«Естімеген елде көп» демекші, Жапонияда ерекше жарыс өтті. Ерекшелігі сол, қатысушылар жай ғана тыныш отырып, түк істемеуі тиіс.
Аталған сайыс 2014 жылы Оңтүстік Кореядан бастау алған. Содан бері Тайвань, Нидерланд, Гонконг сияқты елдерде тұрақты ұйымдастырылып келеді. «Бұндай бәсекеден пайда бар ма?» деп ойлауыңыз мүмкін? Бар болғанда қандай. «Әлбетте, жұмыстың көптігі жақсы. Дегенмен қазіргі қарбалас заманда тыныштықты тыңдап, ештеңеге алаңдамай, жай ғана өз ойын ести алатын адамдар азайып барады», дейді мамандар. Демек бұл байқаудың мақсаты – күйзелістен құтқару, медитацияны дәріптеу. Бір қарағанда, сайыс шарты өте оңай сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ тоқсан минут тыным тауып, жеңімпаз атанатындар тым сирек екен.
Юпитердегі тіршілік
NASA-ның «Europa Clipper» ғарыш кемесі Юпитерге, нақтырақ айтқанда, оның серігі Еуропаға аттанды.
Еуропа дегеніміз – кәрі құрлық емес, Юпитер ғаламшарының 95-серігі. Былтыр ғалымдар «Джеймс Уэбб» телескобының көмегімен осы ғаламшар қойнауынан көміртек тапқан еді. Содан бері аталған аспан денесінде тіршілік бар деген болжам айтылып келеді. Ғалымдар Юпитер серігінде көмірсутек бары жөнінде телескоп мәліметін сараптап, ол мұз астындағы тұзды судан келіп жатыр деген қорытындыға келген. Дегенмен ғалымдар көмірсутекті тірі ағзалар шығарып жатыр ма, жоқ па деген сұраққа әзірге жауап бере алмай отыр. Алдағы ғарыш сапарының негізгі миссиясы да осы болмақ.
Балкондағы күн батареясы
Бұл құрылғы күн энергиясын тікелей электр қуатына айналдырады. Экологиялық жағынан тиімді мұндай технологияға қазір сұраныс көп.
Мәселен, Германияда жыл басынан бері бұл батареяның саны екі есеге өскен. Неміс күн энергиясы қауымдастығының айтуынша, аталған құрылғының бағасы арзандап келеді. Тұрғындар оңай сатып алу мақсатында бюрократиялық кедергілер жойылған. Айта кетейік, энергияның рұқсат етілген мөлшері 600-ден 800 ватқа дейін жетеді.