Мың бояулы Алматы туристерге несімен қызық? Осы сауалға нақты жауап табу мақсатында алғаш рет мегаполиске табаны тиген саяхатшылардың орташа статистикалық бейнесі жасалды.
Қазір Алматыға 50 бағытта тікелей әуе рейсі қатынайды, 82 мемлекеттің азаматтарына визасыз режім жасалған. Әлбетте, мұндай нақты шаралар туристер легінің өсуіне елеулі ықпалын тигізіп отыр.
Сонымен Алматыға келетін туристердің орташа статистикалық бейнесі қандай деген сауалға келетін болсақ, бұл сараптамаға «Almaty Tourism Bureau» Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының Алматы қалалық департаменті мұрындық болып, «Mastercard» қолдау танытқан. «Tourism Insights» аналитикалық платформасының мәліметтерін талдай келе, шетелдік туристердің басым бөлігі Алматыға достарымен келетінін, жалғыз саяхаттайтындар 26-35 жас аралығындағы ер адамдар екендігін анықтаған. Шетелдік қонақтар мәдени думандар мен экотуризмді қалайды десек, 42%-ы қонақүйлерге тоқтайды. Орташа алғанда, шетелдік меймандар Алматыда 5 күндей аялдап, күніне шамамен 334 доллар жұмсайды.
Ал ішкі туримзге келетін болсақ, бұл негізінен 18-25 жас аралығындағы ер адамдар, олар көбінесе туыстарының үйіне барады немесе хостелдерде тоқтағанды қалайды. Отандық туристер шамамен күніне 38 доллардай ақша жұмсап, 2 күндей қыдырады. Ал шетелдік туристердің өз еліміздің саяхатшыларына қарағанда шығындары 8,7 есеге көп. Демек осынша қаражат қалдырады деген сөз.
Жалпы, пандемиядан кейінгі Алматының туристік саласында тұрақты ілгерілеу бар. 2024 жылдың тек алғашқы жартыжылдығында Алматыға келген туристер саны 10,1%-ға артып, 1 070 358 адамға жетті. Шетелдік туристер сегментінде айтарлықтай өсім байқалып, олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға артып, 302 358 адамға жетіп отыр. Бұл еліміздегі жалпы турист ағынының 53,3%-ын құрайды.
Қысқасы, 2024 жылдың алғашқы сегіз айында Алматының туризмнен түсетін салығы 62,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 39,5%-ға өскен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 72,3%-ға артып, орналастыру орындары көрсеткен қызметтердің көлемі 32,5%-ға ұлғайды. Әлбетте, деректер Алматыға туристердің қызығушылығы артып келе жатқанын дәйектейді.
Тақырыпқа орайлас, қазірде Алматыда туристердің арқасында қанағаттану индексі туристердің арқасында 9,8%-ға өскенін де айта кетуге болады. Бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін құбылуы ғажап емес, алайда кері кете қоймас. Сонымен Алматыда туристердің қанағаттану индексі (GTPI) 9,8%-ға артып, 76,61-ге жеткен.
Туристік ерекшеліктерді талдау олардың көпшілігі Алматыға таулар мен табиғатты тамашалауға келетіндігін көрсетеді (43%). Өнер екінші орында (21%), белсенді өмір салты – 17%, азық-түлік пен сауда сәйкесінше 3%, 5%-ды құрайды. Алматы туристері Еуропа мен Азияны дастарқанда тоғыстыра алатын ұлттық тағамдарды да, гастрономиялық таңсық астардың дәмін де тата алады.
Мәселен, биылғы қаңтар-сәуір айларында ғана Алматы бағытына билеттерді брондау 69 мыңға дейін өскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 53,1%-ға артық. Брондау статистикасы жөнінен Түркиядан келгендер 24,3 мың (+32,5%), одан кейінгі орындарда – Оңтүстік Корея мен Біріккен Араб Әмірліктері.
Жыл басында Алматы бағытында билет іздеуде Үндістан, Қытай мен Түркия азаматтары көш бастап тұр. Mastercard мәліметтеріне сүйенсек, билеттерді белсенді түрде іздейтін әрбір миллион тұрғынға 526 адамнан келеді, бұл бұрнағы жылдан 172 адамға көп, ал билеттерді іздеу саяхатқа дейін 84 күн бұрын басталады.
Дегенмен Алматы туризмі туралы әңгіме қозғалғанда, айналып өтпейтін бір мәселе бар. Сөз жоқ, мегаполиске жолы түскен шетелдік қонақтар Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ шатқалдарын көрмей кетпейді. Тау туризміне әуес, экстремалды спорт түрлері мен тау-тас кезгенді сүйетін жиһанкездер Алматыға ат басын арнайы бұрады. Алайда тауда тұманды, жауынды кездерде кейде адасып кететін туристерді айтпағанда, қауіпті жағдайларға душар болып жататындары да табылады. Сондықтан қазіргі күндері альпинистер құтқарушыларды экстремалды жағдайда жұмыс істеуге машықтандырып жатқанына ерекше тоқтала кеткен жөн.
Мысалы, 2024 жылғы 5 қыркүйек пен 1 қазан аралығында «Тұйық су» альпинистік лагерінде республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларына «Бастапқы дайындық» бағдарламасы жөнінде оқыту жұмыстары өтті. Құтқарушыларды үйрету, баулу жұмыстары Алматы қаласының альпинизм федерациясының тәжірибелі нұсқаушыларының жетекшілігімен жүргізіліп жатыр. Бұл жобаға Алматы қаласының туризм басқармасы мұрындық болып отыр.
Оқу бағдарламасы құтқару операцияларының негізгі қағидаттары мен әдістерін меңгеруге, сондай-ақ төтенше жағдайларда ұйымдастыру, басқару дағдыларын дамытуға бағытталған теориялық, практикалық сабақтардан тұрады.
Теориялық дайындық барысында құтқарушылар құтқару операцияларын жоспарлаудың негізгі аспектілерін, қауіпті жағдайларды бағалауды, арнайы альпинистік құрал-жабдықтарды қолдануды, таулы жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету техникасын үйренбек. Құтқару топтары арасындағы өзара байланыс пен іс-қимылдарды үйлесімді жоспарлау мәселелеріне айрықша назар аударылатыны айтылған.
Ал тәжірибе жүзіндегі дайындықтар нақты таулы рельеф жағдайында 1-2 күрделілік деңгейіндегі Іле Алатауының классификацияланған альпинистік маршруттарында 3-разряд нормативін орындау арқылы іске асады. Бұл құтқарушыларға адам аяғы баспаған қиын әрі экстремалды жағдайларда жұмыс істеуге қажетті дағдыларды алуға мүмкіндік береді. Жаттығулар беткейлерге көтерілу, түсу, зардап шеккендерді эвакуациялау, арқан, басқа да арнайы альпинистік құрал-жабдықтарды қолдану арқылы құтқару операцияларын жүргізуге бағытталған.
«Бастапқы дайындық» бағдарламасымен құтқарушыларды дайындау Алматы таулы аймақтарында туристердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Оқыту нәтижесінде құтқарушылар төтенше жағдайларда жедел әрекет етіп, мегаполис қонақтары мен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.
АЛМАТЫ