Төлегенова, облыстық филармония әншісі Оразәлі Жаңабай бастаған танымал да талантты әншілер өнер көрсетті. Олар Әділбек Нысанбаевтың кең тараған әсем де әуезді әндерін жанды дауыста шырқады.
«Ел іші – өнер кеніші» деп текке айтылмаған. Осы тұрғыдан алғанда, «Созақтың Шәмшісі» атанған Әділбек Нысанбаевқа арналған бұл ән байқауы шын мәнінде өнердегі жолын дәріптеуге арналған кеш болды.
Өнердің өміршеңдігі деген осындайда айқын көрінсе керек.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
еңбек ардагері
Түркістан облысы
Ел футболының еңсесі түсіп тұр
Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрі. Онымен айналыспайтын немесе жанкүйерлік танытпайтын адам кемде-кем. Жаһанда маңдайы жарқыраған аяқдоп шеберлері, солардың арқасында тасы өрге домалаған командалар да аз емес. Өкінішке қарай, қазақ футболы туралы ойласақ, көңіліміз пәсейіп сала береді. Жылдар жылжып өтіп жатыр, ел чемпионатына қатысатын командалар мен ұлттық құрамамыз қалпағымызды аспанға ататын деңгейде өнер көрсете алар емес.
Бұл сөзімізге Еурокубокке қатысқан командаларымыздың айтуға ұят ойындары мен ұлттық құрамамыздың өзінің соңғы кездесуінде Словения құрамасынан 0:3 болып ұтылғаны айқын дәлел бола алады. Міне, осының салдарынан еліміздегі футбол сүйер қауымның көпшілігі шетелдік футболшылар мен командаларға не құрамаларға жанкүйер болады. Дүниежүзілік футбол қауымдастығының (FIFA) рейтингінде ұлттық құраманың 121-орынға орналасуының өзі-ақ ел футболының деңгейін анық көрсетеді.
Елімізде футболды дамыту мақсатында мемлекет қазынасынан айтарлықтай қаржы бөліп, допты түзу тебуге біраз баланы шетелге шеберлігін шыңдауға да жібердік. Бразилияға барып, футбол академиясында аяқдоптың қыр-сырын меңгерген балалар қазір қайда? Олардың ішінен тым болмаса біреуі бір командада белгілі бір деңгейде өнер көрсетіп жүр дегенді естімеппіз.
Кейде біздің футболшылар елінің мақтанышы емес, мазағы болып жүргендей әсер қалдырады. Неге дейсіз бе? «Жайдарман» сайысына қатысушы командалардың екі әзілінің бірі футболшылар туралы. Ащы әжуамен сынап, олардың санасын сілкіп алайын дейтін де шығар, бірақ оны ұғатын футболшыларды көрмедік. Мақтап емес, сынап жатса, намыстан жарылып кетпей ме?
Ел чемпионатында «Тараз» клубы турнир кестесінде көш соңында қалып қойып, 2022 жылы бірінші лигаға сырғыды. 14 жылдан бері «Тараз» бірде-бір жүлде иеленген жоқ. Бас бапкерлік қызметті Нұркен Мәзбаев арқалағанда зор үміт күтіп едік, сенім ақталмады. Келер маусымда жергілікті командамыз Премьер-лига додасына қосылса екен деп тілейміз.
Сағын БОЛАТБЕКОВ,
Мәкен САЯҚОВ
Жамбыл облысы