ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс түскенін айтты, деп жазады Egemen.kz.
Берік Уәли Қазақстан БРИКС-тің даму эволюциясын қызығушылықпен мұқият бақылап отырғанын айтып, құрылымға кірудің ұлттық мүдде тұрғысынан ұтымдылығы сарапқа салынып жатқанын мәлім етті. Бұл көп сатылы үрдіс болғандықтан уақытты қажет етеді, сондықтан Қазақстан таяу болашақта құрылымға кіруге ұсыныс білдіруден қалыс қалмақ.
Сондықтан Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымына басымдық бермек. Бүгінде бұл ұйымның халықаралық аренадағы салмағына қатысты сауалдар да аз емес. ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы БҰҰ-ға әлемдік қауымдастықтың қолдауы ауадай қажет екенін атап өтті.
«Президенттің пікірінше, БҰҰ да кемшіліксіз емес. Бірақ дәл сондай басқа ұйым жоқ. Сондықтан БҰҰ-ға әлемдік қауымдастықтың қолдауы ауадай қажет.
БҰҰ Жарғысы халықаралық құқықтың негізі болуы керек және бұл іргелі құжатта бекітілген қағидаларды бұзуға ешкімнің қақысы жоқ.
Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің маңызды әрі тағдыршешті шешім қабылдау ісінде дәрменсіздік танытып отырғанына өкініш білдірген еді. Сондықтан Мемлекет басшысы «орта державалардың» мүдделерін ескере отырып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің кең ауқымды консультациялары негізінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды бастау қажет деп есептейді», деді Берік Уәли.
Қазақ дипломатиясы қай ұйымға басымдық беретіні туралы ақпаратты ҚР Президентінің кеңесшісі - Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің сұхбатынан толық оқи аласыздар.