• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Кітапхана 16 Қазан, 2024

Орталық ғылыми кітапхана қамқорлыққа зәру

237 рет
көрсетілді

Ғасырға жуық тарихы бар Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхананың қазіргі жай-күйі сын көтермейді. Бұл – соңғы он жылдан астам уақытта мамандарды толғандырып отырған түйткілді мәселе. Бастауында академик Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, М.Әуезов сынды ғалымдар тұрған кітапхананың қоры бүгінде 6 млн-нан асады. Өкінішке қарай тарихи, мәдени маңызы зор осынау ауқымды қорды сақтаумен небәрі 40-қа жуық кітапханашы айналысып келеді. Олар мардымсыз жалақыға жұмыс істей жүріп, күрделі жөндеу жұмыстарының жайсыздығына қарамастан, оқырмандарға уақтылы қызмет көрсетіп отыр. Мұрасы мол ғылыми орталықтың келешегіне алаңдаған халық қалаулылары да мәселенің мән-жайын Парламентте көтерген болатын.

Орталық ғылыми кітапхана «Ғылым ордасы» респуб­ли­ка­лық мемлекеттік кәсіпорнына қарайды. Жаңа келген директор Ұлар Мұқажанов бізбен әңгімесінде ғылыми орталық ретінде республикаға аты мәшһүр кітапхананың шаруашылық мекемесі деңгейіне дейін төмендеп кет­ке­ніне алаңдаушылық бірдіріп, ғы­лым ордасын өз дәрежесіне қайта көте­ру­де атқарылып жатқан шаруалар мен кітап­ха­наның қазіргі жағдайымен таныстырды.

– Біріншіден, кітапхана, музей қыз­меткерлерінің әлеуметтік жағдайына, айлық ақысын көтеруге көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда сирек қорды зерттеуге, цифрландыруға, зертхана ісін дамытуға байланысты гранттық қаржыландыруға биыл төрт тақырып ұсындық. Бұл кітапхана қызметкерлерінің қосымша табыс табуына мүмкіндік береді. Таяуда мамандардың әлеуметтік жағдайы, біліктілігін арттыру мәселесіне де көңіл бөлмекпіз. Осы орайда кітапхана, музейлер ісін дамытуға байланысты ұсынған жоспарымызды Ғылым және жоғары білім министрлігі құптап отыр. Алдағы уақытта меншік мәртебесін ауыстыруға қатысты да ұсынысымыз қолдау тауып жатса, онда бірінші кезекте қызметкерлердің айлық мәселесі шешіледі. Кітапхана саласы мамандарын «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен дайындау ісі де уақыт күттірмейді. Бүгінгі күні докторантурада білім алуға жылына 10 қызметкерімізді жіберіп оқыта алатын мүмкіндік бар. Тек мамандар тарапынан ынта мен жігер болса болғаны, – дейді Ұлар Мұқажанов.

Кезінде 50-ден астам мемлекетпен ғылы­ми байланыс орнатып, республикада кітапханашыларды даярлаудың кәсіби орталығына айналған Орталық ғылыми кітапхана соңғы жылдары қоғамнан мүл­дем алшақтап қалды. Ендігі кезекте баба­лар мұрасынан мол мағлұмат беретін жәдігерлерді насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде контенттер ашып, сайт жұмысын жандандыру қажет.

Бүгінде «Ғылым ордасына» Орта­лық ғылыми кітапханамен қатар 4 музей қарайды. Бас директордың ғылым жө­нін­дегі орынбасары, тарих ғылым­да­рының кандидаты Нұрлан Сей­діннің айтуынша, Орталық ғылыми кітап­ха­нада қордаланған бірқатар мәселе рес­пуб­ли­ка­дағы кітапханалар ісі туралы заңның кешеуілдеуіне байланысты әрі мекеме Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты болғандықтан, ғылым саласындағы тоқырау жылдарының кері әсері болмай қойған жоқ.

«Орталық ғылыми кітапханадан өзге кітапханалар Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайды. Сәйкесінше, қар­жы­ландыру жағы да басқаша. Пре­зидент тапсырмасына орай еліміздегі ғылым саласына енді-енді қаржы бөліне бастады. Десек те республикадағы архив, кітапхана, музей ісі кенжелеп келеді. Егер де кітапхана ісі туралы тиісті заң қабылданатын болса, көптеген мәселе шешімін табары анық», дейді Нұрлан Сейдін.

Қазір «Ғылым ордасына» қарасты 4 мұ­ражайда 20-дан астам қызметкер бар. Орталық ғылыми кітапхана меңгеру­шісі Аян Жолдасовтың айтуынша, қазіргі кезде мамандардың кадрлық әлеуетін арттыру, іс-тәжірибе алмасу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қыздар ұлттық педагогикалық уни­верситетімен келіссөз жүріп жатыр. Мұнымен қоса кітапхана базасын цифрландыруға байланысты арнайы бағ­дар­ламалар енгізіліп жатыр. Аттестациялау жағына да мән беріледі. Импакт факторлы журналдармен байланыс орнатып, ИФЛА халықаралық кітапханалар қоғамдастығына мүше болуды жоспарлап отырған кітапхана басшылығы көне ғасырлардан сыр шертетін қорын әрі қарай толықтыруда да ілкімді істерді қолға алған.

1959 жылы ашылған Сирек кітаптар, қол­жазбалар және ұлттық әдебиет бөлі­мін­де ел ғалымдарының, академик Ә.Марғұлан бастаған ғылыми экспедициялар нә­ти­­жесінде жинақталған тарихи материал­дар – кітапхананың басты құндылығы. Мұндағы сирек кітаптар қоры 300 мыңға жуықтайды. Алдағы уақытта «Ғылым ордасы» басшылығы сирек қорды түгендеу, мұнымен қоса кітапхана қызметін тәулік бойы пайдалануға мүм­кіндік беретін RFID технологиясын енгізбекші. Сирек қорда сақталған Еуропа әдебиетін зерттеу ісі де уақыт талабынан туындайды. Осыған байланысты Гарвард университетінің ғалымдарымен бірлескен зерттеу орталы­ғын құру туралы келісім жасалған. Осы келісімге орай Гарвардта мамандарды тағылымдамадан өткізуге де мән берілмек.

«Қазіргі кезде сирек қолжазбалар қорындағы жәдігерлерді 400 шаршы метр ауданды құрайтын мұражайға орналастыру көзделіп отыр. Кітапхана қорындағы жәдігерлерді жастарға, қызығушылық білдірген ғалымдарға, шетелдіктерге көр­сету мәдени мұрамызды насихаттаумен қатар ішкі және сыртқы туризмді дамытуға ықпал етпек», дейді Ұлар Оразғалиұлы.

Сирек қорды зерттеу тілші маман­дар­дың еншісінде. Алайда осы жанкешті тірлікті жауапкершілігіне алған штаттағы санаулы тілші мамандар парсы, урду, шағатай тіліндегі қорды зерттеп жатыр. Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің қызметкері Еркежан Жәкіманқызы электронды каталогпен таныстырып, ғалымдар үшін құнды мұраға айналған қорда 1800 жылдан бергі аралықта сақталған әрі өзге кітапханалар қорларында кездесе бермейтін диссертация, авторефераттар, 1917 жылдан кейінгі материал­дар қоры, 130-ға жуық тілде жазылған басылымдармен таныс­тырды. Оның айтуын­ша, қазіргі кезде 10 мыңға жуық шығыс тіліндегі басылымды электронды каталогке енгізу ісі жалғасып жатыр.

«Мұнда әл-Фараби бабамыздың гео­мет­риялық тапсырмалар қолжазбасы, XVIII ғасырдың орта шені, соңына қатысты тарихи кітаптар, сондай-ақ түбі түркіден шыққан ақындардың ғылыми ортаға беймәлім кітаптары бар», дейді кітапхананың кіші ғылыми қызметкері Құрманбек Қасымханұлы. Жазбаларды танып, оқып қана қоймай, қай ғасырға тиесілі екенін анықтап жатқан ғалымдар осынау игілікті жариялаудың уақыт күттір­мейтінін айтады.

Қазіргі кезде Орталық ғылыми кітап­ханадағы жәдігерлерді қалпына кел­тірумен Реставрация және консервация орталығы мамандары айналысып жатыр. Заманауи құралдармен жабдықталған зертханада әріптері өшіп, мұқабасы жыртылған, сызығы да, бояуы да көмескі тарта бастаған карталарды кездестіруге болады. Кәсіби мамандар жаңа технологиялардың көмегімен құнды жәдігерлерді қалыпқа келтіруге кіріскен.

«Қол­жазбаларда жойылып кеткен әріп­тер­ді арнайы мамандар оқып зерт­тегеннен кейін барып, болжам жасап қалпына келтіреміз. Мұнда қолжаз­­ба­ларды ретке келтіруге 6-8 ай уақыт кетеді. Реставрация – көздің ма­йын тамызып отырып жасайтын жұмыс. Көне ғасырларға тиесілі құндылықтардың бояуы, сызығы, жазуын қалпына келтіру тиянақтылық пен зеректікті қажет етеді. Осы орайда жақында Американың Делавэр уни­верситетінде білім алып келген химик маман Аяз Елемесов жұмысқа кірісті», дейді орталық меңгерушісі Дінмұхамед Әбдіраханов.

Қазіргі кезде «Ғылым ордасы» бас­шылығы Алматы полиграфия коллед­жімен келісімшарт жасасып, реставрация са­ласы бойынша дуалды оқыту аясында мамандар даярлауды қолға алыпты. Сондай-ақ Түркия, Иран тәжірибесін үйрену үшін бірлесіп мамандар даярлау бойынша келісімдер жасалған.

Алдағы уақытта Ғылыми департамент құруды жоспарлап отырған «Ғылым ордасы» басшылығының көздегені – бюджеттен тыс қаражат әкелетін жобаларды іске асыру. Жақында қанатқақты жобаны бастап кеткен Реставрация және консервация орталығы «Абай жолын» шағын таралыммен жарыққа шығарған.

Егер кітапхана басшылығының жоспары іске асатын болса, Орталық ғылыми кітапхана ғылымға қызыққан жастардың орталығына айналмақ.

 

АЛМАТЫ