Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Саран қаласындағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үкімет отырысында Саран қаласындағы жылу беру маусымының басталуы туралы мәселе күн тәртібінен тыс қаралған. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ағымдағы жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Қазір қазандық іске қосылды. 13 қазанда автоматиканың ақаулығына байланысты қазандықтың жұмысы тоқтатылды. Резервтік қазандықты қосу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда жұмыс жүргізіліп жатыр, мәселе менің жеке бақылауымда», деді Бөлекпаев.
Үкімет басшысы әкімге қалған барлық жұмыстарды бүгін аяқтауды тапсырған.
«Бүгін бәрін аяқтау қажет. Бірінші кезекте, бұл – Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы. Менің тапсырмам бойынша қазір тексеріс жүріп жатыр. Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардардың барлығы жауапкершілікке тартылады», деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрінің Саран қаласына баратынын мәлім етті.
«Осы отырыстан кейін энергетика министрі Саран қаласына барып, өзі бәрін тексереді. Тексеру нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыстың құрамы бар болатын болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады», деді Үкімет басшысы.
Еске салайық, 13 қазанда Саран қаласында жұрт жылусыз отырғаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті тұрғындар үйлерінде салқын екенін айтып шағымданды. Әкім Еркін Баулықов қалада жылу жоқ екенін растап, жылу жүйесі жаңартылғанын, орталық жүйелер арқылы жылу беріліп жатқанын алға тартқан.