• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қазан, 2024

Тереңөзек түрленіп келеді

72 рет
көрсетілді

Сырдария ауданы тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбіліктерге қатысып, тазалық сақтауға өз үлестерін қосып жүр. Аудан орталығы Тереңөзек кентінде жалғасын тапқан бастама аясында қарапайым тұрғындармен қатар, түрлі мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер «Сырдария еріктілері» штабының волонтерлері кент көшелерін тазалады.

Кенттегі соңғы жаңалықтың бірі – «Жастар» аллеясы. Аудан орталығына кіреберісте орын тепкен аллея құны 83,2 млн теңге. Жастар биыл аудандық бюджеттен қаржысы бөлініп, жұмыс басталған аумақта арық­тарды тазалады.

«Бұл аллея жастардың серуендеп, бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жасалып жатыр. Ерікті жастар мен «Жасыл еңбек жасағы» сарбаздары акцияға ауқым­ды үлес қосып келеді. Ауданда «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдас­тырылған іс-шараларға 3 мыңға жуық жас қатысты. Кент пен 13 ауылдық округте еріктілер штабы құрылып, тұрақты жұмыс істеп келеді. Одан бөлек, кенттегі «Жасыл еңбек жасағы» екі жыл қатарынан облыстағы үздік ұйым болып танылып отыр. Былтыр 220, биыл 110 жасты тұрақты жұмыспен қамтыдық», дейді аудандағы жастар қозғалысының жетекшісі Нұржан Сейітжанов.

Тереңөзектің қай көшесінен де тынымсыз жұмыс байқалады. Орталық алаңға кіші архитектуралық формалар қойылып, жалпы құны 106 млн теңге болатын жобаға сәйкес «Тағзым» алаңы да жаңғыртылып жатыр. Ұзақ жылдар бойы кенттегі көпқабатты үйлерді жаңғыртып, аулаларын абаттандыруға мүмкіндік болмай келген еді. Биыл осы жұмысқа республика бюджетінен 167,2 млн теңге қаралып, оның 60 млн теңгесі бөлініпті. Қазір мердігер мекеме «СП Бірлік Инжиниринг» ЖШС көпқабатты тұрғын үйлер ауласындағы жол жиектеріне бордюр қойып, балалар ойын алаңдарының қоршауларын қалыпқа келтіріп, тұрғындардың аулада тынығуына жағдай жасады.

«Шиелі Жолшы» ЖШС кенттегі орталық көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салып жатыр. Бес көше бойына тротуар салу жобасының құны – 366 млн теңге. Кент әкімі Ержан Бақтияров жалпы Тереңөзектегі жол, құрылыс саласындағы жобаларға шолу жасай келіп, аудан орталығына кіреберіс аумақты көркейту-көгалдандыру көптің көмегімен болып жатқанын айтты.

«Таза Қазақстан» акциясының аясында тұрғындардың көмегімен 11 парк, сквер абаттандырылды. Алдағы уақытта күре жолдан кентке жеткізетін жол бойы­на «жасыл белдеу» қалыптастыру жос­парда бар», дейді кент әкімі.

Аудан орталығының іргесіндегі Асқар Тоқмағамбетов ауылына осыдан 20 жылдай бұрын ғана таза ауызсу құбыры тартылған еді. Мұнда да қарбалас тірлік. Он алты көшесінің он үшіне асфальт түскен. Енді көшедегі электр желілерін жаңғыртуға бюджетке ұсыныс беріліпті. Ауыл тұрғындары бүгін-ертең табиғи газға қол жеткізгелі тұр. Мердігер мекеме «АЭS and Limited» ЖШС өкілі Руслан Мақсымов 20 шақырымнан асатын газ құбырын тарту аяқталып, ауылдағы 356 үйдің 104-і монтажын жүргізіп, «көгілдір отын» игілігін көруге дайын отырғанын айтады.

 

Қызылорда облысы,

Сырдария ауданы