Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ЭЫДҰ Конвенциясына қосылуға ниетті, деп хабарлайды Egemen.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы А.Ж. Жұмағали бастаған делегация парасаттылық және жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысқан.
Іс-шарада мемлекеттік және жеке секторлардағы адалдық пен сатылмаушылық, мүдделер қақтығысы, қоғаммен өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күрестің озық құралдары талқыланған. Сондай-ақ, еліміздің жемқорлыққа қарсы саясаты және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысы таныстырылған.
«Айта кету керек, Қазақстан халықаралық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларға пара беруге қарсы күрес жөніндегі ЭЫДҰ Конвенциясына қосылуға ниетті», делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл мемлекеттік аппарат пен қоғамда парасаттылық қағидаттарын енгізу, құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау, заңсыз активтерді қайтару мәселелері бойынша ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді және шет елдердің құқық қорғау органдарымен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін негіз жасайтынын атап өтті.