• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 17 Қазан, 2024

Көшпелілер өркениеті – туризмнің өзегі

79 рет
көрсетілді

Жылдан аса әзірлік жүргізіліп, апта бойы елорда төрін дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпелілер ойындары туризм саласының күш алуына серпін бергені анық. Ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көшпелі өмір салтын қайта жаңғыртқан жаһандық доданың маңызды екенін атап өтті. «Біз – ежелден қонақжай халықпыз. Жаңалыққа – жаны құмар, түрлі мәдениетке – ашық жұртпыз. Біздің өмір салтымыз табиғатпен ерекше үйлесім тапқан. Көшпелілер – тумысынан қайсар халық», деді Президент. Тумысынан қайсар халықтың осы саланы қалай өрістетіп отырғанын Туризм және спорт вице-министрі Ержан ЕРКІНБАЕВТАН сұрадық.

– Астанада Дүниежүзілік көш­пелілер ойындары өтті. Айтулы доданы тамашалауға 100 мыңнан астам турист келеді деп болжанып еді. Орындалды ма?

– Нақты мәліметтерге сүйеніп айтсақ, 2024 жылғы 1-13 қыркүйек аралығында елімізге 597 мың шетелдік турист келген. Оның ішінде 68 мыңы Астана мен Алматының халықаралық әуежайлары арқылы, өзгелері теміржол, автобус, жеке авто сияқты көлік түрімен жеткен. Одан бөлек, өздеріңізге белгілі, елімізде «еQonaq» жүйесі жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Жүйе дерегінше, Астананың орналастыру орындарында 12,4 мыңға жуық шетелдік тіркелген. Сонымен қатар, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, этноауыл мен ойындарды 250 мыңнан астам адам тамашалады.

– Ұлттық статистика бюросы қаңтар-маусым айларында елімізге келген ше-т­ел­дік туристердің саны былтырғы көр­сеткішпен салыстырғанда айтар­лық­тай жоғары болғанын жариялады. Туристердің географиясы кеңейіп келе ме?

– Әрине, шетелдік туристердің саны ғана артып қоймай, ауқымы да ұлғайды. Бұған дейін елімізге келуші туристердің қалың шоғыры Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Әзербайжан, Қытай, Түркия елдерінен келсе, бүгінде үздік бестікке Үндістан, АҚШ мемлекеттері кіреді. Сондай-ақ Германия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Грузия, Малайзия, Ита­лия, Канада сынды елдерден келетін туристердің саны да артып келеді.

– Ішкі туризмнің жай-күйі қалай? Қай облыстарда көрсеткіш жоғары?

– Бұл жерде бір маңызды мәселені баса айтып кеткім келеді. Біз ішкі турис­тер санын тек орналастыру орындарына сәйкес есептейміз. Яғни орналасу орындарына (қонақүй, хостел, глемпинг, т.б.) тіркелмегендер статистикаға кірмейді. Ал биылғы алты айдың қорытындысында орналасу орындарына жүгінген ішкі туристер санының өзі былтырғы жарты жылдағы нәтижемен салыстырғанда 349 мың адамға артып, 3 миллион 431 мың адамға жетті. Ішкі туризмде Алматы (768 мың), Астана (520 мың), Шымкент (237 мың) қалаларында, Ақмола (222 мың), Алматы (212 мың), Маңғыстау (200 мың), Шығыс Қазақстан (178 мың) облыстарында жоғары көрсеткіш байқалады.

– Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) Бас хатшысы Зураб Пололикашвилимен келісімге келіп, Қазақстан мен UNWTO арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын бекітетін меморандумға қол қойды. Әріптестік аясында туризмді цифр­ландыру, білім беру, инновациялар, инвестицияларды ілгерілету, ауылды жерлердегі туризмді дамыту са­ласындағы ынтымақтастық қам­тылады екен. Нақты қандай жобалар жүзеге асырылады?

– UNWTO мен Туризм және спорт министрлігі арасындағы меморандум туризм саласын инклюзивті және тұрақты түрде дамыту мақсатындағы негізгі ынтымақтастық бағыттарын айқындады. Онда туристік бағыттардың тұрақты дамуы айқындалды. Еліміздегі әртүрлі туристік бағыттардың тұрақты дамуын қолдау, шетелдік қонақтарды тарту жөнінде жарнама жұмыстарын күшейтіп, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін әртараптандыру қамтылды. Туризм саласындағы тәжі­рибені жақсарту мақсатында цифрлық құралдар мен платформаларды енгізу, инновациялық технологияларды пай­далануға жәрдемдесу, сондай-ақ Аста­надағы туризмді цифрландырудың бірінші жаһандық хабын құруда бірлескен күш-жігердің арқасында смарт-туризмді дамы­туға қолдау көрсетуге басымдық беріледі.

Студенттер мен мамандарға халық­аралық қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейтін оқу әрі стипендиялық бағдарламаларды әзірлеу, сондай-ақ зерттеу орталықтарын, жаңа халықаралық академия құру мүмкіндігін қарастыру маңызды. Шығармашылық шешімдерді қолдау арқылы туризмдегі инновацияларды ынталандыру, осы мақсатта білім, тәжірибелі алмасу, сонымен қатар дарындылар мен кәсіпкерлерді тәрбиелейтін, туризм секторындағы өсуді, тұрақтылықты арттыратын инновациялық экожүйені дамыту қамтылды.

– Ішкі туризмді дамыту бағытында инфрақұрылымды өрістетуде нендей жаңашылдық енгізілді? Тозығы жеткен жолдар мен сын көтермейтін сервис сапасы жақсара ма?

– Уәкілетті жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес 61 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасады. Мем­лекет басшысының 13 маусымдағы тап­сырмалары аясында Алматы тау кластерінің, Маңғыстау, Бурабай ку­рорттық аймақтарының кешенді жоспарларын әзірлеу қолға алынды. Кешенді жоспар туризмді ұзақмерзімді дамытуда тұрақты базаны қалыптастыруға бағытталған стратегиялық құжатқа айналады. Жолдарды, жол бойын, инженерлік, көліктік инфрақұрылымды дамыту, интернет пен байланысты кеңейту сынды нақты ұсыныстар енгізілді. Кешенді жоспарға сәйкес табиғи ресурстар мен туристік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында тұрақты инфрақұрылым құру, оның туристерге тартымдылығын арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға басымдық беріледі.

– Туризм саласын дамытқысы келетін азаматтарды қолдауға қатысты жергілікті әкімдіктер іске асырып жат­қан жобалары бар ма? Олар өз нәти­жесін берді ме?

– 2022 жылдың басынан мемлекеттік қолдау аясында 7 салалық шара қолға алынды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 4 шара жүзеге асырылды. Кәсіпкерлік нысандарының са­нитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау жүргізілді. Туристік қызмет нысандарын салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік нысандары шығындарының бір бөлігін өтеуге қатысты 2 жыл ішінде 10 туристік нысанға өтемақы төленді, оның ішінде 1 балалар лагері, 1 санаторий, 4 қонақүй, 4 демалыс аймағы бар. Биыл әкімдіктер 39 өтінімді қолдады.

Кәсіпкерлік нысандарының жол бойындағы сервис объектілерін салуда шығынның бір бөлігін өтеу жөнінде былтыр – 10, биыл 13 өтінім мақұлданды. Туристік қызметті жүзеге асыратын кә­сіпкерлік нысандарын қолдау бағытында 2022 жылы – 2, былтыр – 8, ал биыл 2 тур­автобус сатып алынды.

– «Қазақстан: тумысынан қайсар» жобасы аясында еліміздің туристік әлеуетін көтеруге қатысты қандай іс-шаралар атқарылмақ?

– Этноспорт аламанының ашылу салтанатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшпелілердің тумысынан қайсар халық екенін паш етуінің астарында табиғи болмыспен қоса қонақжайлылық, ашықтық және жасампаздықпен үйлескен ұлы қасиет жатыр.

Көшпелі өркениет, оның мұрасы – нағыз туристік бренд! Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын тамашалауға келген жүз мыңнан аса қонақ елімізді, мәдениетімізді, спортымызды, болмысымызды танып білді. Бұл бізге мақтаныш әрі келешекте де туристердің салқар көшінің толастамауына серпін береді.

Көшпелілер – қонақжай ғана емес, қазір өзекті болып жатқан қоршаған ор­таға қамқор болу, саналы тұтыну, тұ­рақты даму қағидаларына негізделген өмір сал­тын жүргізген халық. Сондықтан біз де елі­мізді, кең-байтақ жерімізді әлемге жаңа туристік бағыт ретінде таныстырып қана қоймай, туризмді ілгерілетуге, оның ор­нық­ты дамуына айрықша назар аударамыз.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»